Төтенше жағдайлар адамдардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне немесе қоршаған ортаға қауіп төндіретін күтпеген әрі жедел әрекетті талап етеді. Олар табиғи да, техногендік сипатта да болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ең алдымен 112 нөміріне хабарласып, құтқарушылардың көмегіне жүгінеміз. Олар қиындыққа қарамастан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп, қауіптің алдын алады.
Жаз айлары келгенде табиғатта өрт қаупі арта түсетіні белгілі. Күннің қатты ысуы, құрғақшылық пен жел өрттің тұтанып, кең аумаққа таралуына қолайлы жағдай туғызады. Мұндай сәтте еш кідіруге болмайды. Осы ретте Тараз қаласындағы Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері күнделікті қауіпсіздік үшін тынымсыз еңбек етуде.
Жуырда 112 нөміріне Тараз қаласындағы адам көп шоғырланған Ташкент көшесінде орналасқан «Shelby» кафе-барында өрт шыққаны жөнінде хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар ас үйге жапсарлас салынған бір қабатты ғимараттың шатыры жанып жатқанын анықтады. Жалпы аумағы шамамен 80 шаршы метрді құраған қызыл жалын тұрғын үйлер мен өзге де қоғамдық тамақтану орындарына қауіп төндірген. Алайда сала мамандарының кәсібилігі мен қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында өрт тез арада оқшауланып, үлкен зардаптың алдын алынды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Тараздық төтенше жағдайлар қызметі құтқару жұмыстарымен қатар, қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысып келеді. Мысалы, олар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткен сенбілікке атсалысты. Шара барысында бекітілген аумақтар тазаланып, шөптер шабылды, қоқыстар мен құрғаған ағаштарды ретке келтірілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай облыстық департамент бөлімшелері арасында «Гүлденген гарнизон» байқауы басталды. Осыған байланысты Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері белсенділік танытып, гүл отырғызып, өз аумағын абаттандырды. Сондай-ақ бұл бастамадан Тараз қаласындағы №20 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері де тыс қалмады. Олар байқауға белсенді түрде атсалысып, аумақты тазалап, гүлдер отырғызып, сәндік бұрыштар ұйымдастырды.
Жалпы, бұл бастаманың мақсаты – тек аумақты көгалдандыру ғана емес, сонымен бірге қызметкерлер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, ұжымдық рух пен бірлікті нығайту.
Сонымен бірге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде ағымдағы жылдың бірінші жартысындағы жұмыс қорытындыларына арналған кеңес өтті. Жиында төтенше жағдайларға әрекет ету, өрттің алдын алу, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, жеке құрамды даярлау және халықпен байланыс бағыттары бойынша есептер тыңдалып, жедел ахуалға талдау жасалды. Департамент басшылығы бірқатар оң нәтижелерді атап өтіп, қызметкерлерге алғысын білдірді. Сонымен қатар жауаптыларға тұрмыстық өрттердің алдын алу, жергілікті жерлердегі жұмысты күшейту және алдағы жылыту маусымына дайындық жүргізу сынды нақты міндеттер жүктеді.
Қорыта айтқанда, осындай іс-шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және адамдардың өмірін сақтауға үлкен мүмкіндік береді.
Карина КАРТАШОВА,
облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,
азаматтық қорғау аға лейтенанты