Вакцина – белгілі бір инфекциялық аурудың қоздырғышы саналатын микроорганизмдерден, яғни бактерия, вирустан алынып, жұқпалы аурулардың алдын алу үшін адамдар мен жануарлар организміне егілетін препараттар. Вакциналарды өндіру кезінде оларды қажетсіз және зиянды заттардан тазартып, тек аурудан қорғау үшін қажетті агенттерін ғана қалдырады. Осының нәтижесінде олар ауру тудыра алмайды, бірақ иммунитет қалыптастыруға қабілеті сақталады.
Вакцинация балалар мен жасөспірімдер арасында инфекцияның алдын алуға, өлім-жітімнің төмендеуіне ықпал етеді. Вакцинацияланған адамдардың есебінен инфекцияның таралуы мен ауру-сырқаулықтың күрт өсуіне тосқауыл болатын «ұжымдық иммунитет» қалыптасады.
Халықтың эпидемиялық саулығы мен инфекцияларды алдын алу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен Ұлттық егу күнтізбесі бекітілген. Барлық міндетті екпелер халықтың тіркелген емханаларында тегін жасалады. Ұсынылған вакцинация кезеңдерін сақтау қарқынды иммунитеттің қалыптасуын қамтамасыз ететіні дәлелденді. Бастапқы егу немесе ревакцинация кезінде вакцинаны қайталап енгізу айтарлықтай кешіктірілсе, иммунитеттің қарқындылығы жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл жұқпалы аурудың даму қаупінің айтарлықтай жоғарылауына және одан да ауыр нәтижелерге әкеледі. Әртүрлі жұқпалы аурулармен күресу тәжірибесі көрсеткендей, 80-90 пайыз вакцинациямен қамту тиімді инфекциялық бақылау үшін жеткіліксіз және эпидемияға әкелуі мүмкін. Ал инфекцияны жою үшін 95 пайыздан жоғары болуы қажет.
Профилактикалық екпелерді қамтумен қатар вакцинацияның уақытылы жүргізілуін сақтау – халықты жұқпалы аурулардан қорғау тиімділігінің ең маңызды көрсеткіші және кейбір жұқпалы аурулардан мүмкіндігінше ертерек қорғанудың кепілі. Тараз қаласы бойынша жылдан жылға профилактикалық екпе салдырудан бас тарту жаңа жағдайлары тіркелуде. Бас тартулардың басым бөлігі ата-аналардың жеке пікіріне байланысты болып отыр.
Вакцина салдырудан бас тарту қандай қауіп төндіреді?
Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі жұқпалы аурулар – туберкулез, В гепатиті, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызылша, эпидемиялық паротит, тұмау, гемофильді инфекцияға қарсы егуді көздейді. Сонымен қатар эпидемиялық көрсеткіштер бойынша вакцинация ұсынылады.
Вакцинацияның уақтылы жүргізілмеуі көптеген жұқпалы аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін. Жоспарлы вакцинациядан өтпеген балалар уақыт өте келе әртүрлі вакцинамен басқарылатын инфекцияларды жұқтыруы ықтимал.
Балалар өздерінің жасына байланысты әртүрлі инфекцияларға сезімтал келеді. Сондықтан әр ата-ана баласының болашағы туралы алдын ала ойланып, оны жұқпалы аурулардың ықтимал асқынуларынан қорғауы керек.
ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 85-бабының 11-тармағына сәйкес, жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау мектепке дейінгі ұйымда ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткенде ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар түріне, меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына, жұмыс режиміне және болу уақытына қарамастан (толық, толық емес, тәулік бойы болу) мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау олардың топтардағы үлесі 10 пайыздан асырылмауы арқылы жүзеге асырылады.
Құрметті ата-аналар! Егер Сізде профилактикалық егулерді жүргізу қажеттілігіне күмәніңіз болса, екпеден бас тарту қағазына қол қоюға асықпаңыз. Алдымен жұқпалы аурудың қаупі, екпенің қажеттілігі, одан бас тартудың салдары туралы толық ақпарат жинап, салыстырғаныңыз абзал болады.
Біздің балаларымыздың денсаулығының мықты болуы, инфекциялар қаупінің жоқтығы тек профилактикалық егулерді кеңінен жүргізу арқасында ғана қол жеткізіледі.
Есіңізде болсын, жұқпалы аурулардың алдын алудың жалғыз құралы – вакцинация!
Балаңыздың денсаулығы – сіздің қолыңызда!
А.СЫДЫКОВА,
Тараз қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы