Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары
Суицид – бүгінгі қоғамның үлкен әрі маңызды әлеуметтік мәселесі. Мен бұл құбылысты ұзақ уақыттан бері бақылап келемін. Өйткені жас жігіттің әскери бөлімде өз-өзіне қол жұмсағаны туралы оқыдым. Өкінішке орай, мұндай әрекет өте кең таралуда.
Кез келген адам суицидке бой алдыруы әбден мүмкін. Тіпті ондай жандар айналаңызда да көптеп кездеседі. Егер сіз сол адамдардың қандай да бір оғаш іс-қылығын байқасаңыз, онымен әңгімелесуге, қолдау көрсетуге асығыңыз. Сол арқылы сіз оны өз-өзіне қол жұмсаудан арашалай аласыз. Өкінішке орай, күйбең тірліктің қамымен жанымызға жақын адамдарға мән бере қоймаймыз. Соның салдарынан орны толмас қайғыға ұрынамыз.
Жалпы ресми статистика бойынша, суицид жасауға оқталғандардың 85 пайызы 14-54 жас аралығындағы ер азаматтар екен. Ал оның басты себебі – көп жағдайда құмар ойындарға құнығу, бәс тігу, жақындарын жоғалту, баянсыз махаббат, отбасындағы кикілжіңдер, жұмыстағы басшысының қысымы екен. Кейбір адамдар томаға-тұйық мінезінің кесірінен мұндай жайттарды ашып айта бермейді. Сондықтан жаныңыздағы жандардың мінез-құлқынан теріс қылық, депрессия белгілері байқалса, бірден назар аударғаныңыз жөн. Олардың жанайқайына құлақ түріп, мәселесіне ден қойған абзал.
Бұл өмірде кез келген адам қиындықпен бетпе-бет келеді. Бірақ кейбіреуі суицидті сол қиындықтан құтылудың жалғыз жолы деп санайды. Бірақ әрбір адам екінші мүмкіндікке және бақытқа лайық. Сондықтан өзіңіз де тығырыққа тірелсеңіз, өзгелерден көмек сұраңыз.
Бақытсыз балалық шақ та адамның психологиясына әсер етіп, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейді. Мәселен, отбасында зорлық-зомбылыққа куә болып өскен бала ержеткен соң психологиялық ауытқуға ұшырайды. Тіпті агрессивті мінез-құлық танытып, өзгелерге үстемдік етуі де бек мүмкін. Ал мұндай іс-әрекет өзін болмаса да өзгелерді суицидке душар етеді. Сол себепті бала тәрбиесінде осы жағына баса мән берген дұрыс. Сүйіспеншілік пен мейірімге қанып өскен жасөспірімнің бұл дертке шалдығу ықтималдылығы өте төмен.
Осы орайда егер сіз суицидке итермелейтін қандай да әрекетке тап болсаңыз, төмендегі сенім телефондарына хабарласа аласыздар:
«150» – дағдарыс орталықтары, «111» – отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі шұғыл қызмет, «11616» – адам саудасы мәселелері жөніндегі жедел желі нөмірі, 55-67-76 – Жамбыл облысының тәулік бойғы сенім және психологиялық көмек телефоны.