Жәния Джуринская бір жыл бала көтере алмағанын айтады. Актриса осы уақыт ішінде ЭКО орталығына барып үлгерген. Жәния өзі сияқты бала күтіп жүрген келіншектерге кеңесін айтты, деп жазады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ай сайын дәретхананың мұздай еденінде 2 сызықшаны күтіп отыратынмын. Бірақ әр кез сайын нәтиже теріс шығып, көңіл-күйіміз қатты түсетін. Кезекті теріс нәтижеден кейін, жарылып, өзіме де, айналадағыларға да ашуландым. Өмірімнің тоқтап қалғанын, үнемі күтумен жүргенімді түсіндім. Ал өмір маған бір рет қана беріледі», – деді актриса.
Жәния бала көтеру мәселесін шетке ысырып, ойын басқа арнаға бұрғанын айтады.
“Өзімді таңдадым. Дәл қазір, осы жерде өмір сүруді таңдадым. «Өмірге жаңа адамның келуін шешетіндей мен кіммін? ОҒАН керек болған кезде, келеді. ӨЗІ шешкен кезде» дедім де, жағдайды жібердім. Өзімнен, күйеуімнен, жақындарым мен жұмысымнан ляззат алып, өмірімді әрі қарай жалғастырдым. Өмір сүрдім, ешкімге бармадым, ештеңе ішпедім», – дейді актриса.
Осы ретте Джуринская өзі сияқты бала көтергісі келіп жүрген келіншектерге кеңесін айтты.
«Қымбатты қыздар, бұл ғажапты көптеген қыздардың күтетінін білемін. Ол ертелі-кеш орындалады. Бірақ өздеріңізді ұмытпаңыздар. Уақытты ваннаның суық еденінде жоғалтпаңыздар. Сізге берілген өмірдің өзі – ғажап! Оны аялап, рахаттанып өмір сүріңіздер.
Бірнеше ай бойы тест жасамайтын болдым. Түнгі сағат 12-де күйеуім екеуміз төсекте жаттық. Қолын ішіме қойып, салмақты түрде: «Сен жүктісің бе? Ішіңде өзгеріс бар. Сеземін», – деді. Мен бұл жаңалықты мүлдем күтпедім», – деп ағынан жарылды Жәния.