Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлемді алаңдатып отырған су мәселесіне кеңінен тоқталды.
– Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет. Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс, – деген Мемлекет басшысы су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керектігін тілге тиек етті.
– Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін (баланс) қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес. Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ. Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті, егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайттар жиі кездеседі.
– Тағы бір келеңсіз жағдай, бұл – «қара нарықтағы» суды заңсыз сату я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері бұл мәселемен айналысуы қажет. Алайда Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмыстары қарқынды жалғаса беруге тиіс, – деді Президент.
Каспий теңізі – ғасырлардан бері байлығы мен сұлулығы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен теңдессіз қазына екені бәрімізге мәлім. Бірақ соңғы жылдары оның жағалауы кейін шегініп, суы тартылып, айдынның айбары әлсірей бастағаны жасырын емес. Бұл – тек бір елдің ғана емес, тұтас өңірдің алаңдаушылығына айналған мәселе.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып, Каспийдің тағдыры баршамызға ортақ екенін қадап айтты.
– Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Сол себепті мен жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталдым, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым.
Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуы керек. Оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет.
Бүгін біз су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім табатын болсақ, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көретін болады. Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры біздің әрекетімізге тікелей байланысты болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің бұл Жолдауы – табиғатты қорғау жолындағы үлкен жауапкершілікті жүктейтін, салмақты үндеу. Каспий тағдыры – біздің болашақ алдындағы парызымыз. Ұлы айдынның суы тартылса, бүкіл өңірдің тынысы тарылмақ. Ал егер халық пен мемлекеттер күш біріктірсе, көк айдынның толқыны әлі талай ғасыр бойы шалқып тұрары сөзсіз.
Кенжеғали ШИЛІБЕК,
техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының
Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Экологиялық мәселелер» жөніндегі
аймақтық кеңестің мүшесі