Тұрғындар талабы назарда

Өткен аптада қала әкімі шаһар тұрғындарымен кездесуді бастаған еді. Кездесу арнайы мектептің мәжіліс залында немесе спорт залда емес, көшеде, еркін форматта халықтың арасында өтуде. Бұл жолы шаһар басшысы «Арай» алқабы мен «Әуежайдың» тұрғындарымен кездесті.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Кездесуге қала әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен қызметкерлер, коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Алдымен сөз алған «Арай» алқабының тұрғыны Гүлсара Әуезова алқаптағы Ш.Руставелли көшесінің бойында заңсыз қызыл сызық бойына салынған 7 үйді бұзып, тұрғындарға жол ашып беруді сұрады. Сонымен қатар ол: «Атабаев көшесінің тұрғындары Майлықожа көшесінен электр жарығын заңсыз тартып, пайдаланып отыр», – деп электрлік қосалқы станциясын орнатып беруді сұрады.
Сонымен қатар кездесуде алқаптағы каналды тазалап беру, қоғамдық көліктердің бағытын реттеуді, балалар ойнайтын алаңша салып беруді сұрағандардың қатары көп болды. Алқап тұрғындарының айтуынша, мұнда қаңғыбас иттер көп екен. Оны аулаудың жолын қарастырып, осы мәселені шешуді де тұрғындар назарға алуды өтінді. Сондай-ақ Атабаев пен Баянов көшелерінің бұрышында жер бетіне шығыңқы орналасқан гидрантты алып тастауға және ұрлық фактілерін азайтуды қолға алуда жергілікті тұрғын көмек сұрады. Аталған мәселелер бойынша шаһар басшысы тиісті сала мамандарына тапсырмалар беріп, шешілетін мәселелерді бірден шешті.
Келесі күні Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев «Әуежай» алқабының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында «Әуежай» алқабының тұрғындары 2018 жылы тартылған электр желілеріне қосыла алмай отырғандығын жеткізді. Тиісті жобалаушы компаниялардың тек тіреуіш тартып, осында орналасқан 88 үйге есептегіш құралын қоса орнатылуын ұмытып кеткен. Тұрғындардың ендігі көтеріп отырғандары бұрынғы есептегіш құралдарын пайдалана беріп, жаңа жүйеге қосылуларын шешуді сұранды. Қайрат Әскербекұлы өз кезегінде инвестициялық бағдарлама бойынша есептегіш құралдарын әр тұрғын өздері сатып алуы қажет екендігін, бұл үшін бюджеттен қаражат бөлінбейтінін ашық айтты. Мәселені түпкілікті шешу үшін «Тараз электр жүйесі» мекемесімен бірлесе есептегіш құралдарына түгендеу жұмыстарын жүргізуді, түгендеу қорытындысы бойынша қажетті есептегіш құралдарын бір жерден көтерме бағамен сатып алып, қолжетімді бағамен монтаждау жұмыстарын жүргізетін мекемемен келісе отырып орнатуды ұсынды.
Алқапқа келген қала әкіміне тұрғындар бұдан өзге алқапта орналасқан төрт көшені асфальттап, балалар алаңшасын салып беруді сұрады. Қайрат Әскербекұлы ойын алаңшасын орнатып беруге уәде берді.

Comments (0)
Add Comment