Ел егемендігін алған жылы дүниеге келген балалар бүгінде орда бұзар жасқа жетіп, сан салада еңбек етуде. Сол қатарда грек-рим күресінен ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, тараздық балуан Жансерік Сәрсенбиев те бар.
Жансерік күреске сегіз жастан қатысып, содан бері спорттан қол үзбеген. Ойын баласын ептілікті қажет ететін спорт түріне алғаш рет көрші ағасы Ғазиз Орманов ертіп барған. Спорт шебері сол кезден Нұрлан Төлеев есімді бапкердің қол астында грек-рим күресінің қыр-сырын үйренген. Кейін 8-сыныпта облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына қабылданып, жаттығу залына жиі баруды дағдыға айналдырған. 2008 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде білім алған. Жансерік мұнымен шектелмей, туризм және спорт академиясында екі жыл шеберлігін шыңдаған. Жансерік грек-рим күресінен 2011 жылы жастар арасында Қытайда өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, 2012 жылы жастар арасында әлем біріншілігінде күміспен күптеледі. Сондай-ақ Азия чемпионатында қоржынға қола салады.
– Күреспен айналысып жүргеніме 22 жылға жуық уақыт өтіпті. Спорттық мансабымда ересектер арасында ел чемпионатын екі рет жеңіп, Гран-при турнирлерінде төбе көрсеттім. Бүгінде өзім тәрбиеленген спорт интернаты, яғни облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында жаттықтырушымын. Спорт мектебінің басшысы – Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров. Отызға толған шағымда мектеп оқушыларын тәрбиелеуді бастап отырмын. Бұл да болса тарихи сәт деп білемін. Енді шәкірттерім біз жетпеген биікке жетіп, аласармас асуларды бағындырса дейміз. Алдағы үлкен арманымның бі- рі – сол. Жуырда Жақсылық Үшкемпіров атындағы турнирде спорт интернатынан Азамат Қошан, Юсуф Ашыраф сынды спортшыларымыз жеңімпаз атанды. Бұл – үлкен нәтиже. Шәкірттерімнің жеңісті де жемісті күндері алда деп сенемін, – дейді Жансерік.
Жансерік Сәрсенбиев бүгінде отбасын құрып, екі баланың әкесі атанған. Тұңғыш ұлы Жақсылық төрт жаста болса, екіншісі Дәулет бір жаста. Спорт шеберінің отбасы ақылдаса отырып, қос перзентіне Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов сынды белді спортшылардың есімін ырымдап қойған екен. Жансерік те қос перзенті ел абыройын асқақтатар талантты да талапты спортшы болса екен деп тілейді. Бұған біз де тілеулестік білдірдік.
Сәндібек ПІРЕНОВ