Еліміз гендерлік саясатты іске асыруда біршама жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдарға (Бейжің тұғырнамасы), әйелдерге қатысты кемсітушіліктерге жол бермеуге, әйелдердің саяси құқығын қорғау мәселелеріне қатысты қабылданған бірқатар халықаралық актіні ратификациялады.
2015 жылғы қыркүйекте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру бойынша міндеттемелерді өзіне қабылдады, ондағы 17 мақсаттың 12-сі қоғамда гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді көздейді. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйел, қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту негізгі мақсаттардың бірі ретінде көрсетілген. Ол жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысанын жоюға және қыздар мен әйелдер үшін мүмкіндіктер мен қарым-қатынастың теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Елімізде, қоғамның барлық саласында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында жоғары мемлекеттік деңгейдегі гендерлік саясат институ- ты – Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, жұмыс істеп келеді.
2016 жылғы 6 желтоқсандағы Қазақстан Президентінің №384 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілді. Бүгінде Қазақстандағы гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, басымдықтары мен міндеттері осы Тұжырымдамада айқындалған. Тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты – қоғам өмірінің барлық саласында ерлер мен әйелдердің тепе-тең құқықтарға, пайдаға, міндеттер мен мүмкіндіктерге қол жеткізуі, жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысаны мен көріністерін еңсеру.
Елімізде 2009 жылдың 8 желтоқсанында ерлер мен әйелдердің тең құқығы мен тең мүмкіндігінің мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін және мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдікке жағдай жасауға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Осы заңның 9-бабында ерлер мен әйелдердің мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуінің кепілдіктері туралы арнайы нормалар қарастырылған. Соған сай, мемлекеттік органдардың басшылары ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеті мен кәсіптік даярлығына сәйкес, олардың мемлекет-тік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Оған қоса, мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ерлер мен әйелдердің тең әріптестік қатынастарының сақталуын қамтамасыз етеді. Заңда көрсетілгендей, осы белгіленген талаптарды бұзу заңсыз өкімдердің (бұйрықтардың) немесе мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурс нәтижелерінің күшін жоюға әкеліп соғады. Осылайша елімізде арнайы заңмен мемлекеттік қызметте әйелдер мен ерлерді бөле-жарып қарауға немесе белгілі бір артықшылықтар беруге тыйым салынған.
Қазір мемлекеттік қызметте әйелдердің тұрақты белсенділігі байқалады. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, еліміздегі мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлес саны 55,7 пайызды құрады. Қазақстанның мемлекеттік қызметшілер саны 82,7 мыңды құраса, оның 46 мыңнан астамы – әйелдер. Басшы лауазымдарда шама- мен 9 мың әйел қызмет атқарады, бұл жалпы санның 39,3 пайызын құрайды.
2021 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы «БҰҰ – әйелдер» құрылымының Франция және Мексика үкіметтерімен бірлесіп ұйымдастырған «Ұрпақ теңдігі» атты жаһандық форум аясында сөйлеген сөзінде Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап 30 жыл бойы әйелдерді қолдауға бағытталған салиқалы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келе жатқанына тоқталып: «Гендерлік мәселені шешу – өңірлік өлшем бойынша еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі», – деп атап өтті.
Бүгінде елімізде барлық азамат үшін тиімді, бәсекеге қабілетті және халық үніне құлақ асатын мемлекеттік аппаратты құруға бағытталған ауқымды шаралар қабылдануда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу жүйесін одан әрі дамытып, артық бөгеттерді жоюға және меритократия қағидатын ілгерілету керегіне және мемлекеттік қызметтің әрбір қазақстандық үшін ашық болуы қажеттігіне тоқталған болатын. Меритократия – ерлер мен әйелдерге ортақ қағидат.
Елімізде мемлекеттік қызметтің меритократия қағидатына негізделген мансаптық моделі сәтті іске асырылып келеді. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі, құзыреті, қабілеті, жетістігі және өз лауазымдық міндеттерін адал орындауы есебінен мансаптық ілгерілеу мүмкіндігіне ие. Бұл адал еңбекті әділ бағалау жұмысының дұрыс арнаға бағытталғанын көрсетеді.
Барлық азаматтың еліміздің саяси өміріне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету – мемлекетімізде демократия мен еркіндіктің, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Осы орайда әйелдердің озық, білімді, бәсекеге қабілетті болуы, мемлекеттің саяси өміріне және мемлекеттік аппараттың жұмысына белсенді араласуы, қай салада болмасын шешім қабылдауға атсалысуы маңызды. Бұл – заман талабы.
Мемлекеттік қызметке кірудің тең мүмкіндіктерін жасаудың негізгі шарттарының бірі – іріктеудің транспарентті және объективті жүйесі.
Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде ашықтық және айқындық қағидаттарын қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір қызметкердің кәсібилігі мен жеке үлесі негізінде мансаптық ілгерілеуі бойынша тұрақты жұмыс істеп келеді.
Өткен жылы бос лауазымдарға орналасу конкурстарының қорытындысы бойынша жеңімпаздар арасындағы әйелдер үлесі 44 пайызды құрады. Бұл ретте конкурс қорытындыларына сәйкес, басшылық лауазымдарға тағайындалған тұлғалар арасындағы әйелдердің үлесі – 26,7 пайыз.
Гендерлік теңдікті ілгерілетудің негізгі мазмұны әйелдердің ер адамдармен қатар қоғамдық өмірде, мемлекеттік басқаруда, елге қызметте ерекше үлес қоса алатынын мойындау, оларға үлкен жауапкершілік арту. Елімізде барлық салада әйелдер жемісті, нәтижелі қызмет етіп келеді.
Қоғамда гендерлік теңдікті ілгерілетуде гендерлік ағартушылықты қолға алудың да маңызы зор. Гендерлік білім беру және гендерлік ағарту – гендерлік саясатты іске асыруды қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі.
Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мемлекеттік қызметшілердің гендерлік мәселелер бойынша біліктілігін арттыру семинарларын тұрақты негізде өткізіп тұрады.
Семинарлардың мақсаты – қазіргі қоғамның гендерлік үрдістерін талдау және мемлекеттік қызметшілердің гендерлік саясат саласындағы кәсіби құзыреттерін жетілдіру.
Мысалы, 2021 жылы академияда шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Әйелдер көшбасшылығы» мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинары өтті. Семинарда көшбасшы әйелдердің басқару саласында жиі тап болатын проблемалары қарастырылды. Олардың көшбасшылық қасиеттерін арттыру бағытында және мансаптық өсуі үшін әртүрлі ұсыныс пен құрал зерделенді.
Сонымен қатар академия Ұлттық экономика министрлігі мен «БҰҰ – әйелдер» құрылымының бірлескен жобасы аясында «Ұлттық жоспарлау және бюджет жүйесіндегі гендерлік талдау» онлайн курсын әзірледі.
Курс ерлер мен әйелдердің қоғамдағы мәртебесінің теңдігін ескере отырып, тиімді жоспарлау және бюджеттеу туралы ақпаратты қамтыды. Бұл онлайн курс басқару, жоспарлау және бюджеттеу саласындағы барлық мемлекеттік қызметшіге, сарапшылар мен мамандарға арналған.
Бүгінде Қазақстан азаматтары өздерінің білімі, еңбекқорлығы, тапқырлығы арқасында табысқа жететінін көптеген мысалмен дәлелдеп отыр.
Елімізде әйелдер бизнеспен айналысып қана қоймай, дәрігер, педагог, бухгалтер және тағы басқа салаларда нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Министрліктер мен әкімдіктерде мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асыруда да өз үлесін қосуда.
Қоғам мүдделерін басшылыққа алатын талантты жастардың әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде Президенттік жастар кадр резерві жобасы іске асырылуда. Іріктеуге белсенді қатысып, өзінің озық білімі мен дағдысы арқылы діттеген мақсаттарына қол жеткізген жастар арасында білікті әрі бәсекеге қабілетті қыз-келіншектер де баршылық.
Гендерлік теңдікке қол жеткізу бағытында бағдарламалар, стратегиялар мен тұжырымдамаларды сапалы іске асыру үшін гендерлік сауаттылықты әрі қарай ілгерілету қажет.
Тең құқықтар мен мүмкіндіктер негізінде әйел адамдардың әлеуетін кеңінен пайдалану – тұрақты дамудың кепілі. Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекетте әр адам үшін тұлғалық жетілуге, барлық азаматтың өз мүддесін еркін білдіруіне жағдай жасау маңызды. Гендерлік теңдік – қоғам дамуының негізі.
Қазіргі жаһандану мен жаңа цифрлық технологиялар кезеңінде адам дамуының басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзыреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуеті болуы керек. Дамудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда әйелдердің елдегі экономикалық және саяси өмірге жан-жақты және белсенді қатысуының маңызы зор.
Марат Үркімбаев,
Сарысу аудандық сотының төрағасы