Президентіміздің былтырғы жылғы Жолдауда және үстіміздегі жылы суды тиімсіз пайдалануды, жекелеген гидротехникалық құрылыстардың апатты жай-күйін, су айдындарының ластануын және су саласын ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету мәселесін Қауіпсіздік Кеңесінде талқылауы да көп нәрсені аңғартқан еді.
Мемлекет басшысы биылғы дәстүрлі Жолдауында да су қауіпсіздігі мәселесіне тағы да баса назар аударды. Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуда, ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болатынын айтып, бірқатар түйткілдерді атап көрсетті.
Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес айналысатын Су ресурстары және ирригация министрлігін құру осы саласының мамандарының жұмысына жаңа серпін беретіні анық. «Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын», – деді Президент.
Шыны керек бұл салада проблема жетерлік. Су саласына мамандар даярлаудағы жоғары оқу орынның өкілі ретінде кадр тапшылығының артуына біріншіден, су шаруашылығындағы білім беру бағдарламаларына сұраныс аз. Мемлекет пен облыс әкімі бөлген білім беру гранттары жыл сайын игерілмеуде. Биыл бөлінген 338 орынның тек 29 пайызы игерілді. Былтыр бұл көрсеткіш 31 пайыз болған.
Бүгінде М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде су ресурстары бағытында 70 студент білім алса, мелиорация және агрономия саласында 111 жас оқып жатыр. Биылғы оқу жылында екі сала бойынша 43 бітіруші диплом алып шықты. 70-ке жуық студент 1-курсқа қабылданды. Бұл алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір артық! Оқуды аяқтаған соң, түлектер өз мамандығы бойынша «Қазсушар» филиалдарына, бассейндік инспекцияларға жұмысқа орналасады, алайда ондағы айлық жалақыға ұзақ уақыт тұрақтамайды. Еңбек ақысы өте төмен, жаңадан жұмысқа кірген жоғары білімді су саласы маманының айлығы – 86-94 мың теңге аралығында ауытқиды. Бұл еліміз бойынша орташа еңбекақы – 350 мың теңгемен салыстырғанда, 3-3,5 есе төмен.
Жолдауда айтылғандай суды үнемдейтін озық технологияны енгізу аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту, 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3 500 шақырымдық каналды жаңғыртуға білікті кадрлар өте қажет.
Сондықтанда саланың материалдық жағдайын жақсарту және кадр тапшылығын жою үшін еңбек ақыны көтеруді, су саласында оқитын студенттердің шәкіртақысын жоғарылатуды, су мамандарын бір жоғары оқу орнында дайындауды, ғалымдарды шоғырландыруды, оқу-зертханалық базаларды жаңғыртуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді жүзеге асыру қажет.
Бұл ұсыныстар жан-жақты айтылып та, жазылыпта жатыр! Бұл Жолдаудан кейін құрылатын жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі сын-қатерлердің алдын-алуына, түйткілдердің шешілуіне оң ықпалын тигізері анық!
Кенжеғали ШИЛІБЕК,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты