Түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылуда

2022 жылдың ақпан айында ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңымен бекітілген ережеге сәйкес, қайта сайланған 27 мүшеден тұратын Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің құрамына қоғамның түрлі санаттары мен топтарының өкілдері, яғни мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, қалалық мәслихат депутаты, қоғамдық бірлестіктер, облыстың, қаланың Құрметті азаматтары мен Құрметті ардагерлері, өзге ұлт өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасынан конкурстық негізде іріктеліп алынды.

Жаңа сайланған Қоғамдық кеңес ақпан айында өткізілген жаңа құрамның бірінші отырысында әдістемелік-үйлестіру жұмыстарын заманауи өзгерістерге бейімдеу жөніндегі кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, кеңестің қызметін тиімді жүзеге асыру үшін экономика, бюджет және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, құрылыс, энергетика, инфрақұрылымды және коммуналдық салаларды дамыту, экология, әлеуметтік саланы дамыту және қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі 3 комиссия құрылды. Содан бері бір жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды.
Мәселен, кеңестің жаңадан қалыптастырылған тұрақты комиссияларының құрамына кеңестің міндеттері мен жауапкершілігі туралы, оның жұмыс әдістері мен регламенті, атқарылар жұмыстардың ерекшеліктері туралы танымдық-әдістемелік кеңестер берілді. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік Ережеде белгіленген өкілеттіктерді ескере отырып, 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді, онда қызметтің басым бағыттары айқындалды.
Есепті жылы қалалық қоғамдық кеңес жұртшылықтың мүдделерін білдіруге арналған 1 қоғамдық тыңдау, 5 кеңейтілген отырыс өткізді.
«Балалар жылы аясында Тараз қаласында белгіленген іс-шаралардың орындалу барысы туралы» мәселе бойынша Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізілген қоғамдық тыңдауға 150-ден астам қала тұрғыны қатысты. Жиында қоғам белсенділері балалар үшін ауыз толтырып айтарлықтай жасалып жатқан іс-шаралар байқалмайтындығын сынға ала отырып, жергілікті билікке балалардың бойында кездесетін дерттің көбеюі, жасөспірімдер спортын дамыту, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі тегін үйірмелер ашу сынды өзекті мәселелерге көңіл бөлуді ұсынды.
Қалалық қоғамдық кеңестің аталмыш қоғамдық тыңдауды ұйымдастырудағы және өткізудегі жұмыс тәжірибесі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дайындаған Ұлттық баяндамасында үлгі ретінде аталып өткендігі мақтануға тұрарлық жайт деп санаймыз.
Сол сияқты, «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жарияланған Қоғамдық кеңестің 2022 жылғы 9 қыркүйекте «Еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлердің жалпы қала тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтау мәселелері туралы» күн тәртібімен өткен кеңейтілген отырысы да аталмыш министрлік тарапынан оң бағасын алғанын атап өткен жөн.
Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырыс- тарында шаһар басшысының атқарған жұмыстарының есебі, Мемлекет басшысының Жолдауы жүктеген міндеттер, Тараз қаласының мектептерінде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқитын аз қамтылған отбасылары балаларының кепілдендірілген әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етілу жағдайы, еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлердің, жалпы қала тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтау мәселелері қаралды.
Қоғамдық кеңестің мүшелері әрбір талқыланатын мәселеден кейін ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылдап, оларды тиісті мемлекеттік мекемелердің басшыларына жіберіп отырады. Яғни олар барлық мәселелерді талқылау кезінде белсенділік пен табандылық танытуда. Қойылған міндеттер мен бар проблемаларды шешу бойынша сындарлы ұсыныстар енгізеді.
Қоғамдық кеңес мәселелерді талқылау және шешімдер қабылдау үшін, оның ішінде әртүрлі салаларға қатысты мәселелер бойынша кемінде айында бір рет жиналуды үрдіске айналдырды. Өткен жылы Қоғамдық кеңестің төралқасы мен комиссияларының біріккен отырыстарында әртүрлі салаларға қатысты 25 мәселе, оның ішінде нормативтік-құқықтық актілер бойынша 10 және жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың басшыларының атқарылған қызметтерінің есептері бойынша 9 мәселе қарады. Қаралған мәселелер бойынша ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылданды.
Кеңес мүшелері көше атауларын есімі елге мәлім ақын-жазушылардың, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің, елімізді дамытуға үлес қосқан тұлғалардың, батырлардың аттарымен өзгертуге еш қарсы емес екендіктерін, тек тұрғындардың өздері тұратын көше атына қатысты тарихтан сол адамның елге сіңірген еңбегі туралы деректерден хабардар болуы қажеттігін ескертті. Сондай-ақ төралқа мүшелері қаладағы көшелерге адам аттарын беруден арылып, облыс аумағындағы тамаша жер аттарын жаңғыртуды, қала аумағының жыл сайын ұлғайып, жаңа көшелер, жаңа ықшамаудандар пайда болып келе жатқандығын ескеріп, ескі атауларға тиіспей, жаңа атауларды соларға беру жөнінде ұсыныстар айтты. Сондай-ақ қоғам белсенділерінің ұсыныс-ескертпелерін ескере келе, көше атауларын өзгерту немесе қайта ат беру мәселесін егжей-тегжейлі зерттеп, көпшілік талқысына салып, ақылдасып шешу қажеттігі жөнінде ұсыным білдірді.
Қоғамдық кеңес қоғам дамуы барысында кездесетін кейбір түйткілді мәселелерді, мемлекеттік сатып алу, қоғамдық тәртіптің сақталуы, коррупциялық әрекеттердің алдын алу мәселелерін ашық талқылап, азаматтардың ойында жүрген ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салып зерделеуді үрдіске айналдырды. Мысалы, қалалық қоғамдық кеңесі жанынан құрылған мониторингтік топ ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мамандарымен бірлесе отырып, Тараз қаласында электр қуаты бағасының қалыптасу жағдайына қоғамдық мониторинг жүргізді. Мониторинг нәтижесінде анықталған заң бұзушылық дәйектері туралы дайындалған анықтама тиісті лауазым иелеріне шара қолдану үшін Тараз қалалық прокуратурасына жолданды.
Осы тәрізді қаладағы маңызды мәселелер қоғамдық бақылауға алынып, тиісті ұсыныстар енгізіледі. Қоғамдық кеңестердің өкілеттігі шеңберінде мұндай жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады. Өткізілген іс-шаралардың нәтижесі қорытындыланып, БАҚ-та және Қоғамдық кеңестің «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жариялануда.
Есепті мерзімде Қоғамдық кеңестің қабылдауында 128 азамат болды. Олардың тарапынан жазбаша және ауызша түрде білдірілген ұсыныс-пікірлер мен арыз-шағымдарды уақытылы қарап талқылау, олардың иелеріне дер кезінде толымды да тыңғылықты жауап беру, талаптарға сәйкес келетін талап, тілек, ұсынымдарды тиімді шешу Қоғамдық кеңес үшін қалыптасқан жағдайға айналды.
Қоғамдық кеңес шешілмей жатқан мәселелер бойынша бой көрсетіп қалатын психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шараларды өзіне заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде орындап жатыр. Алдағы уақытта да әлеуметтік топтар немесе жекелеген азаматтар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс-тілектер кеңестің бақылауында болады.
Өткен жылғы Президент сайлауы қарсаңында көптеген кеңес мүшесі Қасым- Жомарт Кемелұлының сенімді өкілі ретінде «Аманат» партиясы тарапынан құрылған қалалық штабтың құрамында жоғары белсенділік танытып, еңбек ұжымдарымен өткізілген үгіт-насихат жұмыстарының алдыңғы қатарында жүрді. Сайлау нәтижесі бойынша Қоғамдық кеңестің 12 мүшесі Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың және «Аманат» партиясының Орталық комитетінің төрағасы Е.Ж.Қошанов тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Қоғамдық кеңестің қызметі мен жұмысы туралы облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Жамбыл-Тараз» газеттерінің беттерінде мақалалар ұдайы жарияланып тұрады.

Сембек Сейдәзімов,
Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы

Comments (0)
Add Comment