Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде барлық деңгейдегі билік органдарының қызметінде негізгі басымдықтардың біріне айналды. Бұл бастама халықтың үніне құлақ асып қана қоймай, әр азаматтың талап-тілегіне дер кезінде жауап беруді, өзекті мәселелерді жергілікті жерде шешуді, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуды көздейді.
Осы тұжырымдама аясында еліміздің барлық өңірлерінде ашық диалог орнату, тұрғындармен бетпе-бет жүздесу, нақты мәселелерді жергілікті жерде тыңдап, жедел әрекет ету – күн тәртібінен түспейтін басты міндеттердің бірі болып отыр.
Бұл бағытта Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, жуырда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Қабылдауға келген азаматтардың негізгі басым бөлігі жер кезегі мен тұрғын үй кезегі бойынша сауалдарын жолдады. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық, әлеуметтік мәселелер – балалар ойын алаңшасын салу, тал кесу бойынша сұрақтар қойды.
Сондай-ақ тұрғындар тарапынан Халыққа қызмет көрсету орталығын салу үшін жер телімін беру және қоқыстың уақытылы шығарылуы жөніндегі маңызды сауалдар да көтерілді.
Қала тұрғындарыдың әрбір сауалына назар аударған шаһар басшысы зерделеу жұмыстарынан кейін заң аясында тиісті шешімдер қабылданатынын айтып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Құрмаш Қаптағай