Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын білім беру саласының өкілі ретінде жылы қабылдадым. Өйткені Президент бұған дейінгі отандық педагогиканың дамуы мен білім сапасының артуына ықпал еткен тиімді шешімдерін осы жолы да нақты бағыттармен жалғастырды.
Президент қыркүйекте жариялаған Жолдауында мектепке дейінгі білім беру жүйесіне айрықша көңіл бөліп, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек екенін айтты. Біз «Балапан» бағдарламасы арқылы 3 пен 6 жастағы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамти алдық. Осындай көрсеткішке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қол жеткіздік. Бірақ Мемлекет басшысы мәселе ретінде көтергендей, екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан көбі ғана балабақшаға барады. Сөзсіз, мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Сол себепті де Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуді тапсырды. Мемлекеттің мүддесі бәрімізге ортақ міндетке айналады. Әрине, ел көлемінде осы мәселені шешу үшін кәсіпкерлік тарапынан да жанашырлық пен қолдау қажет.
Кез келген саланың дамуы ондағы кадрлардың кәсібилігіне тікелей тәуелді. Балаларды 2 жастан бастап толығымен мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіп, балабақшаларды көптеп ашуға қол жеткізерміз. Дегенмен салаға білікті кадрлар тартпайынша, жүйені лайықты жетілдіру қиынға соғады. Мәселенің осындай екінші жағын да ескерген Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керегін, осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс екенін айтып, олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн болатынын жеткізді.
Бүгінде елімізде «Екі тәрбиеші» жобасы қолға алынуда. Енді осы жоба енгізілсе, бір топта 2 тәрбиеші күні бойы жұмыс істейді. Мұндай жүйе тәрбиешілердің жұмыс жүктемесін азайтады әрі топтағы әр балаға көбірек көңіл бөлуге жағдай жасайды. Ал тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесі артып, жалақысы өссе, кәсіби кадрлар көптеп тартылады. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде ғана мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасы артады.
Әлбетте, Президенттің балабақшалар мен тәрбиешілерге назар аударғаны ерекше қуантады. Өскелең ұрпақтың қамын ойлаған ел ғана кемел келешекке қадам басады.
Айгерім ШАХАБАЕВА, №14 «Жарқынай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі