«Сынаудың жолы осы екен деп, сойылыңды ала жүгірме»

Қазақта «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Яғни, әр саланың бетке ұстар майталманы, кейінгі толқынға жол бастар ақылмандары болады. Мұндай азаматтар Жамбыл журналистикасында да жетерлік. Солардың көш басында облыстық «Ғұмыр-Дария» облыстық газетінің бас директоры, ҚР Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов тұр десек, қателеспейміз. Кәсіби мереке қарсаңында ардагер әріптесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Өмір жолыңыздың белең белесін БАҚ саласына арнадыңыз. Журналистикада үлкен жолдан өтіп, бүгін сол сара жолды кейінгілерге үйретудесіз. Әңгімеміздің әлқиссасын өткен өміріңіз бен шығармашылық жолыңыздан бастасақ…

– Жалпы, журналистиканы менің өмірім, тағдырым деп айтсам, қателеспеймін. Себебі, көзімді ашып, қолыма қалам алған сәттен бастап осы бір қатпары қалың, соқпағы көп журналистика саласының жүгін арқалап келе жатырмын. Менің туған жерім – саялы Сарсу өңірі. Туған өлкемде мектеп табалдырығын аттадым. Мектепте оқып жүргенде, алтыншы сыныптан бастап аудандық, облыстық, республикалық газеттерге жаза бастадым. Мектеп бітірген жылдары Сарысу аудандық «Октябрь таңы» (қазіргі «Сарысу») газетінде жұмысқа қабылдандым. Әрине, жұмысқа бірден тұрып кетуіме себеп болған аудандық газетке тұрақты мақала жазып тұратынм болса керек. Арасында облыстық газетте істедім, кейінірек туған жеріме табан тіреп, Сарысу аудандық газетте 13 жыл бас редактор болдым.

 – Жалпы, журналистика саласына әркім әрқалай келіп жатады. Бұл салаға сіз қалай келдіңіз? Кім әлде не түрткі болды?

 – Әлі есімде, 6-шы сынып оқып жүргенде аудандық газетке қысқа мақала жазып жібердім. Сол мақалам газет бетінде жарқ ете түспесі барма?! Ол кезде мектеп оқушысының шығармасы газетке жариялану деген үлкен дүние еді. Сол күннен бастап өзіме «Мен болашақта журналист боламын» деген талап қойдым. Арманым алдамады, бүгінде осы саланың бел ортасында жүрміз.

 Сіз кеңестік кезеңнің кеңсесін көрген буынсыз. Жалпы кеңес дәуіріндегі журналистика мен бүгінгі журналистиканың айырмашылығы неде?

– Біздің жас кезімізде ұлы жырау Жамбыл Жабаев туралы айтқанда «екі ғасырды көрген, екі дәуірдің куәгері болған» деп жататынбыз. Біз де тарихи екі дәуірді көрген ұрпақ өкілдері болдық. Кеңестік кезеңде тудық, оқыдық, азаматтық ұстанымымыз қалыптасты, сол социалистік жүйеге сендік, қызмет атқардық. Жиырмасыншы ғасырдың бүкіл қасіретін көзбен көрмесек те, тарихтан біліп, кітаптан оқып, кинофильмдерден көріп өстік. Бүгінгі жастарға ертегідей көрінер, өтірік айтып қайтеміз, заманымыз тыныш, тәртіп қатаң болды. Әрине, адам болған соң қылмысқа барады. Дегенмен, бетімен кеткен әрекеттер әсте көп болмайтын.

 Ал сұрағыңа оралсақ, газет – өмірдің айнасы. Кеңес дәуіріндегі журналистика өз дәуіріне қызмет етті. Дегенмен, сол кезеңде жүріп шындықты жазған қаламгерлер аз емес. Сонымен қатар еңбек адамдары туралы газет беттерінде жиі жазылатын. Себебі, ол заманда еңбек бағаланатын. Жылдың төрт мезгілінде ауыл шаруашылығында науқандар болатын. Егін егу, егісті күтіп-баптау, оны ору, жинау, малшылықта малды қыстату, төлдету, жазды күні жайлаудағы малды бағып-баптау. Ал зауыт саласында Жамбылда (қазіргі Тараз қаласы) Кеңес одағына даңқы жеткен зауыттар болды. Бұл дегеніңіз – қайнап жатқан өмір деген сөз. Соның барлығы басылым беттерінде жазылып жататын. Әрине, бірыңғай мадақтау емес, оның арасында сын садағын сілтеп жазатын. Қысқасы қалам ұстағандар жақсыны – жақсы, жаманды жаман деп жазды.

Заман бір қалыпта тұрмайды, бүгінгі жас буынға ертегідей естілетін Кеңес одағы сияқты алып империяда өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман біз түсінбеген, біз күтпеген оқиғалар бола бастады. Нәтижесі Тәуелсіздік алуымызбен аяқталды. Тәуелсіздік алған күннен бастап егемен елімізге қызмет ете бастадық. Әрине, біз кетпен шаппаймыз, жер қазбаймыз, кірпіш қаламаймыз, біздің қаруымыз – қалам. Қаламмен азаттығымызға еңбек еттік. Ал мұнымыз жақсы ма, жаман ба, оған баға беретін – халқымыз.

Сіз бүгінде облыстық «Ғұмыр-Дария» газетін басқарып отырсыз. Өзіңіз жақсы білетіндей, газеттерге халыққа қолайлы болу үшін «Post.kz» және «Kaspi Bank» қосымшасы арқылы жазылуға болады. Дегенмен, газетке жазылушылар неге аз? Себебі неде?

– «Ғұмыр-Дария» газеті менің төл перзентім сияқты. 12 жылдан бері жарық көріп келе жатқан бұл газетіміз өңірдегі ардагерлерге арналған. Жалпы газетті шығару бар да, оның өмір сүріп кетуі бөлек әңгіме. Газеттің артында үлкен күш тұрмаса, ол газеттің болашағы бұлыңғыр. Мәселен, мен осы «Ғұмыр-Дария» газетін алғаш шығарғанда «Облыстық ардагерлер кеңесінің» етегінен ұстадым. Бүгінде газетіміз аға буын өкілдердің арқасында алға жылжып келеді. Реті келгенде айта кетейін, қайсы ардагердің кеңсесін аттаңыз, столында газеттер жатады. Жасыратыны жоқ, жас буын газетке көп үңіле бермейді. Менің ұғымымда кітап, газет оқымаған адамды мүгедек деп санаймын, олар тілі шықпаған бала саияқты. Кейбір сала өкілдерімен тілдесе қалсаңыз, сөздік қоры жоқ екені бірден байқалады. Тіпті, кейбір азматтар құлаққа түрпідей тиетін «отрық», «жүрік» деген сияқты түсініксіз сөздерді қолданады.

Енді газеттің таралымына келсек, сұраныс болмаған жерде таралым болмайды. Басты себеп – біз жұртты қызықтыратын дүние шығара алмай отырмыз. Билікті қатты сынай алмаймыз, кеңестік кезеңді көрген өкіл ретінде айтайын, сол қылышынан қан тамған социалистік кезеңде сыни мақалаларды жаздық, ал қазіргі толық демократиялық кезеңде біз сынай алмаймыз. Ал енді бір қызығы, екі ауыз қате сөзімен блогерлер сынайды, ал әкімдер солардың ығына жығылады, көңілін табуға тырысады.

Екінші – кеңестік кезеңде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында биліктің қолында қару болатын, бүгінде ол қару биліктің қолынан кеткен сияқты. Кейде билікте газетке қарсы бір күш бар деп ойлаймын, ол күш осы елді оқудан тежейтін сияқты. Болмаса мемлекеттен миллиярттаған қаржы бөлінеді, ал халықтың ақшасын бөлген билік сол газетке аса қамқор емес. «Газет тәуелсіз болу керек дейміз», рас, газет тәуелсіз болу керек, деседе халық мемлекеттігі ғой. Сондықтан газеттің таралымына біз де билікте жауаптымыз.

 Орайы келгенде айта кетейін, біздің «Ғұмыр-Дария» газетінің оқырмандары аз емес, тек біздің үнпарақты тек ардагерлер ғана емес, мұғалімдер, дәрігерлер қатарлы әр саланың өкілдері оқиды. Газетіміздің оқырманын жоғалтпаудың басты себебі – «Ғұмыр-Дария» газеті саясаттан алшақ, көп саясатқа кірісе бермейміз. Біздің саясат – үлкендердің өмір жолы, қиындықтары, өнегелі істері сосын тарих, тағылым, тәрбие қатарлы мәселелерге көбірек мән береміз.

Жасыратыны жоқ, бүгінде республикалық, облыстық, аудандық газеттерді ақтарып отырсаңыз, бірінде ұқсас ақпараттар жүреді. Мәселен, облыс әкімі, қала әкімі барлық газетте жүреді. Бұл ақпаратты былайғы жұрт бір оқиды, екі оқиды, одан кейін ешкім оқымайды. Онсыз да телевизор, әлеуметтік желіден көрген жаңалық ешкімге қызық емес екені анық. Әрине, мемлекеттік саясатты дәріптеген дұрыс, десе де журналистер өз елінің патриоты екенін сезініп, шырқыратып шындықты жазу керек. Қысқасы, алдымызға келетін барлық газет аты бөлек болғанымен, ішіндегі материалдар бірдей, қысқасы бір газет сиқты бәрі. Осыдан кейін қалай жазылым туралы жақ ашамыз.

 Сіз «Газеттің өзі бір күндік – сөзі мың күндік» деп үнемі айтып жүресіз. Жасыратыны жоқ, бүгінде өмірімізге интернет ентелеп еніп, оқырман жедел ақпаратқа бой үйретіп алды. Осындай жағдайда елмен бірге жасап келе жатқан баспасөздің болашағы не болмақ? Бұған қандай ой айтасыз?

– Жақында «Шу өңірі» газетінің 90 жылдығы мен «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойы өтті. «Газеттің өзі бір күндік – сөзі мың күндік» деген сөзімнің анық дәлелі – жоғарыда аталған газеттердің алғашқы саныннан бастап бүгінгі санына дейін сары алтындай сақталған екен. Бұл – қаншама тарихшылардың, ақындардың, журналистердің еңбегі. Сіздің бүгінгі жазған дүниеңіз, жазған мақалаңыз болаша тарихқа айналады. Бір сөзбен айтқанда, журналистер – тарих жасап жатқан жанкешті жандар.

 Ал мен газетті ешқашан интернетпен салыстырған, журналист пен блогерді ұқсатқан емеспін. Блогер дегеніміз – көшедегі екі адамның төбелесі, жүкті болған қыздың ар намысына тиетін, «бір әкім үй салып алыпты» деп ұрандайтын, «жер бетін топан су қаптап жатыр» деп ақырзаман орнататын, бір сөзбен айтқанда, жеңіл, шулы дүниені жазуға бейім топ. Әрине, ондай дүние жазылуы керек. Мәселе соны зерттеп жазуда ғой. Дегенмен, бейбіт күннен жамандық іздемеу керек. Ал телевизорды ашып қалсаңыз, ақпараты ең әуелі жамандықтан бастайды, жаңлық айтылу керек, оны жалаң жұртқа қанын ағызып жеткізудің қажеті қанша?

Біздің журналистикада халықтың арасында үрей туғызу, қорқыныш туғызу сияқты дүние көп. Мәселен, бір жерде су тасқыны болды десек, блогерлер, тіпті арасында әжептәуір журналистер бар. «Әкім қайда?» деп ұрандап әлеуметтік желіге жазады, видео салады. Ойлаңызшы, ол да адам ғой, апат айтып келмейді, қай уақытта, қай жерде қандай жағдай болатынын атқамінерлер алдымен болжап отырмайды ғой. Ешкім Құдай емес, ал былайғы халық солардың ығына жығылады.

Бір сұхбатыңызда «Сөз бостандығы билікті жөнсіз сынаумен өлшенбейді» деген екенсіз. Осы ойыңызды тарқатып айтсаңыз…

– Жөнсіз сынаудың артында тапсырыс болады деп ойлаймын. Анау біздің жерлес емес, руы басқа деген дүние етек алады. Ал тағы бір мәселе – сынаудың жолы осы екен деп, әкім қараларға сойылыңды ала жүгірме. Бастысы – зертте, талда. Бүгін сол дүние жоқ, сын сындарлы болсын, сына, сынай отырып жолын көрсет, әрине, сол саланың маманы емессің, бірақ мамандармен сөйлес, олармен тілдесіп мәселенің түйінін тарқат, ешкім саған сөз айтпайды. Бұл жерде сіз әкімдікке көмектескен боласыз. Журналист – жақсыны жақсы деу керек, жамандығын айтып жолын көрсету керек.

 Сіздің ойыңызша қазақ журналистикасы тәуелсіз болу үшін не істеу керек?

 – Біздегі журналистика бүгінде салиқалы жолға түсті. Бүгінде газет жеке адамдардың қолында. Дегенмен, қазір газеттегі журналистердің «мына нөмірге не жазамыз» деп құрылтайшылармен ақылдасып жатқанын көргенім жоқ, демек бізде сара жол бар, тәуелсіздік деген осы ғой. Ал аға журналист ретінде айтарым – біреу туралы мақала не хабар түсірсеңіз, алдымен зерттеп, зерделеп алыңыз, себебі – ол адамның тағыдыры, болашығы, өмірі.

 Сіз бүгінде «Қазақстан журналистер одағы» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы міндетін абыроймен атқарып келесіз. Өткен күнді саралап, алдағы жоспар-мақсаттарыңызбен бөліссеңіз…

 – Жалпы, Журналистер одағы – қоғамдық бірлестік, мен атқарып жүрген филиал төрағасы қоғамдық негіздегі қосымша лауазым. Дегенмен, биылдың басынан бері әріптестерім осындай жауапкершілік жүгі мол міндетті жүктеген екен, қолдан келгенше қаламгер қауыммен бірлесе отырып біраз жұмысты бастап жатқан жағдайымыз бар.

Облыстағы журналистердің мәселесін қозғап облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов мырзаға кіріп, қабылдауында болдым. Журналистер одағы филиалының жұмысын жандандыру жөнінде пікір алмастым, билік тарапынан бірқатар қолдау болатынын естіп, білдім. Жыл басынан бері біраз жас қаламгерді Қазақстан Журналистер одағының қатарына қабылдадық. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қалам ұстаған аруларды арнайы қабылдап, құттықтадық.

Қазір бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай лайықты әріптестерімізді Қазақстан Журналистер одағының марапаттарына ұсындық. Биыл Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйғарымымен «Жамбыл облысының Үздік журналисі» атағын және төбелгісін тағайындадық. Мерекеге байланысты өтетін облыстық жиында бұл құрметті атақты салтанатты жағдайда тапсырадық.

Сонымен қатар облысымызға белгілі азаматтар – Сағындық Ордабеков Қазақстан журналистер одағының «Алтын медалі» иегері атанса, белгілі қаламгер Құрманбек Әлімжан «Құрметті журналист» атағына ие болды. Бұл да біздің филиал үшін үлкен мәртебе.

Өзіңізге мәлім, 28 маусым – БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі. Әріптестеріңізге, келер буын журналистерге қандай тілек тілейсіз?

– Журналистік кәсіп – әрі қиын, әрі қызығы мол күрделі мамандық. Екінің бірі журналист бола алмайды. Талант керек, білім, білік керек, кең ой-өріс болғанда ғана қалам ұстап, елдің жасампаздығын, жаңалығын жазуға болады. Сондықтан осы салада жүрген жүздеген талантты, үлкенді-кішілі әріптестерімді кәсіптік мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, зор шығармашылық табыс тілеймін!

 

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment