Тұмау маусымы басталды: сақтық шараларын ұмытпаңыз!

Күз бен қыстың қытымыр мезгілінде тұмау дерті өз «маусымын» бастайды. Бұл – тыныс алу жолдарын зақымдайтын, тез таралатын вирустық инфекция. Көп жағдайда адамдар оны жай суық тиюмен шатастырады. Алайда тұмаудың ағзаға тигізер зияны әлдеқайда күшті екенін естен шығармау керек.

Тұмау вирусы ауа арқылы тарайды: науқас адам жөтелгенде немесе түшкіргенде вирустар микроскопиялық тамшылармен бірге сыртқа шығып, сау адамдарға жұғады. Әсіресе балалар мен қарттар, иммунитеті әлсіз адамдар ауруға тез шалдығады.
Аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшық еттің ауруы, жөтел, тамақтың жыбырлауы және жалпы әлсіздік.
Мұндайда өзін-өзі емдеуге тырыспай, дәрігер кеңесіне жүгінген жөн. Себебі тұмау асқынған жағдайда бронхит, пневмония, тіпті жүрек пен бүйрек ауруларына әкелуі мүмкін.
Жалпы Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың айтуынша, ЖРВИ-мен ауырғандардың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр екен. Ал тұмаумен ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 80,7 пайызды құраса, ересектердің үлес салмағы – 19,3 пайыз.
– Ағымдағы жылдың 1 қазанынан 30 қазаны аралығында облыстың медициналық ұйымдарына 30 046 адам жүгінген (өткен жылы – 27 692). Аурушаңдық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайызға өскен. Коронавирус пен метапневмовирустық инфекция жағдайлары, сондай-ақ өлім-жітім тіркелген жоқ. Облыс бойынша 714 инфекциялық төсек дайындалған, оның 28 пайызы ғана толтырылған. Сондай-ақ 60 реанимациялық төсек бар (жүктеме – 7 пайыз). Медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмекпен, жеке қорғаныс құралдарымен және жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. ЖРВИ және тұмаумен ауырғандарды үй жағдайында 150 мобильді бригада қарап, ПМСП ұйымдарында фильтр-кабинеттер мен изоляторлар жұмыс істейді. Тұмаудың алдын алу мақсатында облыста 123 мың доза вакцина сатып алынып, 99 430 адам егілді. Оның ішінде 10 516 медицина қызметкері, 3 357 жүкті әйел, балалар үйлеріндегі 110 жетім бала, қарттар мен мүгедектер үйлерінің 1 123 тәрбиеленушісі және басқа да тәуекел тобына кіретін тұлғалар бар.
Сонымен қатар 15 073 бала пневмококк инфекциясына қарсы толық егілді. Облыста тұмау мен пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасуда, – дейді облыстың бас дәрігері Сержан Назарбек.
Соңғы күндері облыс бойынша ЖРВИ жағдайларының өсуі байқалып отыр. Бір тәулікте жұқпалы аурулар ауруханасына 281 науқас қаралған. Оның ішінде 72 адам ауруханаға жатқызылып, 209 пациентке консультациялық және амбулаториялық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберіліпті.
– Бұған дейін тәулігіне орташа есеппен 150-180 адам келіп жүрген болатын. ЖРВИ жағдайының көбею мүмкіндігін ескере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдын ала іс-қимыл жоспарын бекіткен. Бұл жоспар үш кезеңнен тұрады. Сол бойынша жұмыс жасалып жатыр. Бүгінгі таңда төсек қоры жеткілікті, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер толықтай жұмысқа жұмылдырылған. Барлық алгоритм нақты бекітілген, ахуал жіті назарда. Соңғы тәуліктерде тұрғындардың ауруханаға тікелей ағылуы байқалуда. Көптеген науқастар емханаларға бармай, бірден инфекциялық ауруханаға келіп жатыр. Бұл жағдай кезек пен наразылықтың туындауына себеп болуда. Барлық емханалар кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. ЖРВИ белгілері бар әр науқастың міндетті түрде ауруханаға келуі шарт емес. Көп жағдайда отбасылық дәрігер немесе емхана деңгейінде көмек көрсету жеткілікті, себебі аурудың 80 пайыздан астамы жеңіл түрде өтеді және амбулаториялық емдеуді қажет етеді. Тұрғындардан ең алдымен өз емханасына, отбасылық дәрігерге жүгінгені дұрыс. Бұл медициналық ұйымдардағы жүктемені азайтып, ауыр жағдайдағы науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сағыныш Нұрғабылова.
Сонымен бірге облыста коронавирусты инфекция және тұмау тектес басқа вирустар (риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус сияқты) айналымы жүруде екен.
Осыған орай бас дәрігер ата-аналарға балаларды көпшілік орынға жібермеуді, уақытында вирусқа қарсы екпе алуға шақырды.
– Бұл вирустық инфекция, көбіне тыныс жолдарын зақымдап, баланың жалпы жағдайын әлсіретеді. Кішкентайдың мазасызданып, дене қызуының көтерілуі, мұрын бітеліп, жөтел мен тамақ ауруының пайда болуы – тұмаудың алғашқы белгілері болуы мүмкін. Ата-аналар ең алдымен сабыр сақтап, баланың жағдайын мұқият бақылауы қажет. Егер дене қызуы 38°C-тан жоғары болса немесе бала тамақ ішуден, су ішуден бас тартса, міндетті түрде дәрігерге жүгінген жөн. Өзін-өзі емдеуге тырыспай, маманның нұсқауын орындау – бала денсаулығының кепілі. Үй жағдайында баланың бөлмесін желдетіп, ауа ылғалдылығын сақтау маңызды. Балаға жылы сұйықтықтар – шәй, сорпа, компот беру, тыныштық пен ұйқыны қамтамасыз ету ағзаның тез сауығуына көмектеседі. Ал вирустың таралуын болдырмау үшін баланы басқа балалармен байланыстан уақытша шектеу дұрыс шешім болады. Тұмаудың алдын алу – ең жақсы қорғаныс. Маусымдық екпе алу, дұрыс тамақтану, серуендеу және жеке гигиена ережелерін сақтау арқылы баланың иммунитетін нығайтуға болады, – дейді Сағыныш Қабылтайқызы.
Тұмау – маусым сайын қайталанып отыратын, бірақ салдары елеусіз қалдыруға келмейтін дерт. Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алдын алу шараларын ұстанса, вирустың таралуын да, асқынуын да тежеуге болады. Денсаулық – өмірдің ең қымбат қазынасы. Сондықтан тұмаудан сақтану – өзіңе және жақындарыңа деген қамқорлықтың айқын көрінісі.

Зере ҚУАНЫШ

Comments (0)
Add Comment