Өскемен тұрғындары тозығы жеткен ауруханада емделуге мәжбүр

Өскемендегі нөмірі бірінші аурухананың әбден тозығы жеткен. Қазір ғимараттың ішкі сылақтары опырылып, есіктері қирап тұр. Ал тұрғындар мұндай ескірген ауруханада сапалы қызмет көрсетілмейтінін айтады. Ақысын төлесе де, мұндағы қызметке көңілі толмағандар шағымдарын облыс әкімі Даниал Ахметовке жолдады. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қолданысқа берілгеніне қырық жылға таяған ғимараттың ішіндегі ахуалды тұрғындар түсіріп, әлеуметтік желіге жолдаған. Шағымданушылар облыс әкімінен аурухананы дереу жөндеп беруін талап етеді. Өйткені осыдан үш ай бұрын Даниял Ахметовтың өзі бұл аурухананы қалыпқа келтіруге бюджеттен миллиондар бөлінетіні туралы айтқан болатын. Бірақ содан бері өзгерісті байқамадық деген емделушілер, ғимарат салынғалы бері жөндеу көрмегенін айтады. Ал әкімдіктегілер әбден тозған аурухананы бес ай ішінде қалыпқа келтіріп беруге уәде етіп отыр.

“Диагностикалық бөлімді модернизациялау мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Жоба бойынша бұған 250 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурс жарияланды. Конкурстық үрдістер біткеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады. Жөндеу жұмыстары 5 ай ішінде аяқталады”, – деді ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлімінің басшысы Әлішер Бекен.

Comments (0)
Add Comment