Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков №5 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Әуелі округтің бас инспекторы Жуаныш Жарықбасов атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жұмыстары №5 аумақтық округі бойынша 15 көпқабатты тұрғын үйде өткізілді. Сондай-ақ «Қарасу» ықшамауданы мен «Қарасу» алқабында орналасқан №51 орта мектепке барар жолға жарықтандыру орнатылып, «Аса» ықшамауданы, №29 үйдің маңындағы шағын футбол алаңшасы жөнделді. Сондай-ақ көктем мезгілінде жарияланған 2 айлықта 9 рет сенбілік ұйымдастырылып, округке қарасты қалалық мекемелер мен жеке кәсіпорындар және кәсіпкерлік нысандары, қала тұрғындары қатысып, тұрғын үй аулаларына 200 түп жеміс тал көшеті егілді және 11 шақырым арық жүйелері тазаланып, қалпына келтірілді. Округ аумағында орналасқан жабайы коммерциялық жарнамалар, заңсыз дүңгіршектер, жабайы сауда-саттық, бейберекет тұрмыстық қалдықтар мен заңсыз қоршауларға тұрақты зерделеу жүргізіліп, құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп 122 әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Жуаныш Қалықбергенұлы.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы халықты толғандыратын басты мәселелер – балалар ойын алаңын орнату, тұрғын үйлерді жаңғырту және жолдарды жөндеу.
Бұл бойынша шаһар басшысы барлық мәселелер жоспарға сай шешілетінін жеткізді.
– Сіздер көтерген мәселелер маған жақсы таныс. Қазіргі таңда Тараз қаласының 2025 жылға дейін үш жылдық даму жоспары әзірленді. Облыс орталығындағы өзекті мәселелердің аталған құжатқа енгізілген. Мәселен, ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында осы аумақтық округтегі 21 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ «Қарасу-2» каналының бойында орналасқан 2 көпір де жөнделеді. Бұған қоса Саңырық батыр мен Шостакович көшелерін кеңейтуді де жоспарлап отырмыз. Бүгінде аулаларды абаттандыруға да ерекше күш салудамыз. Айталық, биыл 27 аула толығымен жаңаша кейіпке енеді. Солардың қатарында осы аумақтық округке қарасты «Аса» ықшамауданындағы №27, 28, 32 үйлердің де аулалары бар, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Жиыннан кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Құрбанәлі Шахабай

Comments (0)
Add Comment