Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық заттардың таралуы болашақ ұрпақтың келешегіне қауіп төндіретінін атап өткен болатын. Сол үшін есірткісіз қоғам құру – әрбір азаматтың алдындағы міндет.
Осыған орай облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар» аллеясында «Есірткісіз Қазақстан!» акциясы өтті.
Жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу, нашақорлыққа қарсы күрес шараларын нығайту, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында өткен шарада облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев сөз сөйлеп, жастарды жаман әдеттен аулақ болуға шақырды.
– Мемлекет басшысы жастар арасында есірткі заттарының таралуына тосқауыл қоюды тапсырған болатын. Жамбылдық полицейлер бұл бағытта кешенді жұмыстар атқаруда. Айталық, полиция қызметкерлері жыл басынан бері 472 есірткі қылмысын анықтады. Сондай-ақ заңсыз айналымнан екі жарым тоннаға жуық есірткі құралы тәркіленіп, 28 гектар жердегі 125 тонна есірткі заттары жойылды, – деді Нұржан Ермаханұлы.
Акция аясында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызметінің көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды.
Шара соңы «Есірткісіз Қазақстан!» ұранымен «Жастар» аллеясынан «Тұңғыш Президент» саябағына дейінгі велошерумен түйінделді.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ