Соғылды алғашқы қоңырау

1 қыркүйек – Білім күніне орай қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен білім бөлімі басшысының орынбасары Уәлихан Байдуанов Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясына барып, кезекші алты сынып пен 11-сынып оқушыларын мерекемен құттықтады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Мектептің кіреберіс дәлізінде залалсыздандыру аппараты орнатылған. Одан әрі мейірбике 1-сыныпқа қадам басқан оқушылардың ыстығын өлшеп, кезекпен мектепке кіргізді. Ары қарай Айтқазы Қарабалаев кезекші алты сыныпқа барып, балаларды алғашқы қоңырау мерекесімен құттықтады. Артынша әр кабинетке 12 оқушыдан бөлініп, арақашықтық сақтап отырған балғындардың алғашқы қоңырау соғу салтанатына қатысты.

Керімбай атындағы мектепте биылғы оқу жылында 2074 оқушы білім алады. Оның ішінде бірінші сынып пен 11-сынып оқушыларына ерекше көңіл бөлінеді. Қала әкімі 1-сынып оқушыларын құттықтаған соң, осы мектептің 11-сынып оқушыларымен онлайн байланысқа шығып, ізгі тілегін жолдады. Онлайн сынып сағаты өтіп жатқан кабинетте оқытушы балаларды Конституция күнімен құттықтап, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы мен ғұлама Әл-Фарабидің 1150 жылдығы жайында дәріс оқып отыр екен.

– Құрметті ұстаздар, оқушылар, 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтаймын. Оқуда озат болып, білім биігінен көрінулеріңізге тілектеспін. Алдағы уақытта індеттен айығып, дәстүрлі оқуға қайта көшетін күн алыс емес деп ойлаймын. Жаңа оқу жылында жарқын жетістіктерге жетіңдер. Ал ұстаздар қауымы елдің қамын жейтін азаматтарды тәрбиелей берсін. Іске сәт! – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Comments (0)
Add Comment