Кәсіпкерлік субъектілері елдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Сол себепті де бизнесті қорғау – әрқашан мемлекет жұмысының басты бағыттарының бірі.
Президент Жолдауларында бизнесті дамыту, кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері әрдайым басты бағдар ретінде көрсетеді. Шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөнінде мемлекет басшысы осы жылғы қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да бірқатар жайттарды атап көрсеткен еді. Өз сөзінде кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау қажеттігін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керектігіне тоқталды. «Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн», – деген Президент мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажеттігін айтты.
Бұл мақсатта Тараз қаласында да тиянақты тірлік бар. Әсіресе сот органдары кәсіпкерлер құқығын қорғауды қатаң қадағаға алған. Осы мақсатта жуырда тараздық судьялар Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Рустам Жүрсіновпен кездесті. Басқосуға Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов та қатысты.
Жиын негізінен заңның үстемдігін, әділдік пен ашықтықты сақтау қағидаттарына негізделген кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сот арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде жүйелі ынтымақтастық орнатуға бағытталды.
Облыстық соттың төрағасы Ербол Ұлатайұлы Әкімшілік әділет жария-құқықтық дауларды объективті шешу үшін пәрменді құралға айналғанын, бұл азаматтардың, оның ішінде кәсіпкерлердің әл-ауқатына оң әсер ететінін атап өтті.
Кездесу барысында Рустам Манарбекұлы өзінің ризашылығын білдіре отырып, сот жүйесі бизнес үшін ашық әрі қолжетімді болып келе жатқанын, бірлескен қызмет бизнестің жүйелік мәселелерін шешуге ықпал ететінін атап өтті.
Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша өзекті мәселелерді талқылау бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру қажеттігі атап өтілді.