Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Биыл Таразда 146 оқушы «Алтын белгіге» үміткер

Раушан ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы

Мектеп – кеме, білім – теңіз. Әр бала үшін білім саласы үлкен теңіздей көрінсе, сол теңізден жүзіп өтіп, мақсат-мұратыңа жетуде мектептің атқарар рөлі орасан.

Биылғы оқу жылы Тараз қалалық білім беру саласы үшін табысты аяқталуда. Оқу-ағарту бағытында серпін байқалса, оқушылар да абырой биігінен көрінуде. Бұл – мұғалім деген мәртебелі мамандық иелерінің адал еңбегінің әділ бағасы.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 10 шілдедегі №174 бұйрығына (соңғы өзгеріс 24.04.2025 ж. №82 бұйрық) сәйкес, 23 мамырда меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық білім беру ұйымдарында оқу жылы аяқталады.
Тараз қаласында оқу жылын 293 білім мекемесі, оның ішінде мемлекеттік – 141 (бала саны: мектепте – 85 166, балабақшада –13 172), жекеменшік 152 (мектепте – 9 040 оқушы, балабақшада –13 544) оқу ошағы аяқтайды.
2024-2025 оқу жылында 94 206 оқушы білім алып (мемлекеттік – 85 166, жекеменшік – 9 040), оның ішінде 1 сыныпты – 9 201 оқушы (мемлекеттік – 7 879, жекеменшік – 1 322), 9 сыныпты – 8 706 (мемлекеттік – 8 312, жекеменшік – 394) және 11 сыныпты – 5 936 (мемлекеттік – 3 903, жекеменшік – 2 033) оқушы тәмамдайды.
Барлық мектепте 23 мамыр күні 2-8, 10 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма!» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі. Шара «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылады.
24 мамыр күні сағат 09:00-де мектептерде 1, 9, 11 сынып оқушыларының қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» салтанатты шарасы ұйымдастырылса, құрылыс және жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан №7, 15, 25 мектептердің салтанатты шарасы уақытша білім алып жатқан мекемелерде өтеді.

Жалпы білім беретін мемлекеттік мектептерде білім алатын 85 166 оқушының 39 681-і (5-8, 10 сыныптар) аралық аттестаттауға және 9, 11 сыныптардың 12 214 бітірушісі қорытынды аттестаттауға жіберіледі.
Мектеп басшыларына осы жылдың түлектеріне арналған шараны жоғары мәдениеттілікпен, ысырапшылдықсыз, даңғазалықсыз, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізу тапсырылды. Осыған байланысты барлық мектеп директорлары мен ата-аналарға талаптар түсіндіріліп, жиналыс өткізілді.
Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша мектеп басшыларына дербес жауапкершілік жүктеліп, білім бөлімінің бұйрығымен міндеттелді. Осыған сәйкес білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен ата-аналар комитетінің мүшелері тарапынан арнайы рейдер өткізілуде.
Бастауыш сынып оқушылары (33 271 оқушы) 24 мамырдан бастап демалысқа шығады. Ал 5-8 және 10 сыныпта білім алушылар 26-28 мамыр аралығында аралық емтихан тапсырады (қазақ тілі пәнінен, ауызша және жазбаша емтихан). 10 сынып ұлдары 26-30 мамыр аралығында оқу-далалық жаттығулардан өтеді.
Ағымдағы жылы 9, 11 сыныпты аяқтайтын 12 214 оқушы (9 сынып – 8 312, 11 сынып – 3 902) 29 мамыр мен 16 маусым аралығында қорытынды емтихан тапсырады.
9 сынып оқушылары – 4 (ана тілі, математика, орыс тілі және 1 таңдау пәні), 11 сыныпты бітірушілер 5 пәннен (алгебра, ана тілі, Қазақстан тарихы, орыс тілі, таңдау пәні) мемлекеттік емтиханнан өтеді. Осыған сәйкес барлық мектептерде дайындық жұмыстары жүргізіліп, оқушылар үшін қосымша сабақтар өткізілуде.
Ағымдағы оқу жылында 41 мектептен 146 оқушы «Алтын белгі», 49 мектептен 209 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер ретінде тіркелді. 9 сынып бітірушілері арасында 513 оқушы негізгі орта білім туралы «Үздік аттестат» үміткері болып отыр. Нақты шешім мемлекеттік емтиханның қорытындысынан кейін шығарылады (жекеменшік мектептерде «Алтын белгі» – 173, «Үздік аттестат» –190).
Мемлекеттік емтиханның қорытындысы бойынша мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру 18-20 маусым күндері өткізіледі. Жоғарыда аталған шараларды өткізу барысында балалардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау шаралары қаралып, білім мекемелеріне нұсқаулықтар берілді.
Мамыр-шілде аралығында өтетін мемлекеттік білім беру гранты үшін өткізілетін ҰБТ-ға 3 902 түлектің 3 240-ы немесе 82,1 пайызы «2024 ж. – 81%) өтініш беріп, екі мүмкіндік бойынша тест тапсырады (2024 жылы мектеп бітірушінің 57 пайызы, яғни 1 287-сі мемлекеттік грант иегері атанған). Тестілеу 16 мамырда басталып, 7 шілдеде аяқталады. 707 бітіруші белгілі себептермен ҰБТ тапсырмайды (денсаулығына байланысты – 22, ЖОО-ның грант иегерлері атанғаны – 5, шетелге кетуі – 224, колледжге түсетіні – 160, ақылы тест сертификатымен тапсыратындар – 148, жұмысқа баратындар – 148).
Биыл тестілеу «Қарасу» шағынауданы, №5 «А» мекенжайында орналасқан Ұлттық тестілеу орталығында өтуде. Бір күнде екі ауысыммен 490 бала тест тапсыруда. ҰБТ өткізілетін күндері тестілеу орталығында мектеп педагогтері мен психолог мамандары кезекшілік жасауда.
Жаз маусымында мектеп оқушыларының 70 пайызы (жалпы – 59 617, оның ішінде қала сыртындағы лагерь – 2 700, мектеп жанындағы лагерь – 56 917) жазғы демалыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл мақсатта барлық мектеп жанында демалыс лагерьлері жұмыс жасайды. Жекеленген санаттағы балалар қала сыртындағы демалыс лагерьлерінде демалады.
2 маусымнан бастап 78 мектеп жанында жазғы лагерь жұмыс істейді. Құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін 7 мектеп оқушыларының демалысы жақын маңындағы мектептерде ұйымдастырылады.
Мектеп жанындағы лагерьлерде «Жаз-2025» бағдарламасы аясында тәрбиелік, әлеуметтік жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтсақ, «Green Тайм» экологиялық, «Болашаққа бағдар» кәсіптік, «Ойын Land» танымдық-дамытушылық, «Жазғы спорттық мүмкіндіктер», «Ауылдағы тамаша күн», «Ұлы Дала кереметі» тәрбиелік жобалары бойынша шаралар ұйымдастырылады. Жасөспірімдерді еңбекке, жауапкершілік пен ұжымшылдыққа, экологиялық мәдениетке баулу мақсатында еңбек жасақтарына 7 024 бала, ал көгалдандыру бригадаларына 9 853 бала қамтылады деп көзделуде.
Сонымен қатар қала сыртындағы демалыс лагерьлерінде 27 00 баланың демалысына 170 млн 100 мың теңге қарастырылды.
Қала сыртындағы лагерьге қамтылатын 2 700 баланың 893-і «Тау самалы» лагерінде 6 кезеңмен, 1 212-сі «Болашақ» лагерінде 4 кезеңмен демалады деп күтілуде. Үшінші лот бойынша 595 бала орнын «Мемлекеттік сатып алу» конкурсында 16 мамыр күні «Еламан» ЖШС жеңімпаз болып танылды.
«Тау самалы» лагерінің жұмысы 3 маусымда, «Болашақ» лагерінің жұмысы 1 маусымда басталады. Лагерьлердің балаларды қабылдауға байланысты дайындық жұмыстарына бірнеше рет бақылау жүргізіліп, лагерь басшыларымен кездесулер өткізілді.
Балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуына жауапты қала мектептерінің педагогтарына төтенше жағдайлар, СЭС, полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен семинар-практикумдар мен жиналыстар, іс-тәжірибе бөлісу, шеберлік сағаттары, нұсқаулықтар өткізілді.
Сондай-ақ барлық білім беру мекемелерінде 5-31 мамыр аралығында «Қауіпсіз балалық шақ» науқаны іске асырылып, ата-аналармен, оқушылармен және педагогтармен жазғы демалыстың қызықты, тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру шаралары бойынша жұмыстар атқарылуда.
Жазғы лагерь жұмысы туралы ата-аналарды, қоғам белсенділерін таныстыру мақсатында білім беру мекемелерінде «ашық есік» күндері өткізілді. Аталған жұмыстар білім бөлімінің тұрақты бақылауында болады.
Міне, осылайша биылғы оқу жылы бір оқушылар үшін табысты аяқталып, үлкен өмірге жол ашып жатса, енді екіншілер үшін білім нәрімен сусындау жолының жалғасы болуда. Білім бөлімі тарапынан мектеп түлектеріне де, жазғы лагерьлерде демалушы балаларға да тұрақты бақылау жүргізіледі. Себебі, бұл ел ертеңі саналған ұрпақ алындағы парызымыз.

Comments (0)
Add Comment