Спорт пен өлеңді серік еткен Санжар

Әулиеата – қасиет пен қадірге толы, небір ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен. Сол ұлы топырақтың бір бөлігі – тамыры терең тарихқа, бай мәдениет пен руханиятқа тұнған Тараз өңірі. Бұл өлкеден әдебиет айдынына талай таланттар түлеп ұшып, қазақ сөз өнеріне өшпес із қалдырды. Бүгінде де өңірімізде әдебиет әлемін жалғап, жаңаша үн қосып жүрген жас қаламгерлер аз емес. Солардың бірі – жастар арасында кеңінен танылған ақын, көк туымызды әлемнің биік мінберлерінде желбіреткен даңқты спортшы Санжар Қанатбек.

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы және аймақтық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы аясында жас қаламгердің шығармашылық әлемін кең аудиторияға танытып, оның поэзия арқылы жеткізген рухани құндылықтары мен парапауэрлифтинг чемпионы ретіндегі жігерлі тұлғасын көрерменге кеңінен насихаттауды мақсатында Санжар Қанатбектің әдеби сазды шығармашылық кеші мен «Жарық дүние» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған ақын, ҚР Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман кеш иесіне шығармашылық жолында толағай табыс тілеп, оқырманға жол тартқан жаңа жинағымен құттықтады.
– Поэзия – жүректен шыққан мөлдір сыр, өмірге деген шынайы көзқарас, ізгілікке толы үн. Өлеңнің «былай жазылуы керек», «мынандай болуы керек» деген нақты анықтамасы жоқ. Дегенмен, қазақ ұғымында сөздің жаны, сөздің киесі бар. Қазақ үшін өлең ежелден қасиетті, киелі саналған. Санжардың өлеңдерін оқып отырып, тың ойлардың бар екенін көріп, қуандым. Әрине, Санжар жырға қосқан «Жарық дүние» – біздің көкірек көзіміз. Көкірек көзі ашық емес адамдардан қорқуымыз керек. Жалпы, өлеңімен осылай үн қатқан бауырымыздың шығармашылық жолына табыс тілеймін. Қаламың қуатты болсын! – деді Хамит Есаман.
Келесі кезекте пауэрлифтингтен төрт дүркін әлем чемпионы. халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның парапауэрлифтингтен ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы, Санжардың спорттағы жеңістеріне жанашыр болып, талмай тер төккен, оттай жігер беріп, қажырлы еңбегімен жетістікке жетелеген жаттықтырушы ұстазы Руслан Греев сөз алды.
– Менің Санжарды танығаныма он жыл, ал шәкіртім болып қасымда жүргеніне бес жыл болды. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Санжар – жүрегімен жыр жазып қана қоймай, жігерімен жарқылдап, талай елде намысты қорғаған спортшы. Парапауэрлифтинг саласындағы жетістіктері – шәкіртімнің қайсарлығы мен тынымсыз еңбегінің айғағы. Қысқа уақыттың ішінде Санжар көптеген белесті бағындырды. Атап айтқанда, Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатының алтын медаль иегері, Египеттің Александрия қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Астанада ұйымдастырылған әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, ел абыройын асқақтатты. Сондай-ақ Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері болды. Осындай биік белестерге бастайтын жолда, әрине, қасында біз бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеттік. Дегенмен, бұл жеңістерге Санжар, ең алдымен, өз табандылығының арқасында жетті. Әлі де жас, алар асуы алда деп сенемін, – деді Р.Греев
Осыдан кейін Санжардың әулетінен арнайы келген құрметті қонақтар, ақын Хамит Есаман, кітаптың Брайль қаріпіндегі екінші авторы Ербол Бегимов «Жарық дүние» атты жаңа кітаптың тұсауын кесті.
Сонымен бірге кеш барысында автордың өлеңдері оқылып, өңір әншілері кеш иесінің сөзіне жазылған әуезді әндерді шырқады.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment