Стоматологиялық көмек – денсаулық сақтау саласындағы ең қымбат тұратын қызметтің бірі. Дерек бойынша балалардың 80%-ында тіс ауруы кездеседі екен. Көп ата-ана баласын дәрігерге тіс ауруы асқынған кезде ғана апарады. Себебі ата-аналар тістің жоспарлы профилактикалық тексерулері мен қажет болған жағдайда емдеу тегін екенін білмейді. 18 жасқа дейінгі балалар үшін шұғыл көмек көрсету – МӘМС пакеті мүмкіндіктерінің бірі.
Стоматологиялық көмек МӘМС пакеті аясында жоспарлы және шұғыл түрде 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Сонымен қатар, шұғыл жағдайда тұрғындардың жекелеген санаттарына да көрсетіледі. Ол қатарға Ұлы Отан соғысы ардагерлері, 1, 2, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар жатады.
Жоспарлы стоматологиялық көмек – ауыз қуысына, тіс пен қызыл иекке жасалатын ем-шара. Атап айтсақ, тұрақты тексерулер, профилактикалық процедуралар, сондай-ақ, тісжегіні емдеу, тіс тасын алу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу жоспарлы ем-шара ретінде саналады. Ал, шұғыл стоматологиялық көмек амбулаторлық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек түрінде де, стационарлық жағдайда да көрсетілуі мүмкін. Күрделі тісжегіні, пульпитті, периодонтитті, альвеолитті, невралгияны, невритті, стоматиттің ауыр түрлерін емдеу, тісті жұлу, абсцессті ашу, одонтогендік кистаны алып тастау, жоғарғы-төменгі жақ буынының орнынан тайып кетуін түзету, тістерді уақытша шинамен бекіту, қатерсіз өсінділер мен эпулисті алып тастау жағдайларында шұғыл көмек көрсетілу қажет. Еріннің, тілдің жүгеншігі пластикасының операциясы да МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Егер тексеру нәтижелері бойынша тіс дәрігері амбулаторлық жағдайда көмек көрсету мүмкін емес деген объективті шешім қабылдаса, ол науқасты емдеуден бас тартуға құқылы және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жібере алады. Жедел госпитализацияның көрсеткіштері одонтогенді және одонтогенді емес созылмалы ауруларының қабынуы, өршуі немесе жақ-бет аймағының жарақаты, қан кету және шұғыл емдеуді қажет ететін шұғыл жағдайлар болып табылады.
– Стоматологиялық көмекті емханалардың стоматологиялық кабинетінен де, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан жеке стоматологиялық клиникалардан да алуға болады. Медициналық сақтандыру қорымен келісім жасаған стоматологиялық клиникалар тізімін қордың fms.kz ресми сайтындағы «Медициналық қызметтерді сатып алу – КДҚ жеткізушілер» бөлімінен көруге болады. Жамбыл облысы бойынша 43 стоматологиялық клиника қормен келісімшарт жасасқан. Оларда тексерілу үшін емханадан жолдама талап етілмейді.
Биыл облыс тұрғындарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсеу үшін МӘМС есебінен 2.1 млрд. теңге бөлінді, – дейді қордың Жамбыл облысы бойынша филиалы басшысы Ляззат Алимова. Оның айтуынша, тіс емдеуден бұрын аллергиялық сынаманы да тегін жасатуға болады.
– Егер медициналық көрсеткіш болса, аллергиялық сынама МӘМС есебінен төленеді. Тіс дәрігері берген консультативтік парақ болған жағдайда тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігер қосымша тексерулерге жолдама бере алады. МӘМС шеңберінде аппликациялық, өткізгіштік, инфильтрациялық анестезия төленеді, – деп атап өтті ол.
Тісжегінің көптеген асқынулары бар 4 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ орталық жүйке жүйесінің функционалды және органикалық зақымданулары, психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (белгіленген мүгедектік) және басқа органдар мен жүйелердің зақымдануы, асқынулар мен ауырсыну қаупі бар медициналық көрсеткіштер бойынша санация жалпы анестезия және седация қолданып жасалады. Ондай көмек анестезиология және реаниматологияның кіші түрі бойынша медициналық қызметке лицензияға қосымшасы және реанимациялық іс-шараларға арналған жағдайлар қарастырылған стоматологиялық ұйымдарда ғана жасалатынын білген жөн.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облыстық филиалы