Түнгі қала неге қараңғы?

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тапсырмасымен қала әкімдігіне қарасты тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынов пен қала аумағының бас инспекторлары облыс орталығындағы көшелердің істен шыққан жарық шамдарын анықтап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастады.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Сәкен Абжапаров

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Nur Otan» партиясының қалалық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда тұрғындардың тілек-өтініштерін тыңдап, соған байланысты шаһардағы жарықтандыру, тазалық, канал жүйелері төңірегіндегі мәселелерді шешу мен бақылауда ұстау бойынша қала әкіміне нақты тапсырмалар жүктеген еді. Асқар Исабекұлы қала бойынша 700-ден астам көше-бұрылыстардың анықталғанын, жалпы шаһардағы 1500 көшеге зерделеу ұйымдастырып, толығымен жарықтандыру шараларын уақыт созбай орындаудың маңыздылығына да тоқталған болатын. Өз кезегінде қала әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығындағы көшелердің жарықтандыру жүйелерін жіті тексеріп, олқылықтардың орнын толтыруды ә дегеннен-ақ бастап кетті.
Қала аумағын аралау барысында Қойгелді көшесіндегі «Түрксіб» сквері көзге оттай басылды. Қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынов жарықтандыру жүйесі бойынша жоспарына енгізетін нүктелерді белгілеуді осы жерден бастады. Рейд барысында «Шалғай Қарасу» ауданында жарық мәселесі тұрғындарды әлі күнге алаңдатып отырғанын байқадық.
– Шалғай Қарасудың ең негізгі деп саналатын көшелеріне жарық шамдары орнатылған. Бірақ солардың ішінде істен шыққандары да бар. Жанбай тұрған шамдарға кешкі уақытта белгі қойып, күндіз сол белгілер арқылы ақауларды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Кеше бір күннің ішінде бізге қарасты аймақтың 770 жарық шамын қарап, оның 226-сы жанбай тұрғанын анықтадық. Енді біз ол жұмыстардың тиянақты атқарылуын қадағалайтын боламыз. Біздің аумаққа қарасты Ақтөбе көшесі мектеп пен жаңадан бой көтеріп жатқан жеке меншік үйлерді байланыстыратын бірден-бір көше болып табылады. Десе де, түскі ауысымда оқитын балалар кеш бата осы көшемен өтуге мәжбүр. Шалғай Қарасу тұрғындарының осы секілді басқа да маңызды көшелерді жарықтандыру мәселесін көтеріп жүргеніне де көп уақыт болды. Келер жылы осы аумақтағы маңызды көшелер жарық жүйесімен қамтылуы керек. Тек мұны жыл басындағы жоспарға енгізу керек, – деді №10 аумақтық округтің бас инспекторы Қанат Нұрланов.
– Бүгін біз қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тапсырмасы бойынша аумақтық округтің инспекторларымен бірлесе жалпы қала көшелеріндегі жарықтандыру жүйесін қарап шықтық. Нәтижесінде анықталған кемшіліктерге байланысты барлық жұмыстарды 2020 жылдың бюджетіне енгізіп, оң шешім қабылдаймыз, – деді Зият Тұрсынов.
Қала тұрғындарының көптен бері тарқата алмай жүрген түйткілі тиісті мекемеге жетіп, көтерілген мәселе өз шешімін тапты. Енді келер жылға қойылған жоспарларға сәйкес сала мамандары тиесілі жұмыстарды өз деңгейінде орындайды деп сенеміз.

Comments (0)
Add Comment