Қала әкімі Е.Жылқыбаевтың кезекті көшпелі қоғамдық қабылдауы «Шөлдала» алқабында жалғасты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Тараз қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қала басшысы 20-ға жуық тұрғынды жеке мәселелерімен қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі көгілдір отын, ауыз су, жер, қоғамдық көліктер бойынша мәселелерді көтерді.
Сондай-ақ, жарық мәселесін шұғыл шешуді өтінгендер де болды. Тұрғындардың айтуынша, қазан айы басталысымен наурыз айына дейін электр жүйесіне төлемді есептеуіш арқылы төлейді. Дегенмен есептеулерден кейін айтарлықтай айырмашылық байқалатынын алға тартып, қалалық желіге қостыруды сұрайды.
Ал алқап тұрғыны Д.Сарбашева қоғамдық көлік мәселесін көтеріп, автобус бағыттарын алқапта тартуды сұрайды. Айтуынша жаңа оқу жылы басталғандықтар балалардың кешкі уақытта мектептен қайтуы мәселе тудыруда. Себебі автобустардың бірі ерте тоқтап қалса, екіншісіне адам көп мінгендіктен оқушылар сыймай қалады.
Е.Жубаниязов есімді тұрғын қоқыс мәселесін көтерді. Айтуынша алқап тұрғындары қоқысты қайда тастаймыз деп бас қатырмайды. Кез-келген қоқысты үйіндінің үстіне тастау әдетке айналға. Себебі арнайы қоқыс жәшігі тапшы.
Бұдан бөлек, қабылдауға келгендер балалардың қауіпсіздігі үшін көшелердің бойында арнайы жол белгілерін және жасанды жол кедергілерін орнату мәселелерін де көтерді. Сондай-ақ, балаларға арнап спорт алаңын, шығармашылық орталығын және саябақ салу өтініштерін де жеткізді.
Көшпелі қабылдауда болған бірқатар азаматтың мәселесі жедел түрде шешімін тауып, тұрғындар көкейтесті сұрақтарына жауап алды.
Өз кезегінде қала әкімі қабылдауға келген әрбір тұрғынның мәселесін өз бақылауына алатынын айтып, мәселелерді шешу үшін жауапты сала басшыларына тиісті шараларды дер кезінде қабылдау туралы тапсырмалар берді.