Талай шаңырақты шайқап, сан отбасын ойрандаған сұрапыл соғыстың жарасы жүректен әлі кеткен жоқ. Санадан да өшпеді. «Жеңіс» дейтін ұлы көктемді жақындатқан ержүрек жауынгерлер де жадымыздан бір сәтке де ұмытылмақ емес. Тек олардың қатары жыл сайын сиреп жатқаны арқамызды аяздай қариды. Айталық, бүгінде облысымыздағы көзі тірі нәбәрі 8 ардагер қалса, соның бесеуі Тараз қаласында тұрады.
Солардың бірі – Мүтәліп Ережепбаев. Ол 1926 жылы 23 наурызда Талас ауданының Қарой ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Жеңістен соң әйгілі Брест қамалын қалпына келтіруге қатысқан.
Елге 1950 жылы оралған. Осы жылдан бастап Талас аудандық Кеңес атқару комитетінде нұсқаушы, аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде алғаш жауапты хатшы, кейінірек уақытша редактор міндетін атқарған. 1958-1962 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. Оны журналист мамандығын алып, бітірген соң, әр жылдарда Талас аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық газет редакторының орынбасары, редактор, Талас асыл тұқымды мал зауытында партия комитетінің хатшысы, 1976 жылдан аудандық газет редакторының орынбасары, кейіннен редакторы болып істеп жүріп, зейнет демалысына шыққан. Он жылдан астам уақыт аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы және төрағаның орынбасары болып сайланған.
II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және ондаған мерекелік медальдармен, грамоталармен марапатталған. Соғыс және еңбек ардагері, запастағы майор, Талас ауданының Құрметті азаматы. «Атақоныс», «Өлеңім – өмірім» секілді кітаптары жарық көрген.
Тағы бір тараздық ардагер Шалданбай ШАНБАЕВ 1924 жылы 10 ақпанда Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Меркі аудандық әскери комиссариатынан 1942 жылы 15 тамызда әскерге алынған. Соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227-ші полкі құрамында майданда болып, соғыс біткен соң да әскер қатарында қалдырылған.
Елге 1949 жылы оралғаннан кейін трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып жұмыс істеген. 1959 жылдан 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған. ІI дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» және өзге мерекелік медальдармен марапатталған.
Көзі тірі 5 майдангердің сапында Иван МАКЕЕВ те бар. Иван Федорович 1927 жылдың 10 шілдесінде Тамбов облысының Мучкапск ауданының Мучкап селосында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Забайкалье майданында ерекше мақсаттағы радио дивизионының барлаушысы болып қызмет етті. Харбин, Мукден, Чань-Чюнь қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. Соғысты Чань-Чюнь қаласында аяқтады. 1951 жылға дейін осы қалада әскери қызметте болған. 1952 жылдан бастап милиция органдарында, Жамбыл стансасы желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істеді. 1967 жылы Алматыдағы жоғары милиция мектебін бітірді. Оперативтік қызметкерден ОБХСС бастығына дейінгі қызмет жолынан өтіп, подполковник шенін алған. Оның ерлігі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» мерекелік медальдарымен айшықталған.
Григорий НЕЩЕРЕТНЕВ 1921 жылы 22 қарашада Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданының Каменка аулында дүниеге келген. Соғысқа дейін Луговой МТС-інде комбаиншы болып істеген.
1941 жылы әскерге алынып, майданда аға сержант, бөлімше командирі, батарея старшинасы болып шайқасты. Ленинград қоршауын бұзуға, Новгород қаласын азат етуге қатысып, Псковқа дейін жеткен. Волхов майданында 501-ші миномет полкі құрамында шайқасып, ұрыста ауыр жараланып, емделгенен кейін әскер қатарынан босатылған. Соғыстан кейін 2-ші топтағы мүгедек екеніне қарамастан, жүргізуші болып еңбек етті. Еңбек ардагері. Жауынгерлік және бейбіт күнде алған марапаттары да жетерлік.
Сұрапыл соғыста белуардан қан кешкендердің бірі – Геннадий ИВАНОВ. Ол 1926 жылы 8 шілдеде Кемеров облысының Яшкинск ауданында дүниеге келген. Кемеров педагогикалық училищесін бітірген. 1943 жылы қараша айында небәрі 17 жасында Қызыл Армия қатарына алынған. 1944 жылдың қараша айынан 1-ші Украин майданы, 13-ші армияның 350-ші атқыштар дивизиясы 917-ші артиллериялық полкінің құрамында шайқастарға қатысқан. 120 миллиметрлік миномет расчетының командирі болған. Өз полкінің құрамында аға сержант Г.И.Иванов фашистік Германияының астанасына дейін барған. 1945 жылдың маусымында елге оралған. Соғыстан кейін Боровичск әскери училищесін экстерн ретінде бітіріп, лейтенант шенінде 1956 жылдың қыркүйегіне дейін әскери қызмете болды. Рота саяси бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Әскери запасқа шыққаннан кейін Жамбыл қаласына келіп, педагогикалық институтты бітіріп, 1986 жылы алпыс жасында зейнеткерлікке шыққанға дейін қала мектептерінде математика пәнінен сабақ берді. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және 12 мерекелік медальмен марапатталған.
Әрине, майдангерлердің ерлігі – ұрпаққа ұран, елге мұра. Оларға қандай құрмет көрсек те жарасады. Айталық, биыл облыстағы 8 майдангерге 1 500 000 теңге, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) 1 792 тыл еңбеккеріне 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем берілді.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ