Суицид: өмір мен өлім арасы

Жыл басынан бері елімізде жүзден астам жасөспірім өз-өзіне қол жұм­саған,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Биылғы алты айда 50 бала өзін-өзі өлімге қиса, екі жүзге жуық жасөспірім суицидке әрекет жасаған. Айналдырған екі аптаның өзінде ғана бір Алматы қаласында үш бірдей жасөспірім биік ғи­ма­раттан секіріп, бақилық болды. Балалар мен жасөспірімдер ара­сын­дағы бұл әрекеттің себебін мамандардың өздерінен сұрап көрдік.

  1. Балалар арасында суицидтің артуына не себеп? Негізгі факторларды атасаңыз.
  2. Баланың суицидалды белгілерін қалай байқауға болады? Ата-ана неге назар аударуы тиіс?
  3. Суицид жасауға ұмтылған оқушымен кейін қалай жұмыс істеу керек? Оны райынан қайтарудың әдістері қандай?
  4. Балалар неше жастан суицид жасауға ұмтылады? Қай жаста өз-өзіне қол салу оқиғалары жиі кездеседі?
  5. Балалар арасындағы суицидті азайту үшін ата-ана, мұғалімдер тарапынан қандай кешенді істер атқарылуы қажет?

 

Татьяна БРАУН,
балалар суицидологі:

Жасөспірімдер суициді – жұқпалы ауру

– 1. Владимир Маяковскийдің Сергей Есенинге арнаған өлеңінде «бұл әлем кө­ңілді өмір сүруге ар­на­лып жабдықтал­маған, өмірден ләз­зат алғың келсе, алдағы күндерден қуаныш іздеу ке­рек» деген шумағы бар. Шындығында, бұл өмір ешкімнің ба­сы­нан сипамайды. Бірақ жылуды жа­ны­мыздағы адамдар береді. Өкініштісі сол, кейбір жандар жақындардың жылуын сезіне алмайды. Әсіресе, оңы мен солын танып үлгермеген балалар өмірдің алғашқы сынағынан сынып қалып жатыр. Өйткені оларды өткінші қиындықтан өткізіп жі­беретін жақын жандары дер кезінде демеу бола алмай келеді. Балалардың суицидтік мінез-құлқының пайда болуына ата-анасымен және құрдастарымен қарым-қатынас жасай алмау, жалғыздықты сезіну, ата-анасының біреуін жоғалту, не болмаса олардың ажырасуы, орынсыз махаббат, қызғаныш, қорлау, тіпті өзінің бойындағы менмендік те күйзеліске түсіреді. Жасөс­пірімге дейінгі кезеңде суицидтік мінез-құлық отбасы мен мектептегі буллингтен, ал жасөспірімдерде махаббат пен сек­суалдық қақтығыстардың салдарынан туын­дайды. Кейбір балаларда психо­бел­сен­ді заттарды қабылдау нәтижесінде әртүрлі себеппен қорқынышқа, ашу мен қайғыға бой алдырып, суицид жасауы мүмкін.

Дені сау жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың 3 негізгі себебі бар. Біріншісі, бейімсіздік. Олар әдетте әлеуметтік ортадан өзінің талап деңгейіне сай келетін нәрсені таппауы. Екінші, қақ­тығыс. Бұл отбасы мен мектеп қабырға­сын­да үлкендердің ақыл-кеңесінен бас тартуға байланысты. Үшінші – алкоголизм мен есірткіге елігу. Бұл да баланы өзін-өзі өлімге тез итермелейді және жаман ойды бірден жүзеге асыруға итермелейді. Адам неғұрлым жас болса, соғұрлым оның өмірден кету ниетінің ақиқатын анықтау қиын. Сон­дықтан олардың іс-әрекетіндегі албырттық ырыққа көнбейді. Ішімдік пен есірткі қабылдау балалар мен жасөспірімдердің эмоционалды жүйке-жүйесіне тез әсер етеді. Балалар мен жасөспірімдер арасын­дағы суицид жұқпалы ауру секілді. Олардың суицидтік мінез-құлқындағы өзгерістерге отбасындағы тәрбиенің әсері көп. Мысалы, зорлық-зомбылық көп отбасыларда бала­лар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы мен қол жұмсауға әрекет жасауы өте жоғары. Отбасындағы үйлесімдік жоқ, бірін-бірі қадірлемейтін ортада тәрбие­лен­ген балалар арасында 40%-ға дейін суи­цидтік мінез-құлықтағы балалар мен жас­өс­пірімдер өседі. Сосын суицидтің негізгі себебі – психикалық ауру, әсіресе аффек­тивті бұзылулардың әсері бар. Бұрын психиатриялық ауруханаларда емделіп шыққан жасөспірімдер суицидтің ерекше қатеріне шалдығады.

2. Өз-өзіне қол жұмсағысы келетін ба­лалар мен жасөспірімдер көбіне көмек сұрай алмайды, бірақ бұл көмек қажет емес дегенді білдірмейді. Суицидтің алдын алу ескертудің алғашқы белгілерін танудан және оларға деген байыпты қарым-қаты­настан басталу керек. Егер балаңыз немесе отбасы мүшеңіз өз-өзіне қол жұмсауды қарастыруда деп ойласаңыз, бұл тақырыпты көтеруден қорқуыңыз мүмкін. Бұл – дұрыс емес. Керісінше, суицидтік ой, қорқыныш сезімі туралы онымен ашық әңгімелесіп, ойындағысын білу, өз ойыңды айту оның өмірін сақтап қалуы мүмкін. «Адам өзін өлтіруге бел буса, оны ештеңе тоқтата алмайды» деген жаңсақ түсінік. Тіпті, ауыр күйзелісте жүрген адамның өмір сүруге деген құлшынысы жоғары. Сол үшін ондай адамдарда өлім мен өмір арасындағы күрес соңғы сәтке дейін болады. Олар тек өз-өзіне қол салу арқылы жанын жеген ауыр­сынуды тоқтатқысы келеді. Егер жақын жандар жан-жақтан демеп жіберсе, суи­цид­тік ойдан біржола арылып, өмір сүруге деген құлшынысы артады. Мысалы, өзін-өзі өлтірген адамдардың барлығы жақын­да­рына жан сырын ақтара алмаған, айнала­сындағы адамдардан дер кезінде көмек сұрамағандар. Суицид құрбандарының жар­тысынан көбі өзін-өзі өлімге қиғанға дейін соңғы алты айда ғана медициналық көмекке жүгінген. Таңғалатыным, кейбір адамдар күйзелісте жүрген адамдармен сөйлесу, әңгімелесу өзге адамның да ойын бұзады деп санайды. Мүлдем олай емес. Немесе баламен суицид туралы ашық сөй­лессем, өзін-өзі өлтіруге итермелеймін бе деп қорқады. Керісінше, суицид туралы ашық сөйлесу мен талқылау – балаңызға жасай алатын ең пайдалы нәрселердің бірі. Өйткені өзін-өзі өлтіруге талпыныс жасаған әрбір адам қасындағыларға өзін түсіну үшін, күйзеліске түсіп жүргенін білдіретін алғашқы дабыл белгілерін байқатады. Мы­салы, «Мен өлсем, сізге оңай болады ма?», «Мен жарқын болашақ көрмеймін» деген сияқты әңгімелер айта бастайды. Кейбі­реулер бұл сөзді әзіл түрінде жеткізуі мүм­кін. Өз-өзіне қол жұмсау ниеті бар адам­дардың көпшілігі психикалық ауру немесе есі ауысқандар емес.

3. Әдетте өзіне-өзі қол жұмсаудың ал­дында кез келген адам өзгеріп кетеді. Сон­дықтан суицидтік қауіп-қатерлерге аса мән беру керек. Тіпті, ол адам әлгіндегідей әзіл­мен немесе сөз арасында өлім туралы айта бастаса, не болмаса суицид туралы манипулятивтік мінез-құлық танытса, бұл адамның алдағы уақытта өзін-өзі өлтіруі мүмкін жоспарының пісіп-жетіліп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан ол адамға тез арада қол ұшын беру маңызды. Суицид тақырыбында әңгімелесу мен түрлі сұрақ қою арқылы адамның бойындағы қауіп-қатерді азайтып, райынан қайтаруға бола­ды. Өйткені күйзелісте жүрген адамға жан дүниесіне жақын адамдардың көңіл бөлуі, қызығуы жеңілдік сыйлайды. «Суицид жа­сағың келіп жүрген жоқ па?» деген са­уалды тіке қойып, одан шығатын жол барын түсіндіріп, ондай ойға не үшін келгенін біл­ген соң сол бойынша әрекет ету маңыз­ды. Егер адам күтпеген жерден өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен, ниетінен немесе деп­рессиядан кейін эйфорияны сезінсе, онда ол екі есе қауіпті. Бұл өз-өзіне қол жұмсау туралы шешім қабылдағанын және жос­парлағанын білдіреді. Мұндай кезде ол адамды жалғыз қалдырмаңыз, тіпті «бәрі жақсы» деп сенімді түрде айтса да. Ондай адамдар суицидтік ойы мен ниеті барын жоққа шығарады.

4. Суицидтік әрекетке бес жастан асқан ба­лалар да барады. Бірақ олар өте сирек. Он-он бір жастағы балалар да бұл әрекетке аз барады. Суицидтік іс-әрекет жасайтын бала­лардың 60%-ы жасы – 15-тен 17 жас­тағылар. Биыл төрт айда 53 бала суицид жа­саса, 120 бала өзін-өзі өлтіруге әрекет­тен­ген. Бұл –Қазақстандағы әрбір екінші күні кәмелетке толмаған бала өз-өзіне қол жұмсайды және күн сайын мұны істеуге тырысады деген сөз.

5. Балалар мен жасөспірімдердегі күй­зелістің алдын алуда ата-аналар маңызды рөл атқарады. Баланың бойындағы белгі­лерді байқаған болсаңыз, алдымен өзіңіз сабыр сақтаңыз. Қанша жұмысбасты бол­саң да, баламен байланыс жасауды ұмытпау керек. Үнемі уақыт бөліп, әңгімелесу, пі­кірін білу, оның өмірі туралы сұрау, оған маңызды және мағыналы болып көрінетін нәрсені құр­меттеуді үйреніңіз. Қазіргі және бола­шақтағы перспективалар туралы сөйлесіп, баланы өмірдегі қарапайым және қолжетімді нәрселерден ләззат алуға үйрету керек. Баладан тек жетістікті ғана күту жү­регін жаралауы мүмкін. Жеңіліс тәжірибесі де жетістікке жетудің жолы екенін түсіндіре білсек деймін. Баланың дөрекілігінің ар­тында не тұрғанын түсініңіз. Сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсетіп, баланың бостан­дығы мен еркіндігінің арасындағы тепе-тең­дікті табыңыз. Қазіргі ата-аналар ер­кіндікті балаларына ерте береді. Бірақ бос­тандықты бала басқаша түсінуі мүмкін. Өзін-өзі бас­қаруды білмейді де, жүген­сіздікке жол бе­реді. Балаға еркіндік бер­генмен, өзін басқару құқығын толығымен беруге болмайды.

Отбасынан жылу таппаған жасөспірім­дер жан жарасын әлем желіден іздейді. Алай­­да интернет қауіп-қатерге толы. Ба­лалар зорлық-зомбылықты, порногра­фия­ны, ұлтаралық және діни алауыздықты, есірткі мен алкогольді қолдануды насихат­тайтын сайттарға тап болуы мүмкін. Ата-аналар баланың желіде қандай ақпарат іздей­тінін, телефоннан немесе планшеттен қандай сайттарға кіретінін білуі керек. Интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналар баланың желіні қалай қолданатынын қадағалап отырғаны жөн. Веб-мазмұн сүзгілерін орнату, электронды пошта контактілерін басқару немесе ба­ланың интернет арқылы байланысын шек­те­ген де артық етпейді. Баланың түнгі және таңғы ұйқысына, киім киісіне де мұ­қият болу керек. Егер бала ашық киімнің орнына аяқастынан қол-аяғын бүркейтін киім кисе, киімнің астында жарақат жасы­рынуы мүм­кін. Бөлмесіндегі заттарға да на­зар аударып қойған дұрыс. Бұрын ұста­майтын ұстара, құпия заттарын қадағалап қойған да жөн. Баланың бойындағы кіш­кене ғана өзгерісті байқамау мүмкін емес. Ал оқу орындарында жеке тұлғалық бұзы­лулары бар оқушыларды уақытылы анықтау және оларды психоло­гиялық қолдаумен қамта­масыз ету маңызды.

Мұғалімдерге де жауапкершілік арту керек. Үлгерімі төмен оқушыларға оқуда кө­мек көрсету керек. Жетістігі төмен оқу­шы­ларды ата-ана ғана емес, мектепте ұс­таздары да қолдап-қуаттамаса, үнемі мін іздеп, басқалардан бөлектей берсе, бұл бала үшін ауыр соққы. Мұғалімнің осы кем­сі­тушілігі оқушылардың арасында баланың мазақ болуына, арты өз-өзіне қол жұм­сауына түрткі болады. Ұстаз дер кезінде баланың сабаққа қатысуын қадағалап, сабаққа қатыспау себептерін анықтау керек. Сынып жетекшісі баланың отбасы мен өмір сүру жағдайларын зерттеуі тиіс.

Жағдайы жоқ, ақылы курсқа қатыса алмайтын балалар үшін өз қатарластарынан қалып қою күйзеліске әкелетінін ұмыт­пайық. Сол үшін балалардың талантын ашып, білім көкжиегін кеңейту үшін де мүмкіндік қарастырылғаны дұрыс. Өздерін қызықтыратын, көңілі қалайтын үйірмелер, спорт секциялары, өнер немесе би сынып­тары, экскурсиялар мен турпоходтар, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру олардың суицидтік мінез-құлқын сейілтуге себеп болатын еді.

 

Әсел АЙДАРОВА,
балалар суицидологі: 

Сау адам суицид туралы ойламайды

– 1. Арнайы пси­­хологиялык зерт­­теулер бойын­ша, балалар ара­сын­да­ғы суицидтің ар­туына пси­хи­ка­лық ауытқушылық се­беп. Мектеп пен отбасында бала­ның күйзелісте жүр­­генін анықтау ерте болса, суицид­тің алдын алуға болады. Жасөспірімдердегі психотравматикалық мінез-құлық мәж­бүр­лі әлеуметтік оқшаулау, тұрғылықты жердің ауысуы, мектеп немесе сынып ауыстыруы, жалғыздық, ұят, қор­шаған ортада өзін жай­сыз сезіну, жақын жандардың өлімі, туыс­қандар мен дос­тардың арасындағы суицид жасаған әрекеттерге байланысты өрбиді. Суицид туралы ой, өлімге деген ниет ауыр сома­тикалык немесе психикалык ауруларға әкеледі. Жыныстық зорлық, тұрмыстық зор­лық-зомбылық, гомосексуалдық фак­тор­лар, жоспарсыз жүктілік, қаржының жоқ­тығы, ішімдік пен есірткі қабылдау, өзі­не көңіл толмау, шамадан тыс сезімтал­дық пен болашаққа деген үмітсіздік күй­зеліске түсіреді.

2. Меніңше, баласының болашағын ой­лайтын кез келген ата-ана баланың пси­хи­калық саулығына назар аударғаны жөн. Бә­­рінен бұрын ата-ана баласының көңіл кү­йін, сөйлеген сөзін, ой-пікірін, көзқа­ра­сын, сезімі мен эмоциясын, тіпті жүріс-тұ­рысын, киген киімі мен сыртқы көрінісін өзгерте бастағанын жазбай таниды. Тек ба­лаға көңіл бөлу арқылы оның өз-өзін өлім­ге әркеттенгісі келіп жүргенін бай­қай­ды. Бай­қап қана қоймай, ақылға салып әрекет еткенде ғана жамандықтың алдын алуға болады.

3. Суицид туралы психикалық тұрғыда сау емес адам ойлайды. Суицид ойлаған баланы райынан қайтару әркімнің қолынан келе бермейді. Оған тек психиатр, психо­те­рапевт және психолог секілді арнайы маман­дардың көмегі қажет. Олар баланың бо­йындағы өзгешелікті зерттеп, психо­те­рапия және психотүзету арқылы өмірін сақтап қала алады.

4. Өз тәжірибемде 12-13 жасында суи­цидтік ойға келіп, 14 жаста сол әрекетті жасауға бел буғандар 15-17 жасында суицид әрекетін алғаш жасағанын айтқан. Кім болса да бір жылдың ішінде өмірін қия салмайды. Бірнеше жылдың ішінде пайда болады. Кейбір жасөспірімдерге бұл ой бала күнінен бастап пісіп-жетіледі.

5. Балалар суицидінің алдын алу өте қиын болып барады. Негізі, балалар өлім­нен қорқады, шын мәнінде өлгісі келмейді. Алай­­да айналаға деген өкпе-реніш, қор­қыныш бірте-бірте арта бастағанда басын­дағы жаман ойлардан арылу үшін суицид жасайды. Сондықтан егер баладағы алғаш­қы дабыл белгілерін байқаған ата-ана мен мұ­ғалім ауруды жасырмай, дер кезінде пси­хикалық орталықтардың көмегіне жүгінгені дұрыс.

Comments (0)
Add Comment