Аймақта бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылып отыр. Нәтижесінде жыл сайын жаңа спорт кешендері мен алаңдар бой көтеріп, халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігі артып келеді. Мәселен, биылдың өзінде 2,4 млрд теңгеге 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізіп жатқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев спорт саласындағы осы және өзге де тындырымды тірліктер жайынан хабар берді.
– Сонымен қатар 1,8 млрд теңгеге 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 38 заманауи спорт алаңдары іске қосылды. 2023 жылдың соңына дейін тағы 8 спорт нысаны, 2024 жылы 9 спорт нысаны пайдалануға беріледі. Нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 59 пайызға дейін, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесі 40 пайызға дейін ұлғаяды.
Спорттық жетістіктер туралы айтатын болсақ, биыл біздің спортшылар түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 1 305 медаль жеңіп алды. ХІХ жазғы Азия ойындарында біздің спортшылар 4 медаль, IV жазғы Пара Азиялық ойындарында 4 медаль жеңіп алды, – деді облыс әкімі.