Соғылды алғашқы қоңырау

Жаңа оқу жылының бастауы саналатын Білім күні – оқушылар үшін, әсіресе, алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін өмір бойына есте қалатын мереке.

Толғанай АТАБАЙ Суретті түсірген Юрий КИМ

Биылғы жылы да қалада алғашқы қоңырау мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәстүрлі шараның бір легі М.Жұмабаев атындағы №21 орта мектебінде өтті. Салтанатты жиынға қала әкімі Қайрат Досаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева мен ата-аналар комитеті қатысып, ақ тілектерін арнады.
– Бүгін республикамыздың түкпір-түкпірінде білім беру мекемелерінде алғашқы қоңырау мерекесі өтуде. Баршаңызды Білім күні мерекесімен құттықтаймын. Мектеп ұжымының өткен оқу жылындағы ҰБТ-да оқушылардың жоғары деңгей көрсеткендігінен тынымсыз еңбектеніп жатқандарын көруге болады. Ағымдағы оқу жылында да жақсы нәтижелер көрсетеді деген сенім білдіремін. Жаңа оқу жылында жақсы бастамалар арқылы шәкірттер біліміне етене көңіл бөле отырып, еңбектеріңіздің оң нәтижелі болуын тілеймін, – деді шаһар басшысы Қайрат Әскербекұлы.
Бүгінгі таңда қалалық білім бөліміне қарасты 60 мекемеде 73671 оқушы білім алуда. Ал оның 9524-і мектеп табалдырығын биыл аттап отыр. Жиында қаланың бас ұстазы Мүбарак Қасымқызы шаһар мектептерінің материалдық-техникалық базасы жыл арта жақсарып, 10 мектепте робототехника, 4 мектепте ІТ-кабинеттері ашылғандығын жеткізді.
Жаңа оқу жылы М.Жұмабаев атындағы №21 орта мектебі үшін жағымды жаңалықпен басталды. Мәселен, өткен жылы қала әкімдігі тарапынан оқушылар тасымалы үшін білім ошағына арнайы көлік берілсе, мектепке әкелетін көше жолдары да тегістелді. Салтанатты жиында қала басшылығына орын алған оңды істері үшін аумақ тұрғындары да ризашылығын білдірді.
– Бұл күн – еліміздің болашағы бүлдіршіндеріміздің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасуының жауапты кезеңінің бастамасы. Шәкірттердің алар білімі терең, ұстаздардың берер білімі сарқылмай, ата-аналардың үміт артқан көз қуаныштары аман болғай. Биыл мектеп табалдырығын имене аттаған 111 жас жеткіншектің ел ертеңі үшін сапалы білім алып, үлкен азамат болатынына сенімдімін, – деді мектеп директоры Салтанат Ботамқұлова.

Comments (0)
Add Comment