Спортқа жаны құштар жастар

Жастар жылы қарсаңында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері спорттық сыннан сайысқа түсті.

«Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен облыстық спартакиадаға 200-ге жуық спортшы қатысып, спорттың волейбол, үстел теннисі, қол күресі, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика сынды 9 түрінен жүлделер жиынтығын сарапқа салды.

Аймақтық жастар жарысында әуелі алаңда ұлдар волейболдан сынға түсті. Спорттың бұл түрінен өткен тартыста Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенттері қарсылас шақ келтірмесе, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жігіттері екінші, ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұландары үшінші орынға табан тіреді. Қыздар арасында ТарМПУ-дың бұрымдылары қарсыластарынан оқ бойы оза шапты.

Үстел теннисінде ТарМУ-дың түлегі Айдос Мұқашев теңдессіз атанса, қыздардың ішінде тағы бір ТарМУ-дың студенті Сәуле Иманалының айы оңынан туды. Қол күресінде ТарМУ-дың үкілеп қосқан үміті Эмиль Аббасов күш атасын танымайтынын танытса, қыздар арасында да ТарМУ-дың жасы Оксана Письменнаяның шоқтығы биік болды. Асық атудан Тараз мемлекеттік университетінің өрендері Нұрасыл Шегетай, Әділ Лес және Ерзат Орынбай жүлделі үш орынды өзара бөлісіп алды.

Жеңіл атлетика сынында Тараз мемлекеттік университетінің жастары 100, 200, 1000 және 2000 шақырым қашықтықта тағы топ жарды. Тоғызқұмалақ ойынында болса, ұлдар мен қыздар арасында ТарМПУ-дың екі студенті Алдияр Бекбергенов пен Айгерім Мейірханова қола жүлдеге қол жеткізсе, қалған жүлделердің барлығы Тараз мемлекеттік университетінің қоржынында кетті.

Ал арнаулы орта оқу орындары арасында кіші футболдан Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің жастары жүзден жүйрік шықса, волейболдан «Астана» мен «Парасат» колледждерінің бағы жанды. Үстел теннисінен «Тараз-Ғасыр» колледжінің студенті Бекзат Құнанбай жеңіс тұғырынан көрінсе, қыздар арасында Қордай ауданынан келген Салима Юсупова бас жүлдені қанжығасына байлады.

Қол күресінен Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің спортшысы Барыш Рейсовке ешкімнің шамасы жетпесе, қыздар сынында да осы оқу орнының студенті Аружан Қараман қарсыластарын қоғаша жапырды. Ал асық атудан Шу колледжінің үміті Алихан Алпаровтың асығы алшасынан түссе, шекемтас лақтыруда қордайлық Фатима Мырзағаева алдына жан салмады. Жеңіл атлетикада 100 метр қашықтықта «Астана» көпсалалы колледжінің студенті биіктен көрінсе, 200 метрде қордайлықтар, 1000 метрде Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің, 2000 метрде «Парасаттың» жастары жасындай жарқырады.

Тартысты өткен спартакиада қорытындысында жалпыкомандалық есепте Жамбыл политехникалық колледжінің студенттері көш бастаса, «Парасат» колледжі екінші, ал Қордай ауданының студенттері үшінші орыннан көрінді. Жарыс соңында барлық жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Comments (0)
Add Comment