Тұрғындар Ashyq қосымшасын жою үшін соттасып жатыр

Заңгерлер мен құқық қорғаушылар бағдарламаның заң бұзатындығы жөнінде сотқа бір емес, бірнеше рет жүгінген. Express Qazaqstan тілшісі осындай белсенділердің бірімен тілдесіп, сотқа нақты қандай талап қойып отырғандарын сұрады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Алматы облысындағы қоғам белсендісі Елена Моисеева өзіне 200-ден астам адам келіп, көмек сұрағанын айтады. Олардың барлығы Ashyq қосымшасын пайдалану кезінде көптеген қиындықтарға тап болған.

Адамдардың көбі вакцина алуға болмайтын адамдардың «көк» түсті статусына қатысты арыз айтып келді. Екінші мәселе — ПТР тест оң нәтиже берген соң, адамның статусы «қызыл» түске тек 4 күннен кейін ауысады,

—дейді қоғам белсендісі.

Елена Моисеева карантиннен шыққан адамдар ПТР нәтижесі теріс болса, «көк» немесе «жасыл» түсті статусты тағы күтеді дейді. Оның айтуынша, осы себепке байланысты кез келген тарап айыппұл арқалауы мүмкін. Яғни, шын мәнінде адамның дені сау, бірақ, Ashyq қосымшасы ол әлі коронавируспен ауырады деп, «қызыл» түсті көрсетеді.

Көп адам Call-орталыққа телефон шала бастайды, бірақ, ол жақ өкінішке қарай көмектесе алмайды. Өйткені ПТР тест нәтижесі коронавирус жоқ деп көрсетіп тұрғанымен, қосымша «қызыл» мәртебе көрсетсе, ол адам айыппұл арқалайды,

—дейді ол.

Сондықтан, халық Ashyq қосымшасының осындай проблемаларына шыдағысы келмейді, сотқа жүгініп, бас мемлекеттік санитар дәрігердің қосымшаны енгізу туралы қаулысына қарсы шығады. Дәл қазір сотқа толық құжат жиналған, яғни, қате мәртебе көрсеткен кездегі скриншоттарды қоса алып жүрген адамдардың саны 19-ға жеткен. Елена Моисееваның айтуынша, тағы 45 адам осындай құжат жинап жатыр.

28 қазан күні сағат 10.00-де Ashyq қосымшасына қатысты үшінші сот отырысы өтеді. Біз Ashyq құжаттамасы бойынша талап арыз түсірдік, сот оны қанағаттандырды. Тағы екі арыз бүгін сотқа кетеді,

—деп хабарлады Моисеева.

Айта кетейік, Ashyq қосымшасы елдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылап отыру үшін жасалған. QR-кодты сканерлеген адамның смартфонынан «жасыл», «көк» және «қызыл» түсті статустар шығады. «Жасыл» түсті статусы бар адам дені сау, «көк» түсті статусы бар адам нейтралды, «қызыл» түсті статусы бар адам қауіпті болып саналады.

Comments (0)
Add Comment