Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің рөлі

Әлемде қаншама ұлттар мен ұлыстар болса, соншама өздеріне тән тарихи қалыптасқан тілдері болатыны белгілі. Еліміздеқазақ тілінің қолдану аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Қазақстан тәуелсіз ел болғалы бері тіл мәселесіне айтарлықтай назар аударылып келеді. Себебі, қазақ тілі — біздің тарихи туған тіліміз, оны өзіміз, халық болып дамытпасақ, басқа ешкім сырттан келіп қолдау көрсетпейтіндігі белгілі.

Ұлттық тіліміз туралы үнемі жазып,көпшілік жиындарда айтып, жастарға кеңінен насихаттап отыру қазіргі әрбір азаматтың міндеті. Біздің қазақ тіліміздің тарихы терең, мағанасы мен сөздік қорының өте бай екендігі даусыз. Кезінде билеріміз бен жырауларымыз, батырларымызбен хандарымыз, шешендеріміз бен абыздарымыз осы ана тіліміз арқылы талай даулы мәселелердібір-ақ ауыз сөзбен шешіп, талай жанжалдың бетін қайтарғандығы тарихтан мәлім.

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» 1997 жылғы 11 шiлдедегі N151-ші қабылданған Заңының 4-бапбында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп аталып көрсетілген.

Жалпы, мемлекеттік тілдің кең қанат жайып, дамуы­на ең бірінші кезекте мем­лекет­тік қызметте жүрген қызметшілердің ықпалы зор. Себебі, мемлекеттіңфункциясын атқаруда және саясатты тәжірибелік тұрғыдан жергілікті жерлерде іс жүзіне асыратын негізгі субьектілер осы тұлғалар болып табылады. Қазіргі таңда газет-журналдар мен теледидарлардан билік өкілдерінің мемлекеттік тілімізде берген сұхбаттарына көпшілік қауым, соның ішінде жастар күнделікті сын көзбен қарап бақылап отырады. Қазіргі жастарымыз аға буындардың әрекеттерімен, сауатты түрде мемлекеттік тілді игеруіне қарап өздерінің болашақ жоспарларын қалыптастырады. Сон­дық­тан да, мем­лекеттік қызмет­шілер қазақ тілін толық меңгеріп, қыз­метінде үнемі қолданып отырса, халық арасында, қоғамдамем­лекеттік тілге деген құрмет пен қажеттіліктің артатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты соңғы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді.Болашағын Отанымызбен  байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, жоғарыда аталған Қазақстан Республикасындағы тiл туралызаңның 13-бабындасот iсiн жүргiзу тiлiне де тоқталып өткен. Ол бойынша «Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылатындығы» жазылған.Заңда көрсетілген талаптарға сай сот саласында қызмет етіп жүрген судьялардыңда басым көпшілігі қазақ тілін еркін меңгерген азаматтар. Тіпті мемлекеттік тілді жетік білетін өзге ұлт өкілдері де қызмет атқарады. Сот қызметіндегі барлық іс қағаздардың көп бөлігі мемлекеттік тілде жазылып, жарияланып жатады. Хат алмасулар, сот шешімдері мен сот орындаушылық құжаттарының да көпшілігі осы мемлекеттік тілде жазылуда. Өзінің қазақ тілінде сөйлеуін ары қарай жетілдіремін деген қызметшілерге мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған, бастысы тілді білуге деген ниеттің болуында.

Нақты уақытта көптеген әкімшілік, азаматтық, қылмыстық сот процесстердің басым көпшілігі мемлекеттік тілде жүргізілетіндігін ерекше атап өтуге болады. Заң кеңестері де қазақша түсіндіріліп жатады. Мемлекеттік тілді жетік меңгергендер арасында тек сот саласының қызметшілері ғана емес, сондай-ақ, прокурорлар, қорғаушылар, сот орындаушылар мен полиция қызметкерлеріде бар.

Қорыта айтқанда өзінің бағытын нақты ұстанған сот жүйесі жылдар керуенін артқа тастап, жүргізілген тегеурінді сот реформасының аясында биік асуларды бағындырды. Сот жүйесінің негізгі мақсаты азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және  Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан да сот алдында сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі жетіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларын жүргізу қажеттілігімен қатар, яғни мемлекеттік тілді өз тұғырына қондырып, қазақ тілінде сот ісін жүргізу мәселесіне де жаппай көшетін қажеттілік туындататын уақыт жақын деп танимыз.

Тіліміздің тағдыры өз қолымызда, тіліміздің мәртебесін көтерейік!

Үміт Әбдіманап

Жамбыл облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Comments (0)
Add Comment