Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

Соңғы жылдары жергілікті әкімдіктер бұқарамен байланысты бекемдеу мақсатында барынша ашық жұмыс істеуге көшті. Халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру өңірдегі қордаланған мәселелердің оңтайлы шешілуіне себеп болды.

Сәндібек Піренов

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың бастауымен «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған кезекті көшпелі қоғамдық қабылдаудың да өзегі – сол.
Шаһар басшысы бұған дейін жеті аумақтық округте болып, онда тұрғындардың сауалына байланысты тиісті бөлім басшыларына тапсырма берген-ді. Әрі қабылдауға келгендерді тіркеп, күрмеуі шиеленіскен жағдайларда азаматтармен қайта байланысқа шығып, ескертіп отыруды да ұмытпаған. Жүйелі жұмыстың нәтижесінен болса керек, өткен қоғамдық қабылдауда жағдайын айтып келген тұрғындардың ішінде әкімге алғыс айту үшін қайырылғандар да болды. Осы уақытқа дейін әр округ бойынша өтетін қабылдаудың уақыты әлеуметтік желі мен ақпарат көздерінде жарияланды. Ашық аспан астындағы кездесуде қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, құқық қорғау органдарының басшылары да болды. Демек, тұрғындар сұрағының жауабын есік қағып сабылмай-ақ табады. Мысалы, 6-шы мөлтек ауданда келінінің үйінде уақытша тұрып жатқан Күпан Әуезованы көршісі ертіп келіпті. Баласы өмірден озған соң, сексеннен асқан әжейдің барар жері, басар тауы қалмапты. Көршісінің айтуынша, пәтер кезегіне 2012 жылы тіркелсе, қазір 1342 болып тұр екен. Ал ол кезек тағы бірнеше жылсыз келмейтіні белгілі. Ал Күпан апа қазіргі жағдайына байланысты «шағын бір бөлмелі үй болса да жарар» деп әкімге ахуалын айтып берді. Бұған Ержан Жылқыбаев пәтер жайының бірден шешіле қоймайтынын ескертіп, уақыт беруді сұрады.
Шеткі аудандағы №29 мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы үш ауысыммен оқитын мектепке апаратын жолға жарық шамдарын, тротуар салып беруді сұрады. Оның айтуынша, аумақта бұған дейін зерделеу жұмыстары жүргізілгенімен, нақты жұмыс басталмаған. Осы ретте қала әкімі көшеде бағандар бар-жоғын нақтылап алып, бұл мәселе бойынша бұрын бірқатар қайшылықтар туындағанын айтты. Ержан Жылқыбаев Пірманов көшесін жарықтандыруды қолға алуды қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлына тапсырды. Баспана мәселесі бойынша әкімнен көмек сұрай келген Сымбат Жылқыбаева мүгедек бала тәрбиелеп отыр. Үй кезегіне тұрғанына тоғыз жылдан асыпты. Қазір 4-ші мөлтек ауданда арендалық үйде тұрады екен. Қала әкімі Сымбат Жылқыбаеваға жыл соңына дейін пәтер алатынын немесе «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша үйлі болатынын айтты. 6-шы мөлтек ауданның тұрғыны Елена Шитова Тараз қаласының полиция басқармасы бастығының орынбасары Мергенбай Қойкеновке түнгі сағат 00:00-ден кейін көшедегі балалар тыншымайтынын айтып, шара қолдануды сұрады. Бұған Мергенбай Қойкенов аталған аумаққа полиция қызметкерлерін жіберіп, жедел шара қабылдайтынын жеткізді.

Жалпы қоғамдық қабылдауда 50-ге жуық сауал қаралса, соның 80 пайызы тұрғын үй және коммуналдық шаруашылыққа қатысты болды. Ендігі кезде қала әкімдігі әрбір сұрақ бойынша кері байланысқа шығып, комиссия құрып, зерделеу жұмыстарына кіріспек.

Comments (0)
Add Comment