Алдағы үш жыл ішінде облыс орталығында бірқатар спорт нысандарының құрылысы жүргізіледі. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков журналистермен өткізген кездесуі барысында мәлімдеді.
Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, 2023-2025 жылдар аралығында 5 спорт кешенінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр екен. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы «Талас» мөлтек ауданында фитнес зал мен «Құмшағал» тұрғын алқабында спорт кешені, 2024 жылы 15-ші мөлтек ауданда спорт кешені мен «Құмшағал» тұрғын алқабында спорт зал, ал 2025 жылы 14-ші мөлтек ауданда велосипед жолдарының құрылысы басталады.
Сонымен қатар алдағы 3 жылда аулаларда 14 шағын футбол алаңшалары пайдалауға берілмек. Атап айтқанда, Е. Ниетқалиев көшесі, №7, 9 үйлердің, 15-ші мөлтек ауданы №33, 34, 35 үйлерінің, Қапал көшесінің 4-бұрылыс және Д. Менделеев көшесінің 3-бұрылысы №13 үйдің аулаларында спорт нысандары пайда болмақ. Ал 2024 жылы «Самал» мөлтек ауданы №46, 48, 49, 53, 54 үйлерінің, «Химик» алқабы, «Бәйтерек» мөлтек ауданы №14, 19 үйлерінің, Өзбек көшесінің 3-бұрылысы, «Қаратау» мөлтек ауданы №9, 11, 12 үйлерінің аулаларында аладоп алаңшалары салынбақ. Сол секілді 2025 жылы «Шөлдала» тұрғын алқабында, 15-ші мөлтек ауданы №22 үйдің, «Көктем» алқабындағы Әбішев көшесінің бойында, Телеорталық №6 үйдің ауласы мен «Солнечный» кентінде де шағын алаңдар салынады.