Алтын ұя білім ошағы қашанда шәкіртімен қадірлі. Сол үшін ұстаздар мен шәкірттер арасындағы байланыс қай кезде де құнды. Соның дәлелі – жуырда Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында «Жомарт түлек» жобасы аясында 1969 және 1973 жылдары оқу ордасын тәмамдаған түлектермен кездесу өтті.
Мектеп оқушылары қонақтарды зор қошеметпен қарсы алды. Шара шымылдығы биология кабинетінің ашылуымен түрілді. Салтанатты шараға заманауи Қазақстан-Ресей медициналық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Жаратылыстану және география» институтының профессоры, биология ғылымдарының докторы Зейне Тұңғышбаева бастаған бір топ мектеп түлектері қатысып, өздері білім алған алтын ұяларына демеушілік көрсетіп, арнайы биология кабинетін толық жөндеуден өткізіп, қажетті құралдармен жабдықтап берді.
Кездесу мектеп мұражайының ашылуымен жалғасын тапты. Осы орайда Бектас Бекназаров бастаған 1973 жылғы түлектер мектеп мұражайын қайта қалпына келтіруге өз үлестерін қосып, демеушілік көрсеткенін де айта кеткен абзал.
Іс-шара соңы «Самғатқан сан түлекті алтын ұям» тақырыбындағы мерекелік концертке жалғасты. Мектеп-гимназия директоры Эльмира Қойлыбаева өз кезегінде 50 жылдан кейін мектебімен қайта қауышып отырған түлектерді құттықтап, балалардың игілігі үшін жасаған істеріне алғыс білдірді. Мектеп оқушылары да қонақтарға ән-билерін арнап, жақсы көңіл-күй сыйлады.
Шайзат Нармұратов,
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары