Тұма жырдың тұнығы – Томанов

Жыр әлеміне жасындай жарқырап келіп, отты өлеңдерімен қазақ әдебиетіне олжа салған ақындар аз емес. Қанында бар қара өлеңді туа біткен талантымен түрлендіріп, ғаламат биікке көтерген ақжал ақындардың көбінің ғұмыры қысқа болды, әттең. Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Бауыржан Үсенов… санай берсек, саусақтың санын бүгеміз. Осы қатарда қасиетті Талас топырағының тумасы Серік Томанов та бар. Ақын тірі болғанда биыл 70 жастың асқарына қонар еді. Газетіміздің кезекті санында сері ұлын сағынған оқырманға ақынның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.


Жырым – менің жүйрігім…

Әбзелдерін әзірлеп таққан асыл,
Жалын сүзіп, жырымды баптағасын.
Шарт түйдім де құйрығын, қоя бердім,
Қаратып халық тұрған жаққа басын.

Жырым менің, жанардан жас парлатып,
Заула, жолдың құм-шаңын аспанға
атып.
Көзі шығып көлдердің шарасынан,
Таулар тынып қалсын бір, тастар қатып.

Заула, жырым, жер шарын айнала шап,
Тұяқтарың талмасын ойған ошақ.
Жетеріңді сеземін жүректерге,
Орта жолда ор құшып, жайрамасаң.

Заула, жырым, тоқтамай ұш ілгері,
Жарты жолда қалмасын күшің кеміп.
Жаралы жүректерге дем беріп өт,
Ортайып қалсын қайғы ішіндегі.

Жүйткі, жырым-жүйрігім, желқанатым,
Жеткіз, жылдам жыраққа кең дала
атын.
Қазақтың қиыры кең даласында
Ақын барын жер жайлы толғанатын.

Заула, жырым, белдерден батыл асқын,
Сен үшін мен жанымның отын аштым.
Тек жетіп жығылғайсың жүректерге
Балтасына жолықпай Батыраштың.


Арылмас мұңым бар менің

Арылмас мұңым бар менің,
Жанарға жасымды ірікпен.
Аштықтан қырылған елдің,
Сүйегін басып жүріппін.

Аттасам аңғал ниетпен,
Ауырлар мұңым батпандай.
Көмусіз қалған сүйектер,
Күтірлеп сынып жатқандай.

Ешкімді қостатпан көр деп,
Дала бұл – Қабір жайланған.
Сүйемдей бос жатқан жер жоқ,
Сүйекпен жабылмай қалған.

Аруаққа қараған жанмын,
Мен деме сатқын албастың.
Сыртқы елге дала-бабамның
Сүйегін бастыра алмаспын.

Кешір сен, асылды бассам,
Киелі шаңырақ – төрім.
Ешкімді басындырмаспын,
Алашым – аруақты елім!


Самайымда ақ қырау

Самайымда ақ қырау,
Маңайымда бақ сынау.
Тойлағаным тәттілеу,
Ойлағаным ащылау.

Көздерімде көлеңке,
Сөздерімде кең өлке.
Келтірмеңдер маған сөз,
Өлтірмеңдер мені ерте.

Маңдайымда мың қатпар,
Таңдайымда түрлі ақпар.
Мұңдарым мен мың батпан,
Сырларымды тыңдап қал.

Уа, тыңдап қал, тыңдарман,
Бекерден-бекер тұлданбан.
Арттағыға сөз қалсын,
Өтер де кетер бұл жалған.


Саған…

Өзіңсің есіл-дертім,
Сорым болар екенсің, несін көрдім?!
Өзің хандық етерсің өз бағыңа,
Өзегімнен жалынды өшірген күн.
Оған дейін ол бақтың елесі – мен,
Төресі мен қарайтын төбесінен.

Бағбаны да өзіммін баптайтұғын,
Әуре болып, әйтпесе, неге өсірем?
Сағыныштың түсіндей сары бағым,
Сәл көрмесем, мен сені сағынамын.
Мен деп сана Мәжнүннің жолын қуған,
Жабырқаулы жан көрсең жаны жарым.

Жақсы көрдім мен сені алабөтен,
Бақытымды бақиға ала кетем.
Жақсы жырды жаздырған жанның өзі,
Жығылмайтын жүректің жалауы екен.


Қаламақы хақында…

Тиын санап жолына, көлеміне,
Қаламақы алмаймын өлеңіме.
Жазғандарым жүрекке жетсе болды,
Басқа маған байлықтың керегі не?

Өзім қожа қашанда өз бағыма,
Ақы алмаймын сондықтан жазғаныма.
Маған сол да жетеді, жүректерге
Жылу беріп жырларым маздады ма?!

Ақы алмаймын жазылған жырларыма,
Қызықпаймын ешкімнің пұл, малына.
Маған сол да жетеді
Жырымды оқып,
Жылағанның көз жасы құрғады ма?!

Айырбастап алтынға жездерімді,
Саудаға сап жүргем жоқ сөздерімді.
Одан өткен байлық жоқ, жазғанымнан
Оқырманым сезінсе өзге мұңды.
Тоқсан тарау өмірдің торабында,
Одан өткен бақытты табамын ба?
Жырым тегін жұрағат, халқым үшін
Қаламақым – халқымның қабағында.


Теректің шешімі

Мен – терекпiн,
Тоналып, тозған бүгiн.
Күзi жеткен жайдары жаздан бұрын.
Tipi өлiктей түнерiп тұрғанша бұл,
Қопарыла құлайын, қозғал, дiңiм!

Қозғал, дiңiм,
Қинама, құлат мені.
Ұзынымнан түсейiн сұлап кері,
Мазалауын қоймай тұр мына бiр жел,
Бiтпеген бе, бәтшағар, сынап тегі.

Қозғал, дiңiм,
Құлайын жаңқаланып,
Күн кешкенше құр бекер қаңқа бағып.
Қарық болсын қысқы отын табылды
деп,
Қожайыным қолына балтаны алып.

Қозғал, дiңiм,
Қалған жоқ таңданар түк,
Қашанғы тұрам саған салмақ артып.
Сүйретiліп құр сүлде күн кешкенше,
Жалын болып лапылдап жанған артық!


Рухани кереңдерге арналған
жыр немесе Абайға жүгіну…

Құлағыңа қу өлең сіңбей қалып,
Отырсың ба меңіреу түнге айналып?
Түңілдім-ау, қайтейін тым болмаса,
Түсіре алмай санаңа тілдей жарық.

Жыр оқысам, жадырап қалар ма деп,
Алынбайтын тап боппын қамалға кеп.
Қалғып кетер бас шұлғып отырып-ақ,
Қалмапты ғой қашанғы қараңғы әдет.

Қайта қайтқан дауыстай жарға барып,
Өз үнім тапты өзімді зорға оралып.
Қай шамада, қайран ер, жүр екенсің,
Құлағыңды құлқынға жалғап алып?

Қу өлеңге құлақтың сыртын беріп,
Қай шамада жүрсің сен құлқынға еріп?
Жырға орын табылмай қалды ма әлде,
Жүрегінді «мүңкіген» мүлкің көміп.

«Өлең саған, көрерміз, мал болар» деп,
Отырмысың күлкіңді зорлап әнтек?
Бақытың да, басқаң да байлықта деп,
Тура жолды өзіңше тандаған боп.

Бетпе-бет кеп малдымен, мықтылармен,
Қайран Абай, сенде де бітті дәрмен.
Мыңмен жалғыз алысқан, сөз патшасы,
Мен сені ұқтым әбден, ұқтым әбден.


У…

Нәлеті мынау нарықта,
Мен ішпеген у мен заһар қалып па?!
Соның бәрін өзегімнен өткіздім,
Зардаптары тимесін деп халыққа.

У сойқылы удың бәрін мен іштім,
Тауқымет пен тағдырым деп тоғыстым.
Қолқамды кеп қапқан удан қайтпадым,
Қолдағанын кім біледі не күштің.

Шинелінен шықтым демен Гогольдің,
Құрсағынан тудым таза елімнің.
Замананың запыранын жұтқаным –
Қалағаным тазалығын тегімнің.

Баукеңдер мен Шерхандардың
көйлегін,
Киіп алып, кимеледім, сөйледім.
У мен зәрдің исін сезсе, зытады,
Тышқан аңдып тұштаңдаған кей бөрің.
Таңсық болмас тауқыметке таң қалу,
Қайманаға қиын бірақ аңғару.
Әлі талай ақынға азық болады-ау,
Құнанбайдың баласынан қалған У.


Семсер-жырдың иесі

Семсер-жырдың иесі Сіз бе едіңіз?
Хош келдіңіз! Үмітті үзбедіңіз!..
Жүрегімді, санамды шиырлаған,
Жатыр Сіздің жосылып іздеріңіз.

Жүрегімді, санамды шиырлаған,
Сіз бе едіңіз сан жылдар сиынған ән,
Ақиқаттың ауылын шыр айналып,
Шыр-шыр етіп шарқ ұрып құйындаған?

Сіз бе едіңіз сол ақын шырылдаған,
Шарттылық, қасаңдыққа ұрынбаған?
Сіз жасаған қарап ап жыр-айнаға,
Бойы-басын түзейді бүгінде адам.

Жыр-айнадан көреді ел кемшілігін,
Кемшілігін, көзге ұрған ерсілігін.
Сіз жасаған айнаның алдында жүр,
Егінші де, малшы да, кенші бүгін.

Сіз бе едіңіз сол ақын ел іздеген?
Буырқанған мен Сізді теңіз дегем.
Өр іздеген жырыма бағыт берген,
Өзіңізге арналар ең ізгі өлең.
Сертке соққан семсер-жыр
Сіз бе едіңіз?
Хош келдіңіз! (Көңілді бірледіңіз).
Жыр елінде, елімнің жүрегінде,
Жатыр Сіздің жосылып іздеріңіз…


Эпитафия
(Құлпытастағы жазу)

Шаруа едім тірліктің көшіне ерген,
Таусып таттым жердегі несібемнен.
Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын,
Топырағым бұйырды осы жерден.

Ата-бабам, бауырым, туысым да,
Осы жерде: төбенің қуысында.
Алып кеткен өзімнің ештеңем жоқ,
Топырақ тек қалғаны уысымда.

Бір кісідей шайқап ем тірлігімде,
Жалған дүние жалт етпей тұрды
кімде?!
Адамдарға айқайды салар едім,
Амалым жоқ, қайтейін, білдіруге.

Ей, тірілер!
Өмір жоқ өлім барда.
Тілегім сол: соқпасын жолың жарға,
Қу тірліктің бағасын білгің келсе,
Көз қырыңды салып қой қорымдарға.

Ей, тірілер!
Құлақ ас өлілерге,
Есептесер қу тірлік сенімен де,
Ажал бір күн аптығып жетіп келсе,
Жарты қарыс жер қалмас шегінерге.


Тарт қолыңды…

Тарт қолыңды!
Ақынға тиме, надан!
Ақымақтық – ақынды сыйламаған,
Ақын деген – Аққуы адамзаттың,
Адалдықты қайта сен үйрен одан,
Ал Аққуға оңбайды тиген адам.

Тоқтат қане!
Ақынды таяқтама!
Аласұрма ақынды аяқтан ап,
Ақын деген халықтың ардақты ұлы,
Елден бөліп сондықтан саяқтама,
Тоқтат қане, ақымақ, таяқтама!

Жетер енді!
Несіне керілдедің?!
Ақылға кел, ашуға берілмегін,
Ақын деген – ақиқат, ақымақ-ау,
Ақиқаттың көріп пе ең жеңілгенін?
Айт одан да, не сенің көңілдегің?..

Қызық көйлек киген қыз оттай жанды
Қызық көйлек киген қыз оттай жанды,
Сол сол екен жүрегім шоққа айналды!
Аяғымнан әл кетіп тоқтай қалдым,
Ал жүрегім… жүрегім соқпай қалды!

Лап берді де ыстық леп отқа орады,
Есер сезім еркімді ноқталады.
Құдайдың бір, әйтеуір, сақтағаны,
Қызыл көйлек киген қыз тоқтамады.

Қызыл көйлек қайтіп сол көрінбеді,
Өшпей қалды өрт бейне көңілдегі.
Жанарымда біржола қалып қойды,
Лап бергені жалынның, шегінгені.

Жүр де мейлі бекерге жоққа налып,
Жалтақтаймын сол жаққа көп қадалып.
Шала жанған жігіттер жаман екен,
Өртеніп кетпеген соң отқа оранып.


Түс немесе
«Желтоқсан құбыжығы»

«Тұлпар» көрдім түсімде;
Басы – есек әлгінің,
Тұрқы – тұлпар пішінде,
Есек құсап ақырып,
Жылқыларға азу тісін батырып,
Ойран салып жүрді үйірдің ішінде.

Тұлпар құсап тұяқты,
Топтап-топтап тастайды,
Басы есек сияқты болғанменен,
Салпаңдатып құлақты.
Жылқыларды кәдімгідей жасқайды.

Есек деуге келмейді,
Тұлпар боп та мандымас.
Кісінесе, жөн мейлі,
Есек құсап ақырады әлгі бас.

«Қамбар ата-аяулым!
Қалыпсың-ау сорға анық»,
Дедім-дағы қорланып,
Құрығымды қолға алып,
Айқай салып ояндым.

Comments (0)
Add Comment