Мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып жүрген сала өкілдері спортта да мықты екендігін тағы бір мәрте байқатты.
ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Тараз-Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған спартакиада сөзімізге дәлел. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйытқы болған аймақтық бәсекенің ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков қатысып, сергектік мемлекеттік жұмысқа да пайдалы екенін айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Ресми бөлімнен соң жарыстың бас төрешісі Ғани Қарқынбаев қатысушыларға спартакиаданың талаптарын, тәртібін түсіндіріп өтті. Жалпы бұл аламан спорттың кіші футбол, кір көтеру, ерлер және әйелдер арасында үстел теннисі, қол күресі, жүзу, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ түрлері бойынша өткізілсе, оған 35 команда сапында 700 мемлекеттік қызметші қатысуға ниет білдірген.
Әсіресе, спартакиаданың кіші футбол додасы тартысты өтті. Әуелі командалар топтық кезеңде іріктеліп, үздік деген 8 команда анықталды. Талас ауданының құрамасы Тараз қаласын 4:3 есебімен ұтып, жартылай финалға өтті. Бұл команданы Шыңғыс Рысбек, Қуат Ошақбай, Шоқан Қоштаев, Бекзат Әсембеков секілді ойыншылар алып шыққанын айта кеткен жөн. Жартылай финалда экономикалық тергеу департаментінің құрамасы облыстық сот құрамасын ұтса, қордайлықтар Талас ауданы құрамасынан басым түсті. Ақтық айналымда экономикалық тергеу департаментінің жігіттері қордайлықтарды қапы қалдырса, үшінші жүлде жолында таластықтар облыстық соттың құрамасын ұтты.
Командалық есепте 3 алтын, 1 күміс медальмен экономикалық тергеу басқармасы жеңімпаз атанды. Атап айтқанда, олар кіші футбол, әйелдер арасында суда жүзу, ерлер арасында дойбы ойынында жеңістің ең биік тұғырынан көрінсе, ерлер арасында қол күресінен екінші орынды еншіледі. Жалпы қоржынға алты медаль салған Талас ауданының құрамасына екінші жүлде берілді. Олар кір тасын көтеру және дойбы спорт түрлері бойынша алтын медаль иеленсе, әйелдер теннисінен күміс, кіші футбол, қол күресі, әйелдер арасындағы тоғызқұмалақтан үшінші орынға табан тіреді. Командалық есепте үздік үштікті Т.Рысқұлов ауданының құрамасы түйіндеді. Олар әйелдер арасында дойбы және ерлер арасында шахматтан алтын медальге қол жеткізсе, ерлер арасында тоғызқұмалақтан күміс жүлдені иеленді.
– Командалық есепте ең көп медальді біздің құрама алды. Өзім де қатысып, кір көтеруден бас жүлдені еншіледім. Алайда алтынымыз саны бойынша экономикалық тергеу департаментінен кейінгі екінші орынды еншіледік. Жалпы спартакиадаға жақсы дайындықпен келдік, – дейді Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Мамадияров.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан марапатқа ие болды.