Ұстаздық еткен жалықпас… (эссе)

Қазір қазақ қызының дәуірлеп тұрған кезі. Теңдіктің де, ерліктің де, көсемдіктің де, шешендіктің де тізгінін еркекпен тең ұстап тұрған шағы. Тарих қойнауының сонау бір қилы заманында қазақ қызының сыңсыған мұңлы үні естілуші еді. Енді мінеки, бақыт қонған заманда шаттық үні келеді құлағымызға.

Қалай сынап-мінесек те, Кеңес өкіметі қазақ қызының теңдік алуына кеңінен мүмкіндік жасаған игі жол болды. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің өз жинағының беташар бөлігінде:
Қамысы әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым әупілдектің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Барар ем қалқатайға әлденеше, – деп жылап отырған қазақ қызына: «Жылама, қарындасым. Мінеки, октябрьдің таңы атты. Бақыт таңы. Енді сен боссың, еркінсің. Теңдік туды, еңсеңді көтер. Алдағы бақыт таңыңды күтіп ал!» – деп толғана жұбатады. Қазақ қызының қазіргі шын бақытын көрмей кетті-ау сол Сәкен!
Қазір бұрын болып көрмеген іскер әйелдер тобы пайда болып, қоғамымызды ілгері дамытуға игі ықпалын тигізіп отырған, отбасының береке тізгінін қатар ұстап, елге таныла бастаған қазақ қыздары қаншама. Осындайда әнші Жанар Айжанованың «Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» деген нәзік те сазды әуені құлағымызға келеді.

Сөйткен аяулы қазақ қыздарының бел ортасында өмірге деген құштарлығымен, сергек көңілмен Зиба Абдуллақызы да келеді. Өмірдің бұралаң жолы не қиырға салмады оны. Ата-анасының жетегінде жүріп ол Қарақалпақ жерінің аптап ыстығына күйіп, қатқыл қысына да төзіп бақты. Нөкіс мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1983 жылы оны үздік бітіреді, «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығын алады. Қасиетті де құрметті ұстаздықты мектептен бастайды. Тағдыр енді оны туған елі Жамбыл топырағына алып келеді.

Бұл жылдар ана тіліміздің әбден титықтап, жиын-кеңестердің бәрі де орыс тілінде өтуге көшкен кезі болатын. Облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтындағы бос орынға келіп сұранғанда, оның сол кездегі басшысы В.Н.Илларионова:
– Осыны да пән деп, мамандық деп келіп тұрмысың? – депті кекетіп.

Өзі күйлі, кекірігі азып, әбден болып-толып тұрған, күйеуі горвоенком кесірлі әйелдің дандайсуын көрмейсіз бе?!
Зиба енді сол жылдары жаңадан ашылып жұмыс істей бастаған пединституттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасына келеді. Кафедра меңгерушісі өмір көрген, салиқалы, естияр кісі әңгіменің мән-жайына қанығып алып:
– Қап, мына жаман қатынның ана тілімізді қорлауын-ай, – деп жіберіпті ширығып.
Содан соң лезде ол мінезінен ауысып былай депті.

– Бір әңгіме айтсам тыңдармысың? Үлкен бір мекемеде істейтін мәртебелі бір шенеунік үйінде темір тордың ішінде тотықұс ұстайды екен. Қостілділік науқаны жүріп жатқан кез. Ерігіп жүріп ол енді соған қос тілді үйрете бастапты. Екі аяғына жібек бау тағып, біреуін тартса, оң аяғын көтеріп әлгі тотықұс «Салаумалейкум» деп, екіншісін тартса, сол аяғын көтеріп «Здрасти» дегізіп үйретіпті. Әбден жаттыққан құс айтқанынан жаңылмай, күнде қайталайды да тұрады. Бұған мәз болған әлгі шенеунік: «Әне, көрдің бе? Құс екеш құс та екі тілді меңгерді. Ендеше, қазақ үшін қос тіл үйрену дегенің сөз бе екен? Осыны бір баяндамамда айтайыншы», – депті. Өз ісіне әбден ырза болған әлгі неме бір күні араққа сылқия тойып кеп торды ашыпты да, жібек бауды бір-бірлеп кезекпен тартудың орнына екеуін бірдей тартып жіберіпті. Сонда «Қу.о.о.қ» деп жан даусы шыққан әлгі тотықұс «Енді құлап өлсін дейсің бе, идиот?» деп екі тілде бірдей үн қатқан екен», – дейді.
Екеуі қосылып осыған біраз күліп алды. Қафедра меңгерушісі біраз әйнекке қарап үнсіз тұрды-тұрды да, бір кез бұрылып қарап:
– Қамықпа, қалқам. Ана тілін қорлатпаймыз. Сен жерде қалмайсың, – деді. Сөйтіп тұрып:
Қой, сен бүйтіп қамықпа,
Ілгері ұмтыл, талап ет.
Шығуға айдай жарыққа,
Талаптанып, бол өжет! – деп қалды оқыстан. – Осы кімнің өлеңі?
– Сәбит Мұқановтікі ғой, – деп Зиба бірден сарт еткізді.
– Е… өз тіліңнің жоқшысы екенсің ғой! – деп кафедра меңгерушісі риза болып қалды.
Содан бері мінеки Зиба Абдуллақызы жоғары оқу орнының ұстазы болып істеп келеді. Осы жұмыс оның бағын ашты. Ол түгелдей ғылым жолына түседі. Тынбай ізденіп, А.Байтұрсынов атындағы Ұлттық ғылым академиясы Тіл білімі институтының Ғылыми кеңесінде «Жамбыл облысы ойконимдерінің тарихи-лингвистикалық және этномәдени сипаты» тақырыбында диссертация қорғап шығады, филология ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болады.

З.А.Құламанова – 140-тан аса ғылыми еңбектің, зерттеу мақалалардың авторы. Олар негізінен республикалық, облыстық ғылыми баспаларда жарияланған. Олардың ішінде ерекше атауға тұрарлық «Жамбыл облысының ойконимдері», «Жамбыл облысы елді мекен атаулары», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», т.б. құнды еңбектері бар. Зиба Абдуллақызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол Жамбыл облыстық және қалалық ономастика комиссиясының белсенді мүшесі.
Ұша білген қанатқа дүние кең! Мақтасақ, мерейлі отбасы болып өмір кешкен осындай зиялы қауым өкілдерін мақтайық та құрметтейік. Себебі олар ұлттық үлгі-өнегені алға апарушы, ту ұстаушысы ғой!

Жасы бір ғасырды алқымдап барып дүниеден озған анасы Тегіс айтып отырушы еді: «Әкесі Абдулла, менің азаматым, дүниеден ерте озып бара жатып, ең кенже қызы үш жасар Зибаны кеудесіне алып, қызының үлкені Зәуреге қарап: «Осы баламның тағдырына ие бол, бұл дүниеде де, ол дүниеде де сенен сұранғаным», – деп ақтық жолына аттанған еді. Құдайыма ырзамын, бес бала, екі қыз таптым. Солардың ішінде Зибамның орны бір бөлек», – деп.

Кенжелеп қалған Жамбыл ойконимдерін алғашқы болып зерттеп, ғылыми айналымға енгізу профессор Зиба Құламанованың еншісіне тиген екен. Шындығында, профессор Мекемтас Мырзахметов айтқандай: «Зиба – өз зерттеулерін күтіп жатқан облыс елді мекен атауларын ономастикалық тұрғыдан зерттеудің бастамашысы болды, оның әлі де атқаратын қыруар істері алда».

Әдетте ұстазын мақтаныш тұтатын шәкірттер көп қой. Сол сияқты өз шәкірттерін мақтаныш тұтатын ұстаздар да баршылық. Соның бірі – Зиба Құламанова. Оның алдын көріп, дәрісін тыңдаған бүгінде ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов, ғылым докторы Меруерт Көпбаева, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің редакторы Эльмира Мырза-Ғали, кафедра меңгерушісі Рахат Елубаевалар – белді азаматтар, қоғам қайраткерлері.

Бақыт деген көп ағайынды ғой. Зибаның өмірі мен ғылым жолының жемісті болуына жұбайы, облысқа белгілі азамат, ғалым-профессор Тәуекел Жанақұловтың ықпалы мен көмегі аз болған жоқ. Жол сілтеді, ғылымның сүрлеу жолында үнемі сүйемелдеп отырды.

Рахым Садықбеков,
ТарМПУ-дың ардагер ұстазы

Comments (0)
Add Comment