Шынайы бақытқа жетудің бірден-бір жолы адал кәсіпте жатса керек. Кәсіп қылған азаматтың еңсесі қай кезде де биік. Еңбек майданында шыңдалған жандардың өмірге деген көзқарастарының басқалардан қарағанда бөлек болатынын күнделікті өмірде өзіміз де көріп жүрміз.
Жуалы ауданының Жетітөбе ауылдық округі елдімекен саны жағынан да, тыныс-тіршілігі жағынан да аудандағы іргелі округтерге жатады. Қазір бұл ауылға барсаңыз, қызу еңбекке куә боласыз. Сондай қызу тірліктің бел ортасында Абахановтар әулетінің де мүшелері жүр. Жай жүрген жоқ.
Бүгінде Абахановтар әулетінің отағасы, оның ақыл айтып, жол көрсетер ақылшысына айналған Ниязбек Абаханов ұлдарына тірліктің кілтін тауып, кәсіп жасауына үлкен көмек беруде. Қазіргі таңда ол басқаратын «Сыбанбай» шаруа қожалығында қысқы мал азығын дайындау жұмыстары басталып, тиісінше, жауапты науқан қыза түскен.
Ағайынды шаруа азаматтардың ауыл маңындағы жеті гектарды алып жатқан жоңышқа алқабына орақ салғанына да көп бола қоймаған екен. Алқап басына барғанымызда, жоңышқалықтың біраз бөлігі орылыпты. «Германка» аталатын шөп оратын қуатты техника әбден жетілген жоңышқаны орып, жүйектеуде. Тиісінше, аздап кепкен соң тайлауға кірісетінін айтады шаруашылық мүшелері. Трактордың рөлінде отырған азамат Ниязбек ағаның Тасбастау ауылында тұратын қайнысының ұлы Руслан Жандарбековтың аталған шаруашылықта жұмыс істегеніне үш-төрт жылдың көлемі болған екен. Онымен тілдескенімізде, ол бізге биыл жоңышқа алқаптарының шығымы мен түсімінің орташа екенін жеткізді.
Жалпы Қоңыртөбе ауылындағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі саналатын «Сыбанбай» шаруа қожалығының жұмысын таратып айтар болсақ, агроқұрылым 1997-1998 жылдары ұжымнан бөлініп шығып, өз алдына жеке шаруашылық болып құрылған. Шаруашылықты ұзақ жылдан бері басқарып келе жатқан Ниязбек Абаханов бұрын М.Горький атындағы колхозда 12 жылдай жүргізуші болып еңбек еткенін айтады.
– Алғашқыда шаруашылықта 70 гектарға жуық егістік жеріміз болды. Содан қолда бар ескі техниканы жамап-жасқап дегендей, жөндеп тірлікті бастап кеттік. Алғашқыда біраз қиындықтар көп болды. Оның көбісін іскер ұйымдастырушы Алпыс ағаның ақыл-кеңесімен және ағайындар және балаларыммен бірге еңсерген жайымыз бар. Осы тұста Алпыс ағаның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Әлі де сол кісінің ақыл-кеңес беруімен шаруашылық жұмысын алға бастырудамыз. Қазір шаруашылықта 270 гектардай егістік жеріміз бар. Оған тиісінше, мал азығына арналған дақылдардан жоңышқа, арпа, бидай, сұлы және мақсары егіледі,- дейді Ниязбек Сыбанбайұлы.
Айтса айтқандай, шаруашылықтың осыншама егістік алқаптарына малдың азығы үшін 80 гектар жоңышқа, 40 гектардай күздік бидай, 60 гектарға арпа, 30 гектарға сұлы, сонымен қатар, қалған алқаптарға тиісінше, мақсары дақылы егіледі. Қазір шөп ору науқанының басталуына байланысты 30 гектардай жоңышқа алқабы орылып үлгерген. Шөптің түсіміне келер болсақ, жоңышқалықтың әр гектарынан 150 дана тайланған шөп дайындалуда. Бұл – орташа көрсеткіш.
Иә, шаруашылық жұмыстарына адамның қол еңбегімен қатар қуатты техниканың да күші қажет екені айтпаса да түсінікті. Бүгінде шаруашылықта үш бірлік «МТЗ-80» маркалы доңғалақты трактор, К-700, ДТ-75 маркалы қуатты тракторлары, «Нива» маркалы екі астық бастыратын комбайн, тіркемелер және соқа, дәнсепкіш, басқа да агрегаттардың жиынтығы шаруашылық жұмыстарына әбден жарап тұр. Ниязбек ағаның техниканың тілін бес саусағындай білетіндігі, онымен бірге әкесінің жанында жүрген балаларының да техникаға жақын болуы шаруашылық жұмыстарын жүргізуге оң септігін тигізуде. Ауыл шаруашылығы техникаларын шаруашылық мүшелерімен қатар, егін егу және шөп ору науқаны кезінде уақытша жалдамалы жұмысшылар жүргізеді.
«Ағайын тату болса, ат көп» демекші, «Сыбанбай» шаруа қожалығының мүшелері бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мұнда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да дамып келеді. Қазіргі таңда шаруашылықтың иелігінде 40 бас сауынды сиыр бар. Сүтті сиырлардан сауылған 200 литрдей сүт аудан орталығындағы сүт зауытына күнделікті тиімді бағада өткеріледі. Шаруашылықта жайылым мәселесі де оң шешілген. Иеліктерінде 15 гектардай жайылымдық жері бар. Одан бөлек, сауынды сиырларды көктемгі және жазғы мезгілде Қоңыртөбе ауылының батыс жағындағы таудың етегіндегі «Жуалы ормандарды қорғау және жанауарлар дүниесі» мекемесіне қарасты 30 гектар жайылымға шығарады. Бұл шаруашылық жайылымды орман шаруашылығы мекемесінен заң талаптарына сәйкес жалға алып, тиімді пайдалануда. Сонымен қатар, оған қосымша сауынды сиырды жаюға арналған сегіз гектар эспарцет алқабы тағы бар. Бұл әрине, сиырдан сауылатын сүтті молайтуға үлкен көмек болып отыр.
Абахановтардың «Сыбанбай» отбасылық шаруашылығы кейінгі жылдары қолдағы малды асылдандыруға шындап ден қойып отыр. Былтыр қолдағы бар қаражатқа сегіз бас «Гольштейн» асыл тұқымды аналық бас сиыр және екі бас бұқа сатып алып, оны төлінен көбейтуге күш салуда. Қолдағы қалған сиырлар жергілікті малдың тұқымы. Қосымша айта кететін болсақ, шаруашылық «Гольштейн» асыл тұқымды аналық бас сиырдың әр басын 750 мың теңгеге сатып алған. Бұл сүтті сиыр тұқымының алғаш бұзаулаған құнажындары күніне 15-16 литрге дейін сүт береді екен. Ал үлкендерінен 20 литрге дейін сүт саууға болады.