Тұрғындар игілігі үшін

Шаһар маңындағы елді мекендердің инфрақұрылым мәселелері оңтайланып келеді. Атап айтқанда, қаладағы 78 шақырымды құрайтын 148 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жыл сайын қала әкімінің есебінде «Шалғай Қарасу» алқабының тұрғындары аумақтағы жол мәселесін жиі көтеріп, шағымдарын жеткізетін. Бүгінде тұрғындар тілегі қабыл болып, Прибалхашская көшесінен Анарбаев көшесіне дейінгі 520 метрді құрайтын жолға асфальт төселуде. 22 жыл бойы осы күнді күткен тұрғындар енді күз бен көктем мезгілінде балаларының мектепке балшық кешпей баратынын айтып, мәз-мейрам болуда. Тас жол толық төселіп болған соң, оқушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін Целиноград көшесіндегі балабақша мен мектеп аумағына дейін тротуар жүргізіледі. Мұндағы жол салу жұмыстарына жиырмаға жуық жұмысшы мен он шақты техника жұмылдырылған. Прибалхашская көшесінің тұрғыны Ғалымжан Әбипаев тас жолдың игілігін оқушылар мен ұстаздардың бірге көретінін айтып қуанды.
– Рас, біз бұл күнді 22 жыл күттік. Күз бен көктемде балаларым етіктен етік қоймайтын. Аяқтары күн сайын су болып, бір мезгілде 2-3 аяқ киім тоздыратынбыз. Ұстаздар да әбігерге түсетін. Енді тас жолда емін-еркін аяқты алшаң басып, мектепке баратын болды. Көлік қозғалысы да жеңілдейді, – дейді тұрғын.
Жолдың сапасына 3 жылға дейін мердігер компанияның өзі жауап береді. Егер көктем мен күзде тас жол үгіліп, шұңқырлар пайда болса, жөндеу жұмыстарын жауапты компания өз есебінен жүргізуге міндетті. Айта кету керек, биылғы жылы «Тайвань», «Арай» алқаптарының жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 600 миллион теңгеге қаланың көпқабатты тұрғын үйлері орналасқан шағын аудандардағы жол жабындыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Сол сияқты «Бурыл А, Б, В» тұрғын үй алқабының 26 шақырымды құрайтын 50 көшесіне 260 миллион теңгеге шағал тас төселіп жатыр. Бұл ілкімді істерге «Айя Сервис» ЖШС жауапты болып отыр. Бүгінде мұнда шағал тастардың бірінші қабаты салынуда. Алдағы уақытта техникалық талаптарға сәйкес екінші қабаты жүргізілетін болады. Нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі болғанмен, мердігер компания жұмыстарды мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр. Айта кететін жайт, шаһарда жөндеу жұмыстарын қажет ететін 870 шақырым жол бар. Биыл жыл соңына дейін осы жолдың 78 шақырымына асфальт төселеді. Ал өзге көшелер мен тұйықтарға тас төсеу мәселесі өз кезегін күтуде.

Comments (0)
Add Comment