Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте келелі мәселелер қаралды. Әуелі Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков шаһар бюджетінің 2023 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен болжамды орындалуы туралы баяндады. Келесі кезекте Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі Жандос Ордабаев мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің өту барысына кеңінен тоқталды.
Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде қазына қаржысын игеру мен мемлекеттік сатып алуда заң бұзушылыққа жол бермей, жүйелі жұмыс жүргізу керектігін баса ескертті.
Сондай-ақ шаһар басшысы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында мәдени іс-шараларды көбейту керектігін де айрықша атап өтті.
– Қаламызда көрікті саябақтар өте көп. Қазір күн жылығандықтан онда ағылған халықтың да қарасы қалың. Алайда, оларды қызықтыратын бірде-бір іс-шара ұйымдастырылып жатқан жоқ. Мәдени-көпшілік шараларды тек мереке күндері ғана ұйымдастыру шарт емес. Сенбі, жексенбі күндері де жұртшылық көп жиналатын орындарда осындай шараларды өткізген жөн. Сондықтан кешенді жоспар әзірлеуді тиісті бөлім басшыларына тапсырамын, – деді қала әкімі.
Аппараттық кеңесте абаттандыру, санитарлық тазалық және көріктендіру бойынша көктемгі екі айлық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, қоғамдық-саяси ахуал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй қорын жаңғырту сынды мәселелер де назардан тыс қалмады.
Сонымен қатар жиын барысында Наурыз мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастырған бірқатар аумақтық округтердің инспекторлары қала әкімінің Алғыс хатына ие болды.