Дене шынықтыру мен спортты дамыту – ұлт денсаулығының кепілі. 2024 жылы осы салаға жергілікті бюджеттен 15,5 млрд. теңге бөлінді. Облыста 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсаттарға 3,5 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 13 спорт нысаны пайдалануға беріледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізіп жатқан Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ағымдағы жылы жоспарланған 74 спорт алаңының 45-і пайдалануға берілген.
– Жалпы, биыл халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейін 66%-ға, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықтың үлесін 41%-ға жеткізу жоспарлануда.
Осы саладағы ерекше жетістік – дзюдодан «Париж-2024» жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметовтың алтын медаль жеңіп алғаны.
Бұның ерекшелігі «Мәскеу – 1980» жазғы Олимпиада ойындарында Жақсылық Үшкемпіровтің алтынынан кейін 44 жылдан кейін Жамбыл спортшысының алтын медаль жеңіп алғаны.
Бұдан бөлек, Париж – 2024 XVIII жазғы Паралимпиада ойындарында Жамбыл облысы 4 лицензия алды. 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарына Жамбыл облысынан 17 спортшы қатысады.
Ағымдағы жылы мәдениет саласын дамытуға 14,4 млрд. теңге бөлінді. 16 нысанның құрылысы және 2 нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде.
Мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 1,3 млрд. теңгеге 217 үйірмеде 6,8 мың бала қамтылды. Жыл қорытындысымен халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 84,8%-ға жетеді, – деді Е.Қарашөкеев.