Әнші Димаш Құдайберген Дубайдағы «Coca-Cola Arena» кешенінде жеке концертін беріп, сахна төрінде Украинадағы соғысқа қатысты өз ойын айтты деп хабарлады turkystan.kz. ulysmedia порталына сілтеме жасап.
Ол кез-келген соғысты қалаған адамның Құдайдан қорықпайтынын, соғыстың соңы ешқашан жақсылыққа апармайтынын мәлімдеді.
«Мен дүние жүзіне не болғанын білмеймін. Бізге қазір кез-келген соғысты қалаған адамның Құдайдан, яғни, Алла тағаладан қорықпайтынын түсіну керек. Мен осыны айтқым келеді. Біз өзімізді балалардан да ақылды деп санаймыз. Ал балалар бір-бірінің өмірін қимайды ғой. Сонда кім ақылды? Менің осы сөзімді бәріңіз де дұрыс түсінеді деп ойлаймын. Мен барлық елді, барлық халықты жақсы көремін. Мен сіздерді жақсы көремін. Сол үшін барлық жерде бейбітшіліктің болғанын қалаймын!», – деді ол.
Бұл концерт – Димаштың екі жыл мәжбүрлі үзілістен кейін берген жеке концерті. Онда әртіс өзінің тыңдаушыларын сүйікті композицияларымен және пандемия кезінде жазылған жаңа әндерден тұратын жаңа бағдарламамен қуантты.