Соңғы жылдары адамдардың өз-өзіне қол салу фактілерінің жиілеп бара жатқаны байқалуда. Әсіресе көпшілікті алаңдатып отырған «суицид» деп аталатын осы дерттің мектеп оқушыларын да жағалауы – дабыл қағарлық жайт. Әсіресе соңғы 15-20 жылдағы жасөспірімдер мен жеткіншектер арасында өзіне-өзі қол жұмсау санының өсімі ерекше үрей туғызады.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жергілікті бюросының мәліметтері бойынша, соңғы 15 жылда 15-24 жастағылардың өзіне-өзі қол жұмсау саны 2 есеге өскен. Сондай-ақ экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекеттерде өлім-жітімнің басты себептерінің қатарында суицид 2-3 орында тұр.
Суицидке бейім «тәуекел тобына» өзгелермен қарым-қатынасы бұзылғандар немесе жалғыздық күйін кешуші, ішімдік және есірткі пайдаланушылар, басқалардан өрескелдеу немесе бұзақы тәртібімен көзге түсуші, көп уақыт бойы депрессивті көңіл-күйде жүрген жасөспірімдер жатады. Сондай-ақ өз-өзіне тым сыни көзқараста қарайтын, әлеуметтік жағынан әлсіз жанұядан шыққандар, отбасынан қашып кеткен немесе ата-аналары ажырасқан жастар да суицидке бой алдыруы мүмкін.
Суицидке бейім жасөспірімдерге көбіне сезім жетекшілік етеді. Олар болашаққа сенбейді, солай бола тұрса да, өзін біреудің аман алып қалатынына үміт артады.
Жоғарыда айтқанымыздай, дәл қазіргі кезде жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеті жиі белең алып тұр. Бірі маскүнемдіктің, енді бірі жат қылықтың жетегінен шыға алмай қор болуда. Уақытша қиындыққа төзе алмай, тосын оқиғаға тап болып, өмірімен ерте қош айтысып жатқандар қаншама. Сонда олар үшін өмірдің мәнінің бір тиындық құны болмағаны ма? Әлде жанын жегідей жеген жарасын айтып жазар адам таппағаны ма? Шыдамдылықтың шегінен шығып, тағдырдың тосқауылына төзе алмауларына не себеп? Айта берсе, мұндай сауал өте көп.
Ал енді мұндай әрекеттерге барудың басты мотивтеріне тоқтала кетейік. Өзіне қол жұмсауды ойлайтындардың бір бөлігі, шын мәнінде, өмірлерімен қоштасқысы келмейді. Олар мұны тек бір нәрсені алу үшін құрал ретінде пайдаланады. Өмірді жақсартуда өзгерістер енгізуге еш үміттің жоқтығы да осыған басты себеп. Сонымен қатар шешімі табылмаған мәселелер шектен тыс көбейгенде де, адамдар суицид жайлы ойлай бастайды.
Кейде адам өз-өзіне қол жұмсау арқылы көптеген проблемаларын алып кетіп, отбасына жеңілдік жасаймын деп санайды. Олардың ойында тек батыл және күшті адам ғана өз-өзіне қол жұмсауға қабілетті деген ұғым қалыптасқан.
Бұл қасіреттің алдын алу үшін әрбір адамның бойында суицидке қарсы тұра алатын факторларды қалыптастыру қажет. Ол факторларға өзіне өте жақын туыстары мен жақындарына деген айрықша құрмет, мойнындағы жауапкершілікті сезіну, өз денсаулығына мән беру, оған зақым келтіруден қорқу, өмірдегі мүмкіндіктерді толыққанды пайдалануға талпыну, шығармашылық, отбасылық және басқа да жоспарларының болуы, рухани, тәлім-тәрбиелік ойлардың мазалауы, діни сенімнің жоғары тұруы, өз-өзіне қол жұмсау күнәсінен қорқуы жатады.
Жасөспірімнің бойына өмірге деген құштарлық және жоғарыда аталған факторлар қаншалықты көбірек кездессе, соншалықты оның психологиялық қорғанысы және іштей өз-өзіне сенімі күшті болады.
Осы орайда баланың суицид жасауға әрекеттенуіне үлкендер кінәлі екенін ескеруіміз қажет. Сол үшін суицидке апаратын белгілер пайда болса, оған айрықша мән беру керек. Өйткені бұл – көмекті қажет ететін дағдарыстағы адамның жан айқайы. Жасөспірімдер депрессиясының алдын алуда ата-ананың рөлі зор. Баланың көңіл-күйі болмаса немесе одан жан күйзелісі белгілерін байқасаңыз, оған тез арада көмектесуге тырысқан жөн.
Біріншіден, баланы әңгімеге тартып, оның жағдайын сұрап, оған түрлі сұрақтар қойып, болашақ туралы сөз қозғап, жоспар құру қажет.
Егер сіз өзіңізге жақын адамда депрессия басталғанын байқасаңыз, әуелі оның себептерін анықтауға тырысыңыз. Бұл болатын қауіпті жағдайдың алдын алуға септігін тигізеді.
Депрессия жағдайы адамда ауыр өтуі мүмкін. Дегенмен одан сауығып кетуге әбден болады. Адам бойындағы стрестік жағдайлар мен жүйкенің шаршауы да депрессияға жетелейді. Сондықтан бұл жағдайдың нақты себебін толық түсіне бермейді. Сол себепті өзіңізге жақын адамдарға көңіл бөліп, оларды сүйе біліңіз. Сонда ғана сіз күннің күлімдеп жарқырағанын, құстың қуана сайрағанын сезінесіз.
Замира Байдулаева,
Тараз қалалық №2 емхананың психологы