Тұмау – адамдар арасында берілетін және денеге енгенде тыныс алу жүйесінің жасушаларына, яғни мұрын мен тамақ қуыстарына және өкпеге шабуыл жасайтын көп тараған жұқпалы аурулардың бір түрі. Қазіргі таңда ауа райының құбылмалы болуына байланысты ел арасында эпидемиологиялық кезең жүруде.
Вирус бізге жұққан жағдайда симптомдар адам үшін ауыр болғанына қарамастан, әдетте денсаулығының үлкен асқынуларына әкелмейтін белгілерден басталады. Қалай болғанда да, 65 жастан асқан адамдарда, 5 жасқа дейінгі балаларда, жүкті әйелдерде, иммунитеті төмен адамдар арасында және неғұрлым ауыр клиникалық көріністен өтуі мүмкін жандарда қауіп белгілерін тудыруы мүмкін. Себебі тұмау вирусы маусымдық түрде бүкіл әлем бойынша таралады және оның ең үлкен проблемаларының бірі үнемі мутацияға түсу қабілеті, яғни тұрақты пайда болатын штаммдарды тудырады.
38°C-тан жоғары температура, бұлшықеттердегі ауырсыну, тамақтың ауыруы, шаршау мен әлсіздік, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, бас ауруы, мұрынның бітелуі, қалтырау, бұлшықеттердің тартылуы, шамадан тыс терлеу сияқты симптомдар тұмауда жиі кездеседі. Сонымен қатар тұмаудың асқынуы да болады. 65 жастан асқан ересектер, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, астматиктер, иммунитеті төмен адамдар (әсіресе СПИД-ке байланысты), қатерлі ісікпен, қант диабетімен ауыратындар, жүрек, бүйрек және бауыр аурулары бар адамдар тұмау да аса ауыр жағдайда өтеді. Оларда тұмау пневмония сияқты басқа ауруларға ауысуы мүмкін. Бұл – сезімтал адамдар үшін өте ауыр дерт. Сол сияқты демікпесі бар адамдарда астма ұстамасының асқыну қаупі жоғары, ал жүрек жеткіліксіздігі бар емделушілерде жағдайының күрт нашарлауы байқалуы мүмкін.
Әрине, ауруды 100 пайыз алдын ала жұқтырмау мүмкін болмаса да, қауіпті азайтатын кейбір әдістері бар.
1. Ең тиімді әдісі – тұмауға қарсы екпе алу.
2. Эпидемия кезінде адамдармен байланысты мүмкіндігінше азайту.
3. Бөлмені, үйді жиі желдетіп, ылғалды түрде жиыстыру.
4. Мұрын қуысын шырышты қабығын интерферонды қолдана отырып, 0,25 пайызды оксалин майымен майлап қою.
5. Сарымсақ, пияз, сонымен қатар құрамында С дәрумені бар өнімдерді көбірек пайдалану.
6. Таза ауада жүйелі түрде серуендеу, дене шынықтырумен және спортпен жиі айналысу.
7. Тұмаумен ауыратын науқасты басқалардан оқшалау.
Жалпы тұмаудың емі жоқ. Сол үшін дененің онымен өзіндік күресуін күту керек. Дені сау адамдар үшін бұған шамамен бір аптадан кейін қол жеткізеді. Ең жақсы ем – төсекте демалу, көп сұйықтық ішу және симптомдарды жеңілдету үшін ибупрофен қабылдау. Бұдан басқа, вирусты мерзімінен бұрын жоюдың жолы жоқ. Біз денеге уақыт беруіміз керек. Ең бастысы, асқындыруға дейін жеткізбей, жақсы күтім алу міндетті.
Көптеген адамдар жеңіл тұмаумен бірнеше күн ғана ауырады. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, кейбіреулерде бұл кесел асқынып кетеді.
Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу – бұл адам ағзасына ауру тудыратын инфекция болдырмауға бағытталған шаралар кешені. Оған қарсы профилактикалық қорғаныс әдістері спецификалық және спецификалық емес болып бөлінеді.
Тұмаудың спецификалық профилактика- сы – халықты жыл сайын вакцинациялау. Оның вирустары мутацияға бейім болғандықтан, вакцина жыл сайын түзетіледі.
Заманауи вакцина ересектерде де, балаларда да 80 пайыз жағдайда тұмаудан ғана емес, сонымен қатар асқынулардан және өлімнен де қорғай алады.
Тұмау мен ЖРВИ-дің спецификалық емес әді- сі – жалпы шаралар кешенін сақтау. Ол үшін бөлмені желдету, дұрыс тамақтану, маскаларды қолдану, қолды жуу, дәрі-дәрмектерді қабылдау, адамдар көп жиналатын жерлерде қашықтықты сақтау керек. Жеке гигиенаны сақтау да аса маңызды. Егер тұмау жұқтырған адаммен үнемі байланыста болсаңыз, қолды сабынмен бірнеше рет жуып тұрған дұрыс. Мұрынды шаюды да ұмытпаған жөн! Мұны тұзды ерітіндімен (бір литр суға 1 шай қасық тұз) немесе дәріханаларда сатылатын арнайы тұзды спрейлермен жасауға болады.
Вирус жылы және шаңды бөлмелерді жақсы көреді, сондықтан ылғалды тазалауға және желдетуге уақыт бөлген жөн. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерден аулақ болу керек. Осы кезеңде театрларға, цирктерге, кафелерге және жұқтырған адамдар болуы мүмкін жерлерге барудан бас тартқан дұрыс.
Тұмау мен ЖРВИ-ді емдеу үшін тұмаудың клиникалық белгілерін жеңілдететін және аурудың ұзақтығын орта есеппен 1,5-3 күнге қысқартатын дәрі-дәрмектерді қолдану қажет. Олар: дене температурасы жоғарылаған сәттегі қызу түсіретін, тамақ ауруы кезіндегі жергілікті антисептиктер және қабынуға қарсы препараттар және жөтел кезінде қақырық шығаратын дәрілер.
Вирусқа қарсы препараттарға келетін болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауды емдеу үшін балаларға, ересектерге және жүкті әйелдерге арналған оселтамивир препаратын бекітті. Бұл препаратпен емдеу ауру басталғаннан кейінгі алғашқы 48 сағат ішінде қабылданған жағдайда ғана тиімді болады.
Бір сөзбен айтқанда, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда!
Дүйсекүл Керімбаева, қалалық №6 емхананың бас дәрігері