Тұрғындар мәселесі оң шешімін табады

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, көтерілген мәселелерді тиісті мекемелердің басшыларына тапсырды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қабылдауға Тараз, Шу қалалары және Жуалы ауданының азаматтары келді. Шу қаласының тұрғыны Тұрбосын Қоянбаева баспана мәселесін шешіп беруді өтінді. Ол өзі асырап-бағып отырған жетім немересінің үй кезегінде тұруы себепті өзінің баспанадан тыс қалып отырғанын айтады. Кейуана осыдан біраз жыл бұрын қалалық әкімдікке барып, үй кезегіне тұру үшін арнайы өтініш жазғанымен, бүгінде кезекте тұрғандар қатарында болмай шыққанын айтып шағымданды. Мәселені жан-жақты сұрастырып білген облыс әкімінің орынбасары Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаевқа Тұрбосын Қоянбаеваның жазған өтінішін тауып, табылмаған жағдайда қайта құжат рәсімдеуге, баспанаға қол жеткізуге заң аясында көмек көрсетуді тапсырды.
Баспана мәселесімен қайырылған тағы бір азамат – Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген Тараз қаласының тұрғыны, 83 жастағы Ділдахан Аяпбергенов ақсақал. Өтініш беруші 2017 жылы ғана үй кезегіне тұрғандығы себепті кезектен тыс пәтер берілмейтінін айтқан Бекболат Серікбекұлы кезексіз үй кімдерге тиесілі екенін жан-жақты түсіндіріп берді. Сондай-ақ қарияны бағып-қағып отырған немересіне үй алу немесе үйін кеңейту қажет болған жағдайда Тараз қалалық әкімдігі арқылы мемлекеттік бағдарламаларға жүгіне алатынын хабарлады.
Ал Құмшағал ауылынан келген Орынбасар Тоқбергенов облыс әкімінің орынбасарына Өтемісұлы, Тайманов, К.Әзірбаев, Жандосов, Абай көшелерін жарықтандыру үшін уақытша жарықтың трансформаторын қойып беруге ықпал етсе деген тілегін жеткізді. Бүгінгі таңда Құмшағал ауылы Тараз қаласының меншігінде болғанымен, оған жарық беруді Жамбыл ауданы іске асырады екен. Сәйкесінше, трансформатор қою жұмысы Жамбыл ауданына, ал жұмысты үйлестіру Тараз қаласына тиесілі болып отыр. Қала мен ауданның осы мәселеге қатысты мамандарын арнайы шақырған Бекболат Орынбеков олардың да уәжін тыңдап көрді. Белгілі болғандай, нақтылы кезеңде тиісті жұмыстар басталған, зерттеу-зерделеу ісі аяқталған. Мамандар бұл шаруаны алдағы уақытта аяқтауға уәде берді.
Қоғамдық қабылдауға келесі болып келген Марина Қамысбаева өзінің ауыр отбасылық жағдайын айтып, мұңын шақты. Көпбалалы ана әкімнің орынбасарынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен жарының науқасына байланысты мүгедектігін рәсімдеп беруге көмек сұрады. Бұл мәселеге байланысты облыс көлемінде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндаған Бекболат Серікбекұлы тиісті мекеме өкілдеріне Марина Қамысбаеваның мәселесін заң шеңберінде оңтайлы шешіп беруді жүктеді.
Ал өткен жылы Жуалы ауданынан мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын ашқан Дамира Мұхамедғали аталған орталықты қажетті құралдармен қамтамасыз ету үшін несие алуға қол ұшын созса деген өтінішін білдірді. Жуалы ауданы әкімдігінің өкілдеріне нақты тапсырма берген Бекболат Серікбекұлы орталыққа қажетті 5 тігін машинасын демеушілер көмегімен 1 ақпанға дейін алып беретінін айтып, уәде етті.

Comments (0)
Add Comment