Сопылық – асыл дініміздің ажырамас бөлігі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы негізгі бағыты ретінде Абай танымындағы «Толық адам» ұстанымын басшылыққа алатынын мәлімдеген еді. Бүгінде діни басқарма Исламның негізгі үш тірегі «ислам-иман-ихсан» мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осы үш таған жүрекке нық орныққанда ғана шынайы кемел адам қалыптасады. Исламның бес парызын білген, иманның шарттарына мойынсұнған, ихсанды жүрегіне тоқыған адамның имани сенімі де берік болары анық.

ез келген құлшылықты шын ықыласпен, саф көңілмен жасау – ихсанның басты шарты. Сондай-ақ ихсанды жүрек ілімі, ар ілімі десек те болады. Бұл жолды ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген. Діни термин ретінде ихсан деп аталғанымен, бұл жол қазақ даласында сопылық жол ретінде белгілі болды. Яғни сопылық жол – қазақ мұсылмандығының ажырамас бір бөлігі. Ғасырлар бойы жалғасқан осы жолда қазақтың дүниетанымы, бар болмысы, әдет-ғұрпы мен салт-санасы қалыптасты. Соның негізінде дін мен дәстүр сабақтасты.
Арғы арналары ІХ-ХІІ ғасырларда, яғни қарахандықтар билігі тұсында өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғаниларға барып тірелетін, бергі жағы ХХ ғасырдағы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәді төре Жәңгірұлы секілді діни-ағартушыларымызға дейінгі мыңжылдықта сопылықтың сырлы әлемі қазақ руханиятының ажырамас бір бөлігіне айналды. Сондықтан сопылық ілімсіз қазақтың имани сенімін жіті түсіну мүмкін емес. Ислам, иман және ихсанды қатар ұстанған бабаларымыздың бойында сабырлық, ұстамдылық, қанағат, шүкіршілік, байсалдылық секілді асыл қасиеттер қалыптасты. Көркем мінездің осы қасиеттері ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.
Құран мен сүннетке негізделген сопылық имани сенімді арттырып, Аллаға жақындата түсетіні анық. Сондай-ақ жүректі тазартып, Жаратушының разылығын табуға бастайтыны да ақиқат. Ғалымдар сопылыққа түрлі анықтама берген. Олардың бәрінің ойының жиынтығы Аллаға шын көңілден құлшылық етіп, Оның разылығын табу дегенге келеді.
Алла Тағала Құранда: «Кімде-кім Алланың зікірінен бет бұрса және ұқыпсыз болса, оған шайтанды бастық етіп қоямыз. Ендеше, ол шайтан оған өте жақын», – деген. Сондықтан Алланың зікірін көп жасап, оған шынайы көңілмен амал ету қажет. Тариқатта шынайы пірдің қолынан ұстап, ақиқатқа қадам басу сұралады.
Шынайы рухани ұстаздың қандай болуы керектігі туралы Сопы Аллаяр өзінің «Сәбәтул-әжизин» еңбегінде былайша таратып берген:
Шариғат үкіміне ешбір істе қарсы шықпасын;
Әр уақыт біреуден үміт етпесін;
Шариғат ілімінде кәміл болсын;
Тариқат ілімінде және тасаууфда мохир болсын;
Тәкаппар болмасын;
Әр уақыт өз нәпсісін пәк деместен, қашанда күнәһар екенін ұмытпау және Аллаға лайықты құлшылық қыла алмадық деп уайымдау.
Қожа Ахмет Ясауи де «шариғатсыз тариқатқа кіріп болмайтынын, пірсіздің пірі – шайтан» екенін баса айтқан. Сондықтан тариқаттағы басты шарт кемел рухани ұстаздың болуы дер едік. Қазақтың дәстүрлі дінін насихаттаған, сопылықтың сырлы әлемін бойына сіңірген рухани ұстаздарды біз де көріп, солардың тәрбиесінде болдық. Олардың бойына жинақталған көркем мінезді бойымызға сіңіруге тырыстық. Діннің негізі әдепте екенін ұғындық.
Негізінде қазақ даласындағы сопылықтың тарихы орта ғасырлардан басталады. Қарахандықтар билігі тұсында өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи түркі даласында сопылықтың сырлы әлемін үгіттеп, Халиқ пен махлұқты, яғни Жаратушы мен жаратылысты махаббатпен тану керектігін алға шығарды. Алланың «Қаһһар» атынан қорқып емес, қайта Оның «Рахман», «Рахим» атына ғашық болып, құлшылық жасауға шақырды. Оның даналық сөздерінің жиынтығынан тұратын «Диуани хикметінде» ғашық пен машұқ мәселесі жиі көтерілді. Ясауи бір хикметінде «Не қылсаң да, ғашық ете көр, Пәруәрдігәр» десе, тағы бір даналық сөзінде «Ғашықтық болмаса, танып болмас Мәулім Сені» деп жырлады. Ясауидің осы сөзін араға ғасырлар салып хакім Абай:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және де Хақ жолы деп әділет-ті, – деп қайта жаңғыртты. Яғни қазақтың танымындағы ихсан, яғни сопылық – ғашықтық жол. Жаратушыны, адамзатты, әлемді ышықпен, махаббатпен тану концепциясы.
Ғашықтық концепциясына негізделген Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімі түркі халықтарының арасына кеңінен тарады. Оның айналасына мыңдаған мүридтер шоғырланды. Ясауидің мүридтерінің қатарында Арыстан бабтың ұлы Мансұр ата, екінші шәкірті Сайид ата Хорезми, үшінші шәкірті Сүлеймен Бақырғани есімдері зор құрметпен аталады. Сондай-ақ деректерде оның Шайқы Лұқман Парранда, Мансұр ата, Сейіт ата, Суфи Мұхаммед Данишманд Зарнуқи, Хәкім ата, Баба Машын деген шәкірттерінің болғаны айтылады. Ясауидің осы шәкірттерінің үгіт-насихатының нәтижесінде Дешті Қыпшақ даласында «аталар» институты қалыптасты. Шығыстанушы Төрәлі Қыдыр айтқандай, Ахмет Ясауидің рухани жолын насихаттаған тұлғалар «ата» деп атала бастады. Арабтың «шайқы», парсының «пірі», түркінің «атасы» – бәрі де сопылық танымда рухани ұстазды білдіретіні анық. Ясауи жолын насихаттағандар қазақ даласында «ата» деп құрметтелді. Қазақ даласындағы Хәкім ата, Ысқақ ата, Ысмайыл ата, Ибраһим ата, Жылаған ата, Дәуіт ата, Зеңгі ата, Шопан ата, Үкаша ата секілді «аталарымыз» осы жолдың насихаттаушылары еді. Бұл дәстүр ғасырлар бойы жалғасып, дәстүрлі танымға ұласты.
Қарахандықтардан кейін Ұлы дала төсінде бой көтерген Алтын Орда мемлекетінің исламдануында да Ясауи жолының әсері мықты болды. Кейбір зерттеушілер Сейіт ата, Шопан Сейіт ата, Бадр-ата, Баба-Тұқлас, Ұзын Хасан аталардың сол заманда өмір сүргенін алға тартқан. Тіпті Алтын Ордада Исламды мемлекеттік дін дәрежесіне көтерген Берке хан мен Өзбек хандардың Исламды қабылдауына сопылық жолдың пірлері әсер еткен. Мысалы, Берке ханның иманға келуіне атақты сопы Нәжм әд-Дин Кубраның шәкірттері әсер еткен десе, Өзбек хан Ясауи жолы пірлерінің кереметтері нәтижесінде Исламды қабылдаған. Яғни Алтын Орда мемлекетінің исламдануында сопылық жол шәкірттерінің үлесі басым болды.
Еуразия құрлығының басым бөлігіне билік жүргізген Алтын Орда мемлекетінен бөлініп шыққан Қазақ хандығының қалыптасуына да сопылық жол әсер етті. Абылай ханның рухани ұстазы, яғни пірі Жалаңаяқ әздер еді. Хандар белгілі бір тарихи шешімдер қабылдарда немесе ұлы жорықтарға аттанар алдында рухани ұстаздарымен кеңесіп, солардың оң батасын алуға тырысатын.
Қазақ хандығы тұсында махфи зікірге негізделген Баһауддин Нақышбандтың ілімі кеңінен тарады. Содан қазақ даласында «Жүрегің Аллада, қолың істе болсын» деген ұстанымға негізделген «ишандар» мектебі қалыптасты. Ясауи жолы мен Нақышбанд жолы осы кезеңдерде тұтастанып, қазақ руханиятының ажырамас бөлігіне айналды. Екі рухани жол бір-бірін жатсынбады, қайта қазақ халқының рухани тұтастығына негіз болды. Баһауддин Нақышбандтың жолын ұстанғандар Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауидің басына барып зиярат етуді әдетке айналдырды. Ибраһим ата, Исмайыл ата, Жылаған ата, Ұзын ата, Үкаша аталарды да өз дұғаларына қосты. Нақышбанди жатқан Бұхараға барып, әулиенің жатқан жерін зиярат етті. Ол жерді «Бұхар Шәріп» деп құрметтеді. Сондықтан да Қазақ хандығы тұсында екі рухани жол толықтай тұтастанды.
Бұхара, Самарқан, Хиуадағы медреселерден тәлім алған шәкірттер Ислам дінін тарата бастады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында бой көрсеткен «кітаби ақындар» мен «сыр сүлейлерінің» басым бөлігі сол жақта рухани ілім алғандар болатын. Сол заманда қазақ даласынан шыққан Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуұлы, Қалжан ахун секілді діни ағартушылар да осы рухани жолдың өкілдері болатын. Олар сопылықтың сырлы әлемін өлең сөзбен өрнектеп жеткізді. Шынайы жүректен шыққан үгіт-насихат ауам халықтың көкейінен терең орын алды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті үлгілері саналатын қисса-дастандар, жыр-толғаулардың бәрінде де рухани жолдың өзегі сақталды. Сопылық жол қазақ руханиятының ажырамас бөлігіне айналды.
Сопылық жолды Жаратушы мен жаратылысты махаббатпен тану десек, онда сол таным бүгінгі қазақ қоғамына аса қажет. Себебі егемендік алған жылдары әртүрлі жамағаттар дәстүрлі дінімізді мансұқтап, өздерінің жымысқы идеяларын насихаттай бастады. Соның салдарынан ғасырлар бойы жалғасқан дін мен дәстүр сабақтастығына сызат түсті. Әр жақтан дінді үйреніп келгендер қазақтың рухани жолын жоққа шығаруға тырысты. Содан салт-санамызды жоққа шығаратын «бидғат ылаңы» белең алды. Келіннің атасына салған сәлемі алғыс емес, қарғыс болды. Олар негізгі діңгегіміз бен алтын тамырымызға қол салуға тырысқанымен де, ғасырлар қойнауына кеткен руханиятымыздан ажырата алмады. Бүгінде бабаларымыз салған сара жолды қайта тірілтіп, рухани жаңғыру жолына түсіп келеміз. Алла осы жолдан айырмасын!

 

Кенжеәлі ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment