Жамбыл облысы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қайрат Қожамжаров, Мұратбай Жолдасбаев, Абдалы Нұралиев өңірдің кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және белсенділерімен кездесті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашты. Алғашқы сөз кезегін Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген алып, сенаторларды атқарылған жұмыстармен ақпараттандырды. Өз сөзінде өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының тыныс-тіршілігі жайлы баяндаған Мейрамбек Төлепберген бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының ұстанып отырған бағыт-бағдары мен алдағы міндеттеріне де тоқтала кетті. Сонымен қатар еліміздің заң шығарушы жоғарғы орган өкілдеріне қазіргі кездегі кәсіподақ ұйымдарының қолданыстағы еңбек заңнамасы мен кәсіптік одақтар туралы заңнамаларды жетілдіру бойынша жолдап отырған ұсыныстарын да айтты. Алдағы уақытта сол ұсыныстар Сенатқа түскен жағдайда халық қалаулыларын қолдау білдіруге шақырды.
Одан кейін сөз алған «Қазфосфат» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов та өз ұсынысын білдірді. Бұл жерде еңбек заңнамасына сәйкес жеке еңбек дауларын қарайтын әрбір кәсіпорын мен мекемеде болуы тиіс келісім комиссиясының құрамындағы кәсіподақ өкілдерінің кепілдіктері жайлы әңгіме қозғады. Ал «Жамбыл облысы білім және ғылым саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ең көп кәсіподақ мүшесі бар білім саласының да өзекті мәселелерін ортаға салды. Келісу комиссияларының жұмысы, еңбек қауіпсіздігі мен бірқатар категорияларға өтемақы төлеу мәселелерін көтеріп, ауылдық жерде қызмет ететін білім саласы қызметкерлеріне төленетін 25% үстеме ақыны диспозитивті нормадан императивтік нормаға ауыстыруды, жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесін жетілдіруді ұсынды. Бұдан бөлек, ұжымдық шарттың өз тәжірибелеріндегі оңтайлы тұстарымен бөлісті. Ауыл шаруашылығы саласындағы өңірлік кәсіподақ жетекшісі Нұржан Мәліков болса саладағы төменгі еңбекақы, еңбек қауіпсіздігі сынды бірқатар мәселелерді алға тартты. Сондай-ақ осы саладағы еңбеккерлер ең төменгі еңбекақы алатындарын айтып, назар аударса деген ойын білдірді.
– Еңбек заңдылығына байланысты кез келген заң жобасының Сенатқа түсуіне орай араларыңыздан бастамашыл топ жасақтап, өкіл ретінде Сенатқа жолдаңыздар. Біз топ мүшелерімен бірге сол заң жобасын қарайтын боламыз. Керек болса өкілдеріңізді жұмысшы топтың құрамына қосайық. Ұсыныстарды бірге тыңдайық, талқылайық. Бұл бізге де жеңіл болар еді. Тіпті жол шығынының бір бөлігін өтеп беруге де дайынбыз, – деді өз сөзінде Қайрат Пернешұлы.
Кездесуді қорытындылаған Сенат депутаттары өздерінің еңбек адамдарына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендерін, кәсіподақтар қозғаған мәселелерді өз құзыреті шеңберінде шешуге ықпал ететіндерін жеткізді.