Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №11 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Басқосуда әуелі округтің бас инспекторы Ернұр Үдербаев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
– Ағымдағы жылы аумақтық округте атқарылған ауқымды жұмыстар баршылық. Айталық, «Жасыл желек» бағдарламасы бойынша «Көлтоған» алқабына 20 мың тал егілді. Сондай-ақ «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптары арқылы өтетін Байзақ батыр, Құмшағал көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Назқоңыр көшесі мен Ақжар, Ақсарай бұрылыстарына асфальт төселді. Сонымен қатар «Шаңырақ», «Жиделі», «Құмшағал» алқабындағы Ақжар, Үшқоңыр көшелерінде түнгі жарық шамдары іске қосылса, «Шаңырақ», «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптарына қоғамдық көліктер тоқтайтын аялдамалар орнатылды. Бұған қоса 2023 жылдан бастап «Құмшағал», «Көлтоған» алқап-тарынан қалаға қатынайтын №54 А қоғамдық көлігі жүргізіліп, Шөлдалада №2 қалалық емхананың медициналық қызмет көрсететін бөлімі ашылды. Қолға алынған ілкімді істер мұнымен шектелмейді. Мәселен, «Құмшағал» алқабында спорт кешені, «Казармада» 180 орынды орта мектеп, ал «Шөлдала» алқабында 300 орындық жайлы мектеп салынуда. Бұдан бөлек, округте ауыз су жүйесі және электрмен қамтамасыз ету бойынша құрылысы жұмыстары аяқталған аумақтарда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін «28 саяжай» алқабы бойынша 5 775 тұрғын үйге электр желілері тартылса, қосымша мердігерлер тарапынан 75 үйге есептеуіш құралдары орнатылды. Қазіргі таңда ауыз су және электр желілері тартылмай қалып кеткен үйлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тағы бір айта кетерлігі, округ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын арттыру бойынша оңды істер орындалуда. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың қорытындысына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік көмек алушылар саны 315 отбасыны құрап отыр. Оның 292-сі әлеуметтік көмек алса, 23-нің құжаттары кері қайтарылған, – деді Ернұр Әуезұлы.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы жұртшылықты ауыз су, жолдарды жөндеу, қоғамдық көліктерді көбейту, қаңғыбас иттерді жою сынды өзекті мәселелер толғандырады.
Барлық сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтынын баса айтты.
– Бұл округте шешілмеген мәселелер өте көп. Әсіресе округте ауыз су мәселесі өзекті болып отыр. «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала», «28 саяжай» алқаптарына ауыз су тарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде аталған аумақтарда құбыр жүргізу шаралары қызу жүруде. Бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС атқарып жатқан «Шөлдалаға» ауыз су тарту жұмыстары қазіргі кезде 90 пайызға орындалса, өзге алқаптар бойынша құрылыс 80 пайызға аяқталған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес аталған жұмыстарды ағымдағы жыл соңына дейін аяқтауға барынша ден қойып отырмыз. Ол үшін жауапты тұлғалар жұмыстың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстап, мердігерлердің өз міндеттерін тиянақты орындауын тұрақты қадағалауда, – деген Бақытжан Әмірбекұлы округтегі өзге де мәселелер қаланың үш жылдық даму жоспары шеңберінде өз шешімін табатынын жеткізді.
Кездесуден кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сауалдарымен қабылдады.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ