Су шаруашылығында серпін бар

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында өткен баспасөз конференциясында су шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
– Өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс алқаптарын сумен жабдықтау мәселесін шешу мақсатында облыстың 6 ауданында 2019 жылдан бастап Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерді қайта құру бойынша 2 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың құны 37,4 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күнге оның 27,6 млрд теңгесі игеріліп, ұзындығы 573,8 шақырымды құрайтын 137 канал жөндеуден өтті. Сондай-ақ 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артты. Қазіргі таңда жоғарыда аталған 2 жобадан бөлек, каналдарды қайта жаңғырту бойынша тағы 1 жобаны іске асыруға бойынша тиісті жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда «Ислам даму банкінен» 87 каналды қайта жаңғыртуға 99,3 млрд теңге сомасында несие алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бүгінгі күні ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, каналдарға техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленуде. Сондай-ақ, суды тиімді пайдалану және суармалы судың ысырабын азайту мақсатында су үнемдеу технологиялары 2023 жылы егіс алаңының 40 мың гектарына ендірілген болатын. Биыл бұл көрсеткішті қосымша 14,5 мың гектарға арттырып, жалпы 54,5 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу көзделуде, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы өз сөзінде.

Comments (0)
Add Comment