Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер қаралды.

Айталық, 2020 жылдан басталған «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша жамбылдықтар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналып 338 үй салды. Осы жылы 106 баспанаға мұқтаж отбасы баспана игілігін көреді деп жоспарланған.

Аймақ басшысы өз сөзінде аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, оларды тұрақты табыспен қамтамасыз етуді тапсырды.

Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 4 208 пәтерлі 68 көпқабатты үйдің құрылысы қолға алынып, оның 2 260 пәтерлі 34 үйі пайдалануға берілген.

Сондай-ақ биыл «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» жобасы аясында облыста жалпы сомасы 11,6 миллиард теңгеге 3 689 пәтерлік 70 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін 2 564 пәтерлік 45 үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Бұдан бөлек жеке инвестиция есебінен 435 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс қолға алынған.

Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы 71 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 8,4 миллиард теңге бөлінген. Соның нәтижесінде кезекте тұрғандар жаңа аумақтардан 869 жер телімін алады.

Облыс әкімі уәкілетті органдардың құрылыс сапасын қатаң бақылау қажеттігіне назар аударды.

– Барлық учаскелердегі құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Сонымен қатар бюджеттік қаражатты үнемдеп игеруге назар аударыңыздар. Мемлекеттік бағдарламалардың тетіктерін тиімдірек пайдалану қажет, – деп түйіндеді сөзін Нұржан Молдиярұы.

Жиын барысында суару арналарын жөндеу және вегетациялық кезеңге дайындық мәселелері де талқыланды. Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК облыстық филиалының қызметін сынға алып, аудан әкімдеріне бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment